Қаржы полициясы Жақсы аудандық білім бөлімінің әдіскері Қасенова мен осы аудан тұрғыны Мырзабаеваға қатысты жаға ұстатар қылмыстың бетін ашып, оны соттың қарауына жолдады.
Тергеу барысында жоғарыдағы қос азаматша көлденең ақша табудың айрықша тәсілін жүзеге асырғандығы анықталды. Яғни, тәрбие ошағының әдіскері Қасенова өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, 2013 жылдың маусымы мен 2014 жылдың ақпаны аралығында ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға қамқоршы ретінде бюджеттен берілетін 650 мың теңгені қымқырған.
Мәселенің шынайы төркіні былайша өрбіген екен. Мырзабаева өзінің балаларынан бас тарту жөнінде жалған құжат ресімдегеннен кейін, өзінің анасының атына балаларына қамқоршы ретінде қосымша құжаттарды тіркетеді. Ал, анасы өкімет қаржысын ай сайын алып, қызына беріп отырған. Өз кезегінде, Мырзабаева келісім бойынша бұл ақшаны Қасеноваға тапсырып келген.
Аярлыққа құрылған «қамқорлықтың» құйрығы бір тұтам деген осы.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Жақсы ауданы.