Аймақтар • 03 Қазан, 2022

«Үздік маман-2022» жеңімпаздары марапатталды

631 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«QazaqGaz» ҰК» АҚ құрамына кіретін «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның жыл сайын дәстүрге айналған «Үздік маман-2022» деп аталатын газ саласы мамандарының кәсіби шеберлігін байқайтын конкурсы да өз мәресіне жетті. «Интергаз Орталық Азия» АҚ Оқу-курстық комбинаты филиалының Шымкент қаласының іргесіндегі Ақбұлақ ауылында орналасқан оқу алаңында өткен жарыстың жеңімпаздары алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Үздік маман-2022» жеңімпаздары марапатталды

Екі күнге созылған байқауды өткізудегі негізгі мақсат – кәсіби дағдыны жетілдіру, еңбектің озық әдістері мен тәсілдерін тәжірибеде сынап, мамандар арасында тарату. Сонымен бірге газ тасымалдау жүйесінің апатсыз, жоғары өнімді жұмысын және жоғары тех­ни­ка­лық мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін қызметкерлерді соған мо­раль­ды және материалды тұрғыда да­йындау, олардың мүдделерін ескеру болып табылады. Іс-шара «QazaqGaz» ҰК» АҚ Ғылыми-техникалық орталығының Оқу полигоны базасында ұйымдастырылды. Байқауға алдымен ИОА өндірістік филиалдарында іріктеудің бірінші турынан сүрінбей өтіп, үздік нәтиже көрсеткен 105 маман қатысты.

Бай­қаудың екінші финалдық туры 15 конкурстық мамандық бойынша практикалық тапсырмалар орындаумен қорытындыланды. Мәселен олардың қатарында электр газбен дәнекерлеуші, жерасты газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесарі, электр жабдықтарын жөн­деу және қызмет көрсету, электр монтері сынды мамандықтар бар. Конкурстық комиссия байқауға қатысушының өндірістік алаңда орындаған жұмысының сапасын, еңбектің ұтымды және қауіп­сіз тәсілдерін қолдануды, қатысу­шы­ның өндірістік дербестік дәрежесін, тапсырманы орындауға жұмсалған нақты уақытты, сондай-ақ алғашқы меди­циналық көмек көрсету дағды­ла­­рын бағалады.

«Бүгінде газ саласы еліміздің индустриялық-инновациялық да­муы­на және ұлттық экономикасына зор үлесін қосуда. Сондықтан оның кадрлық әлеуетін дамыту өте маңызды іс болып саналады. Ендеше бүгінгідей ауқымды кәсіби жарыс­ты ұйымдастыру – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Алғаш рет қолға алынған уақыттан бері бұл байқау кәсіби өсудің қуатты стимулына айналып үлгерді. Және бүгінде  озық еңбек тәжірибелерімен ал­ма­­су­дың тамаша алаңы саналады. Өз кезегінде «QazaqGaz» ұлттық ком­паниясы қызметкерлерінің әр­қай­сысы өзін маман әрі жеке тұл­ға ретінде сезініп, сол мақсатқа қол жеткізуі үшін бар жағдай мен мүм­кіндікті қарастырады. Бұл ретте біз өндіріске, қауіпсіз еңбек жағдайларын ұйымдастыруға, қыз­мет­­керлеріміздің кәсіби деңгейі мен өмір сүру сапасын арттыруға елеулі инвестициялар салудамыз.

Айталық, газ саласындағы құзы­рет­тер орталығы – «QazaqGaz ҒТО» ғылыми-техникалық орталы­ғын құрдық. Ендігі жерде ол Қазақ­стан­ның және шетелдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарын, халықаралық газ компанияларын ынтымақтастықта жұмыс істеуге шақырып отыр.

Әлбетте, бұл бағытта бүгінде белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Себебі жақсы оқытылған және жоғары білікті қызметкерлер ком­панияның сәтті дамуы үшін қуатты негіз болып саналады»,  деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төра­ғасының орынбасары Мейірбек Ихсанов байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген құттықтау сөзінде.

Ұлттық компания өкілінің мә­лім­­деуінше, газ саласын үнемі дамытып, жетілдіріп отыру ең бас­ты стратегиялық міндет болып са­­налады. Ал оны жүзеге асыру бі­лік­ті мамандарсыз мүмкін емес. Сондықтан, мұндай конкурстар ұлт­тық компанияның кадр мә­се­­лесі бо­йынша жылдан-жылға әле­уе­тін өсі­ріп отыруға кең жол ашады. Өйткені кез келген мекеменің табыстылығы оның мамандарының біліктілігіне тікелей байланысты. Осы орайда «Үздік маман» конкурсы «Интергаз Орталық Азия» АҚ жұмысшыларының жыл са­йын асыға күтетін, мүмкіндігінше қа­ты­суға талпынатын іс-шарасына ай­налған.

Газ саласында тер төгіп жүрген мамандардың арасындағы бұл жарыс жыл сайын өткізіліп келетінін және осы күнде ол тұрақты әрі дәстүрлі байқауға айналғанын айтады газ саласы бойынша Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерқанат Темірханов. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ат арытып келетін мамандар осында өздерінің біліктіліктерін көрсетіп, көптің ортасында бәйгеге түседі. Жарыстың нәтижесінде қатысушылар түрлі сыйлықтармен марапатталып, қомақты жүлдеге қол жеткізіп жатады. Ал бәрінен бұрын ең маңыздысы – ол байқаудан жинайтын мол тәжірибені арттыру, танысып-білісу және ұжымының, достарының алдында абырой, сыйға ие болу.

– Жалпы, мамандардың білікті болуы еліміздің газ саласындағы кәсіби деңгейдің артуына зор үлес қосады. Сол арқылы осы саладағы кәсіби шеберлік айқындалады десек, қателеспейміз. Уақыт бір орында тұрмайды. Жылдан-жылға технологиялар өзгеріп тұрады. Сол үшін де «Интергаз Орталық Азияның» оқу алаңында газ тарату мен газбен жабдықтаудың ең озық технологияларының үлгілері байқауға қатысушыларға жыл сайын таныстырылып отырады. Өйткені жұмыскерлер әрдайым барлық ситуацияға дайын болуы керек. Мәселен, оқыс жағдай орын алған уақытта тез шешім қабылдап, аз уақыт ішінде ақауды жоюы қажет. Талап бойынша «көгілдір отын» клиенттерге тоқтаусыз берілуге тиіс. Ал газ таратуда іркілістің болмауын қамтамасыз ететін мамандардың қай кезде де біліктілігі мен тәжірибелік шеберлігі жоғары деңгейде тұруы керек. Сондықтан байқаудың жұ­мыс­­керлердің кәсіби деңгейін шың­дау­ға, тәжірибелерін арттыруға берері мол. Әрі бұл конкурсты тек қа­рапайым жарыс қана емес, сонымен бірге кеңесетін, жаңа шешімдер қа­былдайтын, алдағы жоспарларды ай­қындайтын алаң деп те қарау керек. Заман талабына сай қазір барлық стандарттар мен ережелер өзгеріп жатыр. Мәселен, қауіпсіздікке байланысты жұмыскерлердің киім­ фор­масы жаңа үлгіге көшті. Осы­ған орай әлемдік стандартқа сай қазақстандық мамандардың да кә­сіби киім үлгісі жаңаруда. Бұл да болса үлкен жетістік. Өз ретінде осында конкурсқа қатысып, біраз тәжірибе жинақтап, көрген-білген жаңалықтарын санасына түйіп үлгерген мамандар елге оралған соң өздері де әріптестеріне көп нәрсе үйретіп, тәжірибесімен бөлісетін болады. Себебі оқу алаңындағы барлық құрал-жабдықтар мен технологиялар мамандар күнделікті жұмыста көріп жүрген шынайы жағдайдың дәлме-дәл көшірмесі. Сондықтан бұл байқау әрі қатысушылар үшін шеберлігін анықтайтын сынақ болса, екіншіден, басшылық үшін де саладағы жалпы жағдайды сырт­­тан бақылап көруге, бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстардың нәтижелерін екшейтін емтихан. Бір қуанарлығы, байқау арқылы жұмысшылардың деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. Соның бір айғағы, халықаралық деңгейдегі осындай конкурстың бірінде біздің газбен, электрмен дәнекерлеуші мамандарымыз жүлделі бірінші орынды әкеліп отыр. Жоғарыда айтқанымдай, заман көшінен қалмау – әрбір азаматтың басты міндеті. Соның ішінде газ саласында еңбек етіп жүрген кісілер де өз мамандығы бойынша бүгінгі барлық озық технологияны жақсы білуге тиіс. Біздің кезімізде құрал-жабдықтар қарапайым болса, қазір цифрлық жүйеге негізделген технологиялар өте күрделеніп кет­ті. Дегенмен кәсібі газ саласына не­гіз­делген әрбір маман бүгінгі заман технологиясын ауыр-жеңілдігіне қарамай бір кісідей білуі керек. Ал дәстүрлі байқау сол талаптың үде­сінен шығып отырған ең бас­ты әрі маңызды іс-шараның рөлін атқарады, – дейді Е.Темірханов.      

Байқауға қатысушылар байқау­дың шарттары мен тапсырмалары үнемі жетілдіріліп отыратындығын, өнер­кәсіптік қауіпсіздік және еңбек­ті қорғау ережелерін білуге қойы­латын талаптар артып келе жат­қанын және қатысушылардың да­йын­дық деңгейі жыл сайын өсіп келе жатқанын атап өтті.

– Осыдан 5 жыл бұрын аталған байқауда бірінші орын алдым. Былтыр тағы да бағымды сынап көріп, екінші орынға іліктім. Биыл да бәйгеге түсіп, қанша уақыт армандап келген бірінші орын тұғырына көтерілдім. Осы салада жұмыс істеп келе жатқаныма 12 жыл болды. Орал қаласындағы №1 кәсіптік лицейде білім алғанмын. Сосын әскери борышымды өтеп келген соң, электр газбен дәнекерлеуші болып жұмысқа орналастым. Өзіме жұмысым ұнайды. Мекеме бар­лық жағдайымызды жасап отыр. Алдымен іріктеу болып, сол сынақтан жоғары ұпай алып шықтым. Кейін финалдық байқауға қатысуға осы жерге жіберді. Осы конкурс арқылы өзімнің білікті, шебер маман екенімді дәлелдегім келді. Жарыс басталғанға дейін алдын ала дайындықта жүрдім. Оның үстіне күнделікті дәнекерлеу ісімен айналысқан соң, тәжірибе де өздігінен шыңдала береді. Жыл сайын емтихан тапсырамыз. Жаңа технологиялар пайда болып жатыр. Оларды игеру үшін де жылда біліміңді жетілдіріп, біліктілікті арттырып тұру қажет. Байқауда электр, газдан бөлек аргонмен дәнекерлеу бойынша да жарыстық. Келешекте дәнекерлеу ісінде осы тәсіл кеңінен қолданылатын болады. Дегенмен аргонмен дәнекерлеуді байқауға қатыспай тұрып меңгергенмін. Ең бастысы, осы байқау арқылы өзіме көптеген дос таптым. Өзге өңірлердің әріптестерімен екі күн бойы жақын араласып, олардан да біраз тәжірибе үйрендім. Со­ны­мен бірге «Үздік маман» конкурсы жұмысқа деген ықыласты оятып, ынтаны күшейтеді. Өйткені адам өзіне мақсат қойып, сол арманына жету үшін күндіз-түні еңбектенеді, көп оқып, алдағы жа­рыс­қа тыңғылықты дайындалады. Тағы бір айта кетерлігі, әр жылғы байқауда жаңа әдіс-тәсілдер, технологиялар пайда болып отырады. Мәселен, былтырғы конкурста тек электрмен дәнекерлеу бойынша жүлдеге талассақ, биылғы жарыс­та аргонды-доғалды дәнекерлеу ісі қосылды. Сондай-ақ биылғы байқауда бәсекелестік өте жоғары болды. Тоғыз адам бірдей жүлдеге ие болуға ұмтылды. Былтырғы жарыс­­та қатысушылар саны бұдан әлде­қайда аз еді, – деді Орал қа­ла­сынан келген электр газбен дәнекерлеу номинациясы бойынша бірінші орын алған маман Марс Ержанов.  

Бұл байқаудың есте қаларлық оқиғасы – оқу алаңында жарысқан қатысушылар бір-біріне өзара айтарлықтай өткір бәсекелестік тудыр­ды. Осы ретте байқауды ұйым­дас­тырушылар бәйгеде бақтарын сынап көрген мамандарға өз қабі­лет­терін толық ашып көрсетуге мүм­кіндік берді және жарыстың өз деңгейінде әрі әділ өтуіне ба­рын­ша қолайлы жағдай жасады. Жарыс қорытындысында конкурс жеңімпаздарына арнайы дипломдар табыс етіліп, еңбекақыларына жылдық үстемеақы белгіленді.

 

ШЫМКЕНТ