– Ғұмырын мұғалім мамандығына арнағандар ел ішінде қашанда абыройлы. Өйткені адам өмірде қандай жетістікке жетсе де оның тұлға ретінде қалыптасуында ұстаздың орны ерекше. Сонымен бірге жас мұғалімдерге мамандыққа адалдықты көрсетіп, талмай еңбек етіп келе жатқан білім саласының ардагерлеріне ризашылық білдіреміз. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен мамандыққа адалдықтарыңызға алғысымыз шексіз. Мұғалім мәртебесіне қатысты мемлекет тарапынан жасалған ілкімді істер аз емес. Кейінгі үш жылда мұғалімдердің жалақысы 75 пайызға өсті. Санатына байланысты төленетін қосымша 50 пайызға дейінгі төлемді аймақта мұғалімдер қауымының 60 пайызы алады, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Ауылдық жердегі білім беру сапасы да назарда. Соңғы екі жылда облыста 126 жас маманға баспана берілді. Бұған қоса жұмысқа орналасу кезінде 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме қаражат беріліп келеді.
Ал «Қарағанды облысы білім беру саласының құрметті педагогі» атанғандардың әрқайсысы өңір білімін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан ұстаз санатынан, еңбек өтілдері 30 жылға жуық.
Қарағанды облысы білім беру саласының құрметті педагогі қатарында Қарағанды қаласы №61 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Дидар Төрекелдина бар. 27 жылдан бері балаларды білім нәрімен сусындатып келеді. Мұғалімдік жолын 18 жасында бастапты.
– Мектептен кейін университеттің филология факультетінің сырттай бөліміне түстім. Сол жылдары мұғалімдер тапшы еді. Университетте оқитыным туралы анықтамамен жұмысқа алған-тын. Содан бері менің өмірім балалармен тығыз байланысты. Осы жылдарда 20-дан астам оқушым жүлделі орын иеленіп, түрлі республикалық байқауда жеңіске жетті. Бүгінгі сыйлығымды сол оқушыларыма арнаймын. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз. Ұстаз еңбегінің дәлелі – шәкіртінің жетістігі, – дейді Д.Төрекелдина.
Шахтинск қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицей директоры Арарат Бесмағанбетов те 26 жылдан бері ұстаздық деген ұлы қызметте.
– 21 жасымнан ұстаздық жолындамын. Мұғалімдік – менің саналы таңдауым. Жұмыс оңай емес, әрине. Дегенмен мұғалімдікті таңдағаныма өкінген емеспін. Қазіргі таңда лицейіміздің оқушылары түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жүлде иеленіп жүр. Сондықтан бұл марапат – бүкіл ұжым еңбегінің нәтижесі, – дейді А.Бесмағанбетов.
Мұғалімдер марапаты мұнымен шектелмейді. Облыстың 10 мұғалімі білім саласындағы үздік көрсетіші үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Алты педагог «Ыбырай Алтынсарин», бес мұғалім «Еңбек ардагері» және төрт педагог «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілеріне лайық деп танылды.
Қарағанды облысы