Экономика • 04 Қазан, 2022

Доссор, Мақат – даңқты мұнайшылар мекені «Ембімұнайгаз» АҚ ғасырлық қызметінің қорытындысын шығарды

502 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тарихы сонау 1899 жылы Қарашүңгілден бастап, Доссор және Мақат кен орындарын игеру үшін 1922 жылы трест ретінде құрылған «Ембімұнайгаз» АҚ 100 жылдық жолын жүріп өтті. Бүкіл қазақ мұнай өндірісінің дамуына серпін берген байырғы компания еліміздің батыс өңірінде ғасырлық тойын лайықты түрде атап өтіп, ғұмырын өндіріске арнаған ардагерлеріне құрмет көрсеткені кеше ғана десек те, бұл – ел мұнайшылары үшін маңызды оқиға Алматы қаласында жалғасын тапты.

Доссор, Мақат – даңқты мұнайшылар мекені «Ембімұнайгаз» АҚ ғасырлық қызметінің қорытындысын шығарды

«Ембімұнайгаз» АҚ жетекшілері қазақстандық халықаралық «Мұнай және Газ» көрмесінің аясында БАҚ өкілдерімен кездесіп, журналистердің сауалдарына жауап берді. Әріптестеріміз компанияның әлеуметтік жауапкершілігінен бастап, пандемиядан кейінгі мұнай өндірісі, инновациялық технологиялар, айналадағы геосаяси ахуал төңірегінде сауалдар қойды. Қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобына кіретін «Ембімұнайгаз» АҚ құрамында «Жайықмұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Қайнармұнайгаз», «Доссормұнайгаз» компаниялармен бірге «Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен комплектациялау» мен «Ембімұнайэнерго» басқармалары да бар. Компания басшысы Есен Қайыржан әуелі өндірістік технологиялар қарыштап дамып жатқан қазіргі кезеңде мұнай өндірісін де озық технологиялармен қамтамасыз ету өзекті екендігін айтты. Өйткені Ембі мұнайы өндірістік тұрғыда күрделі кен орнына жатады. Дегенмен компания уақытпен үндесе жұмыс істеп отыр деуге болады. Мәселен, «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының УАЗ кен орнында енгізілген «Интеллектуалды кен алаңы» қанатқақты жобасы өзін өзі ақтап, қазір компанияның өзге мұнай-газ өндіру басқармаларына да енгізіліп жатыр. Ал «Сапарларды басқару» жобасы биылғы қыркүйек айында Астанада өткен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бас директорларының VII форумында көлік қауіпсіздігі саласындағы үздік жоба ретінде танылғанын атап өткен жөн. Қазіргі таңда компания теңгерімінде 46 кен орны бар болса, оның игерілетіні – 32, барланатыны – 4, ал 10 кен орны консервацияда тұр. Өткен жылы ЕМГ 2,5 млн тонна мұнай өндірілген. Ал биылғы жеті айда – 1,5 млн тонна «қара алтын» алынған. Сөйтіп жүз жыл ішінде 188 млн тоннадан астам мұнай өндірілген. Қалай десек те, мемлекет қоржынына салықтың бес түрін құйып отырған «Ембімұнайгаз» АҚ Қазақстанның ірі салық төлеушілерінің қатарына кіреді.

«Ембімұнайгаз» 2012 жылы акционер­лік қоғам болып қайта құрылғалы Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюд­жетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд теңге төлеген. Бұл туралы Бас директордың экономика және қар­жы жөніндегі орынбасары Рысты Тасма­ғам­бетова: «2018 жылдан бері компания мем­лекет қазынасына 491 млрд 695 млн теңге төледі. 2022 жылы 155 млрд 730 млн теңге сомасында салық төлеу жос­парланып отыр», деді. Бұған қоса ЕМГ соңғы он жылда Атырау облысы­н­ың инфра­құрылымын дамытуға 5,7 млрд тең­ге және демеушілік пен қайырым­ды­лық іс-шараларына 3,9 млрд теңге жұмсаған.

«Пандемияға дейін компаниямыздың көрсеткіштері жақсы еді, індет кезінде басқа салалар сияқты, біздің компания да шығынға батты. Ал 2018-2021 жылдардың аралығында «Ембімұнайгаздың» таза табысы 280 млрд теңгені құраған болатын. Мысалы, 2020 жылды 18 млрд теңге шығынмен аяқтадық. Себебі компанияның негізгі активтері құнсызданды. Бірақ келесі жылы қауырт жұмыс атқарып, пандемияға дейінгі көрсеткішке қайта қол жеткіздік», дейді Рысты Тасмағамбетова.

Бүгінде әлемде болып жатқан аласапыран, һәм геосаяси ахуал мұнай өндірісіне қалай әсер етеді деген сауалымызға «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Есен Қайыржан өндірілген мұнайдың ішкі на­рықпен қатар, экспортқа қалай жөнел­тілетініне тоқтала келе: «Соңғы уақытта көрші елдерде болып жатқан оқиғалар мен геосаяси жағдайлардың әзірге мұнай өндірісіне тікелей әсері байқала қойған жоқ. Алайда бұл – басшылықты ғана емес, барлық мұнайшыны үнемі алаң­датып отырған көкейкесті сұрақ. «Ембі­мұнайгаз» тек мұнай өндіреді, ал экс­порт, өнімді сату және жеткізумен саяси қа­рым-қатынас мәселелерімен арнайы меке­мелер айналысады. Әрине, өз тарапымыз­дан біз де бұл оқиғалар компанияның қар­жы­лық көрсеткіштеріне теріс әсер етпеуін қамтамасыз етуге тырысамыз», деді.

Орта есеппен алғанда, компания жылына 2-2,5 млн тонна мұнай өндіретін болса, қазір барланған мұнай қоры шамамен 80 млн тонна. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл қор әлі 30 жылға жетеді. Яғни «мұнай қоры таусылып, компания шығынға ұшырайды деп алаңдауға себеп жоқ», дейді компания басшылары. Өйткені жуырда тағы 2-3 жаңа кен орнын іске қосу жоспарланып отыр.

 

АЛМАТЫ