21 Мамыр, 2014

Отаншыл рухтың ақыны

544 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Жаркен-БодешБүгінде біреу біліп, біреу білмес. Өткен ғасырда Сәлімғазы Әбеев деген ақын өтті. Бізден үш-төрт жас үлкендігі бар еді. Баяғы Көктұма сиязында Абаймен сөз жарыстырған атақты – әрі би, әрі шешен Отыншының үрім-бұтағы. Қырғи тілді, қырыпсалма ақын еді, марқұм. Өлеңдерін баспасөзде жариялағаны болмаса, пышақтың қырындай кітабын да шығара алмай, өмірден ерте кетті. Бұл күнде қара танитын қалың қазаққа мәшһүр Жәркен ақынның – Жәркен жыраудың атын осыдан қырық жыл бұрын сол Сәлімғазыдан естіген едім. «Көкшетаудан бір керемет ақын келіпті, өлеңдері бірінен-бірі өтеді, өзі құрылысшылар жатақханасында менімен бірге тұрады» деді Сәлімғазы, біздің үйде қонақта отырып. Мен елең еттім де қойдым. Арада ай өтпей бұрынғы «Лениншіл жас» газетінің бетінде Жәркеннің «Көгілдір әлем ішінде» атты өлеңі жарқ ете қалды. Өлеңді оқыған сәтте Сәлімғазының манағы «керемет ақын» деген сөзіне анық көзім жетті. Көкшенің көркем табиғатындай түрлене құлпырып төгіліп түскен, кестелі де келісті жырдың жан дүниемді ерекше бір ыстық сезімге бөлегені әлі есімде. Мені Сәлімғазыдан гөрі Жәркенмен шынайы таныстырған да, табыстырған да осы өлең еді. Көкшетаудың ғана емес, Жәркеннің де көркемдік бояуы көзді арбаған, сырлы да нұрлы, құпиясы мол көгілдір әлеміне оқырман көңілін ынтықтыра түскен осы өлең оның ақындық төлқұжаты десек те болады. Шөп шыққан жеріне шығады. Киелі Көкше жерінен кезінде кім шықпаған! Ән мен жырдың Арқаға туын тіккен Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтарды айтсақ та жеткілікті. Дей тұрсақта, тыңға түскен қалың түреннен топырағы тозып, іргеден үңгіп, төбеден төнген қилы тауқыметтен қайран туған тілдің сүті сұйылып, қаймағы бұзылып, өксіген өңірден Жәркендей туасы қасқа, тұрпаты басқа ақын қалай шыға қалды екен деп әу басында көңіліме күдік ұялағаны рас еді. Ойым алдамапты. Сөйт­сем, Көкшетауға Жәркен Алланың әмірі­мен қоса заманның зәбірінен жапа шегіп барған көрінеді. Жәркеннің туған жерінен, өскен ортасынан, әке-шешесінен, аға-бауырларынан еріксіз бөлініп, ақ қар, көк мұзда ақ боранмен алысып, аш бөрімен айқасып, тау асып, тау басып, атажұртын адаспай тапқан ауыр азабын көлденең жұрт біле бермейді. Қазір оны тәптіштеп, таратып айтып жатудың қажеті де шамалы. Жәркеннің Қытайда қиындық пен қыспаққа түсіп, өрт шарпыған өмірін, күрмеуі қиын күрделі тағдырын шын түсінгісі келген адам алдымен оның өкініш пен сағынышқа толы өлеңдерінің тарихи тамырына терең бойлай алуы керек. «Текеге теңдеп теңдерін, Қошқарға артып қоржынын, Алтайдың асып белдерін, Тағдырдың көріп қорлығын – Рулы ел тұтас ауғанда, Ұлардай малын шулатып. Қайыңның безін сауғанда, Аңызақ ернін құрғатып. Көш бастаған Мауқара, Қарайды басып артына. Жан баспаған тау, дала, Кезіккен екен қартыңа». Иә, алыс қалған аласапыран заманда Мауқара бабасы көш бастап барып қорда салып, қоныс қылған: «Жусаны бітік сайлары, Сеңсеңнен тіккен тұлыптай. Үйірге түскен сайғағы, Үйіріліп жауған бұлттай», – Жәйір тау­дан енді Жәркен табан аударып, жылап қоштасқан уақытқа куә болып отырмыз. Құдіреттің мына кереметін қараңызшы: «Май бетеге, бұйырғын, Тон тоздырмас, ат арып. Қайтейін, жатқа бұйырдың, Қайран, Жәйір – атажұрт!» – деп, ащы зары жиырмасыншы ғасырдан жиырма бірінші ғасырға ауысқан Жәркен аңыраса; Балығы тайдай тулаған, Бақасы қойдай шулаған, Шырмауығы шөккен түйе таптырмас, Балығы көлге жылқы жаптырмас, Қайран менің Еділім, Мен салмадым, сен салдың, Қайырлы болсын сіздерге, Менен қалған мынау Еділ жұрт!» – деп сонау он бесінші ғасырдан Қазтуған күңіренеді. Екеуінің де заманы басқа демесең, зары бір. Жәркеннің сөз саптауы да, сарыны да Қазтуған бабасынан аумайды. Тап бір Қазтуғанның саптаяғынан сарқыт ішкен секілді. Осыдан кейін Жәркенді қалай «Жәркен жырау» демейсің. Көз жіберіп қарасақ, ошағының оты өшпеген қазақтың құлазыған жұртын тас­тап үдере көшпеген кезі жоқ екен. Есте жоқ ескі замандардан басталып, Қазтуғанға жеткен, одан бері желі тартып, «Ақ табан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұласқан, одан бері құлдилап, Мауқара бабасынан Жәркенге жалғасқан... Жәркен – бесігін жыр тербеген, жүрегін мұң тербеген ақын. Жәйір таудың төсінде көзін ашып, табаны қара жерді басқаннан бергі көргені – халық басына түскен қиыншылық пен қиянат. Ол зорлық пен зомбылықты көре жүріп, көндіге жүріп, ата-бабаларының асыл сөзіне ұйып өсті, өзінен бұрынғылардың зар-мұңын көкірек аясына құйып өсті. Талайдың ініне су құйып, тұқымын тұздай құртқан империялық сұрқия саясат алдыңғы ағалары Таңжарық пен Омарғазылар киген кепті Жәркенге де жастай кидірді, қиянат отына күйдірді. Оны ажал тырнағынан алып қалған алыс­тан – атамекен төрінен жылтыраған үміт шамының сәулесі ғана еді. Сол үміт шамының сәулесінің жетегімен атамекен құшағына аман-есен оралған Жәркеннің жырдағы бақ жұлдызы бірден жарқырап жанды. Қапастан босаған бұлбұлдай сайрады, көктем шуағынан қуат алған гүлдей жайнады. «Жоңғария ойпатынан – өлі құм, Сарыарқаға дейін жортқан бөрімін. Төрт құбыласы тұрған темір құрсауда, Анау шығыс Түркістанда тусам да, Атажұртқа жетті менің өмірім. Самай шашы қудай болған қарт ана, Жер жете ме салқын Сарыарқаға. Еменімді осында әкеп егермін, Кіндік қаным өзге жұртқа тамса да», – деп көсіле жырлады, шешіле жырлады, емірене жырлады, тебірене жырлады. Өз тағдырын тілге тиек ете отырып, туған елінің тұтас тағдырын кең толғайтын халық ақынына айнала білді. Жәркен үшін әлемдегі бар қазақ – бір қазақ. Сондықтан да оның қасірет-қайғысы да, қуаныш-шаттығы да, арман-мұраты да байтақ ұлтқа ортақ. Жәркен сол үшін күйінеді, сол үшін сүйінеді. Сүйінген сәтінде көк аспаны мөлдіреп, көк байрағы желбіреп тұрған, бостандық шуағына бөленген байтақ елінің иіген уызына жариды, күйінген сәтінде қақ жарылған тағдырына налиды, жүрегін ызғар қариды. Қайыр жоқ қу тағдырға жауыққаннан, Шындықтың бетін бірақ жауып қалман. Несіне жасырайын, Жәйір саған, Әкем де осы Арқадан ауып барған. Семірген жан емеспін суға, Мәңгілік серік болмас жан – ашуға. Бір әулет күні бүгін сандалып жүр, Жәйір мен Сарыарқаның арасында, – дейді. Айтқанының бәрі айдай анық. Өйткені, Жәркен өмірде де, өлеңде де жалған сөйлеп көрген емес. Қайсы тақырыпты жырласа да жеріне жеткізе, жеті ықылымнан өткізе жырлайды. Құдай берген дарқан дарын, қуатты ой, өткір тіл алып та жығады, шалып та жығады. Тіл демекші, Жәркеннің қазіргі оқырман көптен көз жазып қалған, қара өлеңнің қара сабасынан құйылған қымыздай, көктемгі алғашқы уыздай, өлі сөзге жан бітіретін қордалы да құнарлы тілі бүгінгі поэзияға қазақы мінез, қазақы қисын, қазақы ою-өрнекті, жыраулық сарынды қайта әкелген ақжолтай тіл болды. Сондықтан да оның өлеңдері сұлудың бұрымындай әсем, қамшының өріміндей әдемі өріледі, қолтаңбасы өзгелерден дара, айналасына айшықты көрінеді. Жәркен – қаншама өлеңдер мен поэмалардан тұратын жиырмаға тарта кітаптың авторы, республикалық жыр мүшәйраларында талай рет топ жарған, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Түркітілдес елдер поэ­зиясы II фестивалінің лауреаты Жәркен ақын өлеңнен-өлеңге, кітаптан-кітапқа көшкен сайын тосын бұрылыстар, көркем құбылыстар жасап, тереңнен толғайды, алыстан қозғайды, көкірегі қобыздай боздайды. Әсіресе, ақын жүрегі тәуелсіз елінің бүгінгі бақытына қуана лүпілдеп, ертеңгі болашағына да алаңдап аласұрады. Сол шақта: Көкіректегі оттай ыстық жүректі, Бір жапырақ тірі етті – Соқпаса ұлтым деп, жұртым деп, Лақтырдым итіме есігімді күзеткен, Итім артық емес пе ондай мәңгүрт жүректен! – дейді. Бұлай деп Отаншыл рухтың ақыны ғана айта алады. Міне, ақын арманының алтын қазығы – ел бірлігі, ұлт мүддесі, Мемлекет мұраты. Зады, өмір де, өнер де – күрес. Өресі биік, зердесі тұнық, таза жүректі таланттар ғана уақытпен үзеңгі қағыстыра, тағдырмен тайталаса жүріп, өміршең өнер тудыра алады. Оның бірден-бір үлгісі – Абай. Асанқайғыдан – Абайға дейін, одан кейін де талай ойшылдар өткен. Барлығы да Асанша қайғырып, Абайша тебіренген, Абайша күңіренген. Себебі, ұлылардың қам-қайғысы да – ұлы! Солардан ұшқын алған Жәркен де: «Іш-сыртымды көрсетер Абай – алтын шарайнам, Шарайнасыз күркеден көңілім бек қарайған. Айырылсам да әкемнен, Айырылсам да шешемнен, Айырылсам да бауырдан, Айырылмаймын өлеңнен, Айырылмаймын Абайдан!». – дейді ақындық сүйегіне біткен жампоз Жәркен, ағынан жарылып. Иін қандырып айтқан сөзге иланбасқа болмайды. Бұл жалғанда Абайдай алып еменнің бүрлеген бүршігі болғанға не жетсін?! Шын ақынға бұдан асқан бақыт жоқ... Жазбасаң бұл өлеңді аш қалардай, Уа, Жәке, жүгірмейсің басқалардай. Сарқыты жыраулардың жалғыз өзің, Әр сөзің алынбайтын тас қамалдай.   Жасаурап екі көзің тостағандай, Жаныңды қырау шала бастағандай. Көрінер топқа түссең күндік жерден, Сендегі жырға біткен қасқа маңдай.   Ақынның бағы да өлең, соры да өлең, Тағдырдың өзі жазған қолыменен. Тарта бер, адамзатты адастырмас, Абайдың салып кеткен жолыменен!.. Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.