21 Мамыр, 2014

Ресей елшісі – Маңғыстауда

277 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников іссапармен Маңғыстау облысында болды. Бұл оның соңғы бес жылда киелі өлкеге екінші рет қадам басуы екен. 028Көрші Ресей елімен қарым-қатынас достық бағытта жалғасып келеді. Беларусь елімен бірге Қазақстан және Ресей елдері Еуразиялық экономикалық одақ шартына қол қою табалдырығында тұр. Бұл келешекте жасар жұмыс­тардың бағытын саралап, өзара түсіністік пен келісссөздер аясын кеңейту тұрғысында жүзеге асады. Маңғыстауға сапарында аймақ басшылығымен Қазақстан мен Ресей елдері арасындағы өзара ынтымақтастық пен оның келешегі, екіжақты әріптестік мәселесі талқы­ланды, экономикалық бай­ла­ныстағы Маңғыстау облысы­ның маңызы жан-жақты әңгіме­ленді. Мұнай саласы, қара алтын өндірудің үлесін көбейту тәсілдері сөз болған кездесуде М.Бочарников екіжақты байланысты аймақтың табиғи дамуы мен көлік-логистикалық орталығы жоспарларын дамытуға байланысты да өрбітуге болатындығын жеткізді. Елші Каспий жағалауындағы бес мемлекет арасында тиімді келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтып, күз айларының бірінде Атырау қаласында бес мемлекет президенттерінің қатысуымен өте­тін саммит көрші елдер ара­сын­дағы ынтымақтың одан әрі арта түсуіне сеп болатындығын айтты. Маңғыстау облысының әкімі А.Айдар­баевтың қабылдауында осы мәселелер төңірегінде сөз өрбіткен елші Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршинмен де кез­десті. Кездесуге Ресейдің Орал қаласындағы бас консулы Саид Забитов қатысты. Ақтау қаласы бірнеше алыс-жақын қалалармен достық, бауырластық қарым-қатынас орнатуға талпынып, осы бағытта біраз әріптестер тауып үлгерген, олармен әлеуметтік тұрғыда жақ­сы қатынас қалыптастыра алған қала. Қала басшысы кездесуде Ақтау қаласы, оның әлеу­меттік-экономикалық жағдайы мен көлік-логистикалық әле­у­еті, даму перспективасы, әлеу­меттік нысандардың құ­ры­лысы, коммуналдық шаруа­шылығындағы өзекті мәсе­ле­лерді шешудегі алынған нақты шаралар, көгалдандыру бағытындағы жұмыстармен, енгізілген жаңа технология­лармен таныстырып, Ақтау жуырда ғана мүшелігіне өткен «Біріккен қалалар және жергілікті билік» Бүкіләлемдік ұйымы туралы баяндады. Ұйым шеңберінде биыл тамыз айында Ақтау қаласында өткізілуі жоспарланған «Еуразия қала­ларының әлемдік мұрасы» VII халықаралық конференциясы жөнінде айтып, көрші елдің елшісінен қалалар арасындағы бауырластық қатынастардың тарихи негізін қалаушысы әрі бұл бағыттағы тәжірибесі мол Волгоград қаласымен Ақтаудың бауырластық қатынасын ор­натуға ықпал етуін сұрады, сондай-ақ М.Бочарниковтың құрғақ өңірде халықты сумен, жылумен және электр энергиясымен қамту туралы сұрағына жауап берілді. Сапар соңында Михаил Бочарников Ресей-Қазақстан арасындағы әріптестік қатынас­тары жайында сөз қозғай келе, Ақтау қаласында Ресей мемле­кетінің консулдық өкілдігін ашу жөнінде мәселенің өзектілігін алға тартты. – Қазіргі таңда Қазақстанның батыс аймағында Ресейдің консулдығы бар. Алайда, екіжақты қатынастардың нық екенін ескере отырып, қазірге теория негізінде Маңғыстау өңірінде консулдық өкілдіктің болғанын құп санаймыз. Ақтау қаласы жан-жақты даму қарқынымен, тартымды ин­вестициялық әлеуетімен Қазақстандағы қалалардың алдың­ғы сапында келеді. Біз екі ел мен оның қалаларының достығы үшін қуанамыз. Өндірісті Маңғыстау өңірі ресейлік кәсіпкерлердің қызығушылығына ие, болашақта әріптестік байланыстарымыз дами береді деп сенемін, – деді ол. Қазақтың қанында бар қасиет қой, достық теңізінің жағасындағы маңғаз Маңғыстау, ақмаржан Ақтау достық пейілден ешқашан бас тартқан емес. Дос боламын дегенге қашанда көңілі дарқан, төрі кең. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АҚТАУ.