Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Бала құқығы – бірінші орында
Биыл 12 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді. Заң 30-дан астам заңнамалық актіге өзгерістерді қамтиды. Заңның бірінші блогі сақтандыру секторын одан әрі кешенді дамытуға бағытталған.
Агенттіктің хабарлауынша, соңғы бес жылда сақтандыру нарығы тұрақты өсіп келеді. Былтыр саланың екі негізгі көрсеткіші айтарлықтай өсім көрсетті: сақтандыру сыйлықақысы 37 пайызға, төлем қабілеті 7 пайызға артқан. Агенттік төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның айтуынша, нарықтың өсуі ерікті жеке және ерікті мүліктік сақтандыру сияқты ерікті сақтандыру түрлерінің дамуымен байланысты. Бұл ретте сақтандыру нарығының әлеуеті, бірінші кезекте, өмірді жинақтаушы сақтандырудың жаңа әлеуметтік бағдарланған өнімдерін енгізу, сақтандыру қызметтерін одан әрі цифрландыру, сондай-ақ осы қызметтердің тұтынушыларын қорғауды қамтамасыз ету есебінен ауқымды болып отыр.
«Заңда көзделген өмірді сақтандырудың жаңа әлеуметтік маңызды өнімдерінің бірі – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) шеңберіндегі білім беру жинақтау сақтандыру өнімі. «Банк депозитінен ерекшелігі, бұл өнім қосымша сақтандыру қорғауын ұсынады. Ата-анасы қайтыс болған немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда сақтандыру шарты бойынша жинақталған сомаға қарамастан оқу құны төленеді», деп атап өтті М.Хаджиева.
Бұдан басқа Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры (СТКҚ) төлемдердің толық сомасына кепілдік береді, ал банк салымы бойынша кепілдік 10 млн теңгеден аспайтын соманы жабады.
2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша МБЖЖ бағдарламасына 4 банк қатысады және жалпы сомасы шамамен 33,5 млрд теңгеге барлығы 22 мың депозит ашылды. Өмірді сақтандыру бойынша компаниялардың МБЖЖ-ға қатысуы осы өнімді сатудың балама арнасын құруға және осы жүйенің халық арасындағы танымалдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Зейнетақы аннуитеті
Заңның тағы бір жаңалығы – бірлескен (ерлі-зайыпты) зейнетақы аннуитетін енгізу. Ол ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге және олардың әрқайсысына жеке кесте бойынша өмір бойы төлемдер белгілеуге мүмкіндік береді. Мысалы, ерлі-зайыптылардың, 55 жастағы күйеуі мен әйелінің 11,6 млн теңге және 5 млн теңге мөлшерінде зейнетақы жинақтары бар делік.
«Бұл ретте күйеуі үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайыз мөлшеріндегі ай сайынғы төлеммен зейнетақы аннуитетінің ең төмен құны 7,4 млн теңгені, әйелі үшін 9,2 млн теңгені құрайды. Тиісінше, әйелдің жинақ сомасы жеке зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін жеткіліксіз. Жинақтарды біріктіріп және бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасай отырып, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өмір бойы төлемдер ала алады. Бірлескен зейнетақы аннуитеттерін енгізу азаматтардың жинақ бастамаларын арттыруға және зейнеткерлікке шыққан кезде оларға қосымша жинақтарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл опцияны 1 млн-ға жуық адам пайдалана алады», деді М.Хаджиева.
Айта кетейік, дамыған елдерде зейнетақы аннуитеті шарттары зейнетақы жүйесінің ажырамас бөлігі саналады. Скандинавия елдерінде (Дания, Швеция, Норвегия) бірлескен аннуитеттер ерікті өнімдер болса, Латын Америкасы елдерінде (Чили, Мексика, Аргентина) бірлескен аннуитеттер міндетті сипатқа ие.
Төлемге кепілдік бар
Заңда cақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінде де елеулі өзгерістер көзделген. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры кепілдік беретін сақтандыру сыныптарының тізбесі кеңейтіледі. Кепілдік беру жүйесі сақтандырудың барлық міндетті және әлеуметтік маңызды сыныптарына, оның ішінде МБЖЖ шеңберінде жасалатын жаңа өнімдерге – бірлескен зейнетақы аннуитеттеріне және өмірді сақтандыру шарттарына қолданылады. Сондай-ақ тұтынушылардың сақтандыру төлемін алуды күту кезеңі айтарлықтай қысқарады. Қазіргі уақытта тұтынушылар СТКҚ-дан төлемдерді алу үшін ұзақ уақытты қажет ететін сот шешімін күтуі керек. Ал жаңа жүйе бойынша тұтынушылар сақтандыру ұйымын тарату туралы сот шешімін күтпей, лицензиясынан айырылғаннан кейін төлемдерді бірден ала алады.
Сақтандыру төлемдерінің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында таратылатын сақтандыру ұйымының сақтандыру портфелін беру СТКҚ-ның қаражаты есебінен жүзеге асырылады. «Қабылданған заңнамалық бастамалар кепілдік төлемдерді алу процесін оңтайландыруға әрі жеделдетуге және халықтың сақтандыруға сенімін арттыруға бағытталған», деп атап өтті М.Хаджиева.
Цифрландыруға бағытталған
Түзетулердің елеулі блогі секторды цифрландыруға бағытталған. Заңда міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру жағдайын онлайн реттеуді енгізу көзделген. Қазір автокөлік иелері сақтандыру ұйымының кеңсесіне бармай-ақ, автосақтандыруды онлайн режімде сатып алу мүмкіндігіне ие. 2020 жылы міндетті автосақтандыру шарттарының 100 пайызы электронды нысанда жасалды. Сондай-ақ мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалана отырып, шығынды бағалауды автоматтандыру жолымен міндетті автосақтандыруда автокөлікке келтірілген шығынды бағалау жүйесін жетілдіру ұсынылады.
Заңда міндетті автосақтандыру бойынша икемді тарифтеу тетігін енгізу көзделген – икемді тарифтеу жүйесіне көшу, яғни тарифтер әр аймақтағы жол апаты деңгейін ескере отырып, жыл сайын жаңартылады. Икемді тарифтеу тетігі, сондай-ақ жүргізушілердің көлікті жүргізу сипатының тарихи деректеріне сүйене отырып, қазіргі жеңілдіктер мен үстемеақылар жүйесін жыл сайын өзектендіріледі. Сонымен қатар «Еурохаттама» жүйесі енгізілмек.
«Жол-көлік оқиғасының белгілі бір талаптары сақталған жағдайда, қатысушылар полиция қызметкерлерін тартпай дербес ресімдейді және ЖКО-ның кінәлі тарапын анықтау үшін сот шешімі талап етілмейді», деді агенттік төрағасының орынбасары.
Қор нарығы қоңдана түседі
Заңнамалық бастамалардың екінші блогі қазақстандық қор нарығын одан әрі дамытуға бағытталған. Заңның бағалы қағаздар нарығы бөлігіндегі негізгі бастамалары – қор нарығында инвесторлардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту; кәсіпкерлік субъектілері үшін қолжетімді қаржы құралдарының желісін кеңейту; эмитенттердің қор нарығына шығуын ынталандыру; бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларын реттеу мен қадағалау тәсілдерін қайта қарау.
2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша саны 404 мың адамға жеткен инвесторлар базасы өсімінің қарқынын ескере отырып, оларды қорғауды қамтамасыз ету үшін қазақстандық брокерлер үшін қаржы құралдарын сатып алу алдында клиент – жеке тұлғаның біліктілігі мен инвестициялық бейінін бағалау туралы талап енгізіледі.
«Брокерлердің білікті деп танылған клиенттері кез келген қаржы құралдарын, оның ішінде тәуекелі жоғары құралдарды сатып ала алады. Бұл инвестициялаудың әлеуетті бағыттарының шеңберін айтарлықтай кеңейтеді», деп атап өтті қаржы реттеушісінің өкілі.
Білікті инвесторлар болып саналмайтын жеке тұлғалар тәуекелдің ең төменгі деңгейімен консервативті қаржы құралдарын сатып ала алады. Бұл ретте осы шектеу қандай да бір инвестициялармен байланысты тәуекелдерді дербес айқындай алатын заңды тұлғаларға қолданылмайды. Қор нарығында инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту жөніндегі қосымша шара ретінде реттеу аясына инвестициялық консультация беру қызметтерін көрсететін субъектілер енгізілді. Мұндай қызметтерді тек лицензиясы бар брокерлер мен дилерлер ғана көрсете алады. Олар инвестициялық консультация беру бойынша өз клиенттеріне ұсынатын қызмет сапасы үшін жауап береді.
Инвесторлар, өз кезегінде, дұрыс емес инвестициялық консультация беру нәтижесінде туындаған зиянның өтелуін сот тәртібімен талап ете алады.
Кәсіпкерлер үшін қолжетімді қаржы құралдарының желісін кеңейту шеңберінде бағалы қағаздардың мынадай бірқатар жаңа түрін енгізу көзделген: шығарылымы акционерлік капиталды ұлғайту қажеттілігінсіз ұзақ мерзімді қаржыландыруды тартуға мүмкіндік беретін, өтеу мерзімі жоқ облигациялар және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ESG құралдары (орнықты даму құралдары), бұл – «жасыл» облигациялар, әлеуметтік облигациялар, орнықты даму облигациялары және орнықты дамуға байланысты облигациялар.
«Барлық ұсынылған бастама сақтандыру нарығының және бағалы қағаздар нарығының айтарлықтай дамуына ықпал етеді, нәтижесінде бұл елдің қор нарығы мен экономикасының жалпы дамуына оң әсер етеді», деп қорытындылады М.Хаджиева.