Мысалы, жетімдік мәселесін толық шешпесе де, биыл Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттіктің көмегімен 128 бала 104 отбасына орналастырылды. Бұдан бөлек, Аналар үйінің арқасында жаңа туған нәрестесінен бас тартқан шешелер 69%-ға азайды. Бұл дерек Алматыда «Аналар үйі» қоғамдық қорының өкілдері өткізген баспасөз жиынында мәлім болды. Тоғыз жыл бұрын аталған қор әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және балалар үйлерін жабу мақсатында құрылған болатын.
«Біз негізгі үш түрлі бағытта, яғни әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, балаларды отбасына орналастыру мен интернат мекемелерін трансформациялау жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Барлық өңірде «Аналар үйінің» 21 дағдарыс орталығы бар. Дағдарыс орталықтарынан пана іздеген әйелдер қорғауға алынып, аналардың 1,5 жасқа дейін балаларынан бас тартуына жол берілмейді», дейді «Аналар үйі» ҚҚ атқарушы директоры Ажаркүл Қылышбаева.
«Аналар үйі» құрылғаннан бері 5 934 әйел қордан дер кезінде атаулы әлеуметтік көмек алғандықтан балалары Балалар үйлеріне түспей, өз бауырларында қалған. Сондай-ақ Аналар үйінің жұмысы интернат мекемелеріндегі балалар санын айтарлықтай азайтты. Мысалы, 2013 жылы интернатта оқығандар саны 10 мыңнан асса, 2016 жылы 7 мыңға дейін қысқарған. Алайда бұл – еліміздегі жетімдік мәселесін толайым шешу үшін әлі де жеткіліксіз. Бұдан өзге 2016 жылы тағы бір бағыт немесе бастама – Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік іске қосылды. Бұл ұйымның міндеті – бала асырап алуға ниеттенген жандарды әке-шеше болуға кәсіби түрде даярлау, бала асырап алған отбасыларына бағдар беру, сонымен бірге қоғамда бала асырап алу мәдениетін дамыту. Бүгінде агенттік жұмысының нәтижелерін мынадан көруге болады – 14,5 мыңдай азамат кеңес алып, 1 660 бала отбасын тапқан. Агенттіктің көмегімен 128 бала өз үйін тауып, 361 алматылық бала асырап алушы ата-ана мектебінен өткен.
Осы арада тоқтала кететін жайт, 2020 жылдың 1 шілдесінде «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекске енгізілген норма күшіне енді, яғни сотта бала асырап алу рәсіміне дейін азаматтар міндетті түрде психологиялық дайындықтан өтуге тиіс. Осы дайындықтан өткені туралы сертификат бала асырап алғысы келетін жандарға қажетті құжаттар тізіміне енгізілді.
«Жауапты қадамға барып, балалар үйінен бала асырап алуға шешім қабылдағандардың барлығы міндетті түрде психологиялық даярлықтан өтуі қажет. Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттікте бұл даярлық Бала асырап алушы ата-аналар мектебінде жүргізіледі», дейді А.Қылышбаева.
Мектептің психологиялық қызмет жөніндегі үйлестірушісі Дарья Ушаева көп жағдайда жетім сәбилерге қамқоршы болғысы немесе асырап алғысы келетін азаматтар асырап алушы ата-аналар мектебінің үдесінен шыға алмай қалатынын айтады.
«Үміткерлердің шамамен 25%-ы асырап алушы ата-аналар мектебінің соңына дейін жете алмайды. Біз асырап алушы ата-аналар мектебі өз ресурстарын бағалауды, әлеуетті асырап алушылар қандай жайттарға тап келетінін түсінуді, патронат ата-ана болуды және асырап алған баланы тәрбиелеуді білу маңызды қадам екенін түсінеміз. Кейбір үміткерлер Бала асырап алушы ата-аналар мектебінен өткен кезде өздерінің бастапқы ниеті шынайы өмір шындығынан ерекшеленетінін түсініп барып шешім қабылдайды. Бірі бұл райынан қайтады, енді бірі қосымша терапиядан өтсе, тағы бірі бала асырап алудан мүлдем бас тартады. Адамдар өзінің ішкі түйсігімен жұмыс істейді», дейді Дарья Ушаева.
Бала асырап алудан ниетті үміткерлермен психологтер жұмыс істейді. Бұдан басқа, әр өңірде бала асырап алғысы келетін азаматтарға оның заңдық мәселелері бойынша кеңес беріледі. Өкінішке қарай, осы жұмыстарға қарамастан асырауға алынған балалардың кейбірі Балалар үйлеріне қайта оралып жатады. Бұл қалыпты жағдай болғандықтан да Бала асырап алушы ата-аналар мектебі құрылып, осындай отбасыларға бағыт-бағдар беріліп отыр. Елімізде Балалар үйіне қайта оралатындар шамамен – 5%. Ал бұл баланың жанына ауыр жара салатын жағдай болғандықтан, барлық отбасымен үш жыл бойы жұмыс жүргізіледі. Оларға құқықтық мәселелер бойынша психологиялық кеңес беріледі және қолдау көрсетіледі.
Шымкент қаласындағы Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттігінің психологі Ләззат Серімбетова үміткерлер арнайы мамандардан білім алатынын, ата-ана өз отбасына кіретін баланың қандай құқықтары бар екенін осы ұйымнан білетінін айтады. Сонымен қатар психологтер оларды бала асырап алуға қандай себеп итермелеп отырғанын да анықтайды. Дегенмен, қоғамдық қор интернат мекемелерінде отбасына орналасу мүмкіндігі қиын санаттағы балалар қалатынын алға тартты. Бұл – мүгедек балалар. Сондықтан, 2022 жылы қор бастапқы жоба түрінде азаматтарды ынталандырып, мүгедек балаларды асырап алған патронаттық отбасыларды қолдау мақсатындағы оңалту бағдарламасын жүзеге асырды. Қанатқақты жобаны іске асыру барысында асырап алушы отбасыларға балаларды медициналық оңалтудан өткізу мен түзету ақысы, қажет болған жағдайда балаларды жедел емдеу ақысы төленіп, басқа да атаулы қаржылық көмек көрсетіледі. Осы сауапты бастамалары арқылы «Аналар үйі» ҚҚ еліміздегі әлеуметтік жетімдік мәселесін кешенді түрде шешуге әрекет етіп жатыр. Қордың басты мұраты да осы – жаутаңдаған баланы жақсы отбасымен жолықтырып, әке-шешенің тәрбиесін көруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасау.
АЛМАТЫ