Қаржы • 04 Қазан, 2022

Жеке тұлға банкроттығы: Борышкерге берілетін үш мүмкіндік

309 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанда жеке тұлғаның банкроттығын көздейтін заң жобасы дайындалып жатыр. Әзірге заң талаптарына қатысты нақты деректер жоқ. Дегенмен Қаржы министрлігі кейбір ақпарларды там-тұмдап таратады. Соның ішінде білетініміз – жеке тұлғаның банкрот атануы үшін үш негізгі нұсқаның бар екендігі.

Жеке тұлға банкроттығы: Борышкерге берілетін үш мүмкіндік

Мемлекеттік кірістер коми­теті берешекпен және дәр­мен­сіз борышкерлермен жұ­мыс басқармасы басшы­сының орын­басары Меруерт Сисем­баева­ның айтуынша, заң жобасы қазір Мәжіліс депутаттарының қарауында жатыр. 

«Мұндай заңды әзірлеуге халық­тың шамадан тыс кредит­тік ауырт­палығы мен жалпы қаржы­лық жағдайының нашарлауы себеп болды. Несие бюросы­ның ақпаратына сәйкес, 7 млн-нан аса адамның банк пен микро­қаржы ұйымдары алдында қары­зы бар. Соның ішінде 1,5 млн-нан аса азамат несиелерін тө­лей алмай, 90 күннен асатын кешік­тіруге ұшыраған. Ал қарызын өтемегеніне 5 жылдан асқан азаматтар саны 700 мыңнан асып жығылады», дейді М.Сисембаева.

Заңның жалғыз мақсаты бар, бұл – несиесін төлей ал­май қиындыққа ұшыраған азамат­тардың қаржылық жағда­­йын жақ­сарту. Мемлекеттік кі­ріс­тер комитеті өкілінің сөзі­не қарағанда, дүниежүзілік тәжірибені ескере отырып заң жобасын жасауда үш түрлі рәсім қарастырылып отыр. Ол – соттан тыс банкроттық, сот рәсімі және төлем қабілетін қалпына келтіру. Қай рәсімді қолданатынын жеке тұлғаның өзі таңдайды.

«Азаматтар соттан тыс бан­к­­роттықты қарызы 4,9 млн теңгеден аспаған жағдайда пайдалана алады. Ол үшін борышкерде мүлік болмауы, кіріс бол­мауы керек немесе кірісі ең тө­менгі күнкөріс деңгейінен ас­­пағаны жөн. Тиісінше, банк­термен өз қарызын реттеу бо­йынша алдын ала жұмыстарды жүргізуі керек. Айта кету керек, бұл рәсім тек екінші деңгейлі банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлық агенттіктер алдында қарызы бар адамдар үшін ғана қолжетімді», дейді ол.

Аталған рәсімді қолдан­ған­нан кейін пайда болатын салдарды сарапшы былай тізбелейді. Соттан тыс банкроттықты қолдан­ған аза­маттың міндеттемелері­­нің мерзімі өткен болып есептеле­ді. Кредитор борышкерден міндет­темені орындауды талап ете алмайды. Тұрақсыздық айыбы, өсімпұл мен айыппұл есептелмейді. Мүлікті иеліктен айыруға болмайды және өзіне басқа міндеттемелерді ала алмайды. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану үшін азамат электронды үкімет веб-пор­талы арқылы өтініш береді. Құжаттар қабылданғаннан кейін мүдделі мемлекеттік және өзге де орган­дардың деректеріне сәйкес азамат­тың осы рәсімге сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тексеріледі.

Ал сот банкроттығы рәсімін қары­зы 4,9 млн теңгеден асқан аза­мат және басқа да заңды ұйым­­дардың алдында берешегі бар жеке тұлғалар пайдалануға құқылы.

«Бұл рәсім барысында жеке тұлғаның мүлкі сатылады және сатудан түскен қаражат креди­тор­лар­дың қарызын төлеуге жұм­салады. Әрине, өзінің бір кезек­ті­лігіне сәйкес. Мүліктің ішінде жалғыз баспана болса онда ол сараланады. Азаматтың жалғыз тұр­ғын үйі кепілзаты болса (мәселен, ипотека) онда сотты банк­роттық барысында кредитор оны талап етуге құқы­лы. Ал егер жал­ғыз мүл­кі (жал­ғыз баспанасы – ред.) еш жер­де кепілде болмаса онда еш­бір кредитор бұл мүлік­ке көз тіге ал­майды. Баспана адам­ның өзін­де қалады», дейді комитет өкілі.

Үшінші нұсқа – «төлем қабілетін қалпына келтіру» рә­сімі. Ол үшін азаматта тұрақты кіріс және мүлік болуы қажет. Бұл рәсімді пайдалану аясында борышкерге қарызды 5 жыл мерзім ішінде бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылады.

«Бұл рәсім бойынша арнайы жоспар әзірленіп, аталған жоспар сотта бекітілуге тиіс. Жоспар­ды әзірлеуге қаржылық басқару­шылар көмектеседі. Төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі­нің артықшылығы – жеке тұлғаның мүлкінің сатылмай, борышкердің еншісінде қалу мүмкіндігі және банкрот деген мәртебе болмайды. Сондықтан банкроттықтың салдары да ол азаматқа қатысты қолданылмайды», дейді.

Яғни «төлем қабілетін қал­пы­на келтіру» рәсімін пайда­лан­ған азамат өзін-өзі банкрот деп жариялаған азаматтар санатына кірмейді. Әдетте, банкрот атанған борышкерлер бес жыл­ға дейінгі мерзімде кредит рәсімдей алмайды, екінші мәрте банкроттық рәсімін тек 7 жылдан кейін қолдана алады және қаржылық жағдайы 3 жылға дейін тексеріліп тұра­ды. Сонымен қатар банкрот бол­ған адамның қар­жылық сауат­­тылық курсына қатысуы мін­деттеледі. Уәкілетті органдар ұйым­дастырылатын мұндай курс­тар тегін түрде жүргізіледі. Ал мұн­дай шектеу­лер төлем қабі­­летін қалпына келтіру рәсі­мін пай­даланған аза­маттарға қатысты емес.