Пікір • 03 Қазан, 2022

Өңірге ерекше мән беріледі

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артқан. 77 мың адамға арналған көпқабатты үйлер салынды. Сонымен қатар шаһар жасыл желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған. Тұрғындарды ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады.

Өңірге ерекше мән беріледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңірі жұртшылығымен кездесуінде жұмыс сапарының негізгі мақсаты облыстағы ахуалмен танысу екенін айтып, осындай деректерді келтірді. Иә, 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келген. Кейінгі үш жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен. Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ Түркістан облысында экономиканың негізгі көрсеткіші – жалпы өңірлік өнеркәсіп өнімінің көлемі биылғы 8 айда 534 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125 млрд теңгеге өскен. Өңірдің өнеркәсіп әлеуетін дамыту мақсатында жалпы құны 12 млрд 700 млн теңгеге 26 инвестициялық жоба іске қосылып, 936 жұмыс орны ашылды. Облыс үшін маңызды ірі жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, каустикалық сода, ПВХ, карбид кальций, цемент өндіретін, 5 класты мотор майы мен мұнай өнімдерін өндіретін және фосфорит өңдеу зауыты іске қосылады. Бұл жұмыстар мемлекеттік қолдау нәтижесінде жүзеге асырылып отыр.

Өңір жұртшылығымен кездесуінде Президент Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті. «Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті», деді Президент.

Мемлекет басшысының әр сапарынан жағымды жаңалық, оң өзгеріс күтетін жұртшылық қастерлі мекенге бас иіп, ата-бабадан келе жатқан аманатқа деген құрметін де жоғары бағалап отыр. Ең әуелі қазақтың ілгеріде дүниеден өткен игі жақсыларының жамбасы тиген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат еткен өнегелі қадамында да терең мағына жатыр.

 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы