Мұнай
«Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 30 жыл ішінде мұнай өндірісін үш есе өсіріп, саланың қуаттылығын арттыра түсті. 1991 жылы елімізде 26,6 млн тонна мұнай өндірілсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 85,9 млн тоннаға жетті. Жақын келешекте біз 100 млн тонналық межеден де асамыз. Бұдан бөлек, мұнай экспорты бес есе өсті. Соның нәтижесінде Қазақстан әлемдегі экспорттаушы елдердің үздік ондығына кірді. Сонымен бірге осы салаға Еуропадан, Қытайдан, Ресейден, АҚШ-тан және басқа да елдерден 200 млрд доллардан астам инвестиция тарттық», деді Б.Ақшолақов.
Сондай-ақ бас энергетик Қашағанда мұнай өндіру жұмысы қазанның соңында толық қуатпен іске қосылатынын мәлімдей келе: «Қашағандағы жөндеу жұмыстары бойынша бірнеше шешім бар. Оптималды нұсқа таңдалды. Қазанның 20-сына қарай кен орны бұрынғы өндіріс режіміне оралады. Ол – тәулігіне 400 мың баррель», деп түсіндірді.
Б.Ақшолақовтың айтуынша, Қашағанда жұмыстың тоқтап қалуына байланысты тәулігіне 200 мың баррель «қара алтын» өндірілмей қалған. Бірақ 2022 жылы 85,7 млн тонна мұнай өндіреміз деген жоспар өз күшінде қала береді. 2023 жылы аталған көрсеткішті 90 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов Қашағанның еліміз үшін үлкен мақтаныш екенін, бірақ кен орнынан мемлекеттің шекесі шылқып отырмағанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, Қашағанды соңғы 60 жылдағы әлемдегі ең ірі мұнай кен орны деп айтуға болады. Бұл жақсы жаңалық, бірақ аталған кен қорына 60 млрд долларға жуық ақша жұмсалды. Тарихқа қарасақ, Қашаған – ең қымбат жоба.
«Қателеспесем, 2017 жылы сол кездегі министр Сауат Мыңбаев «Қашағанның ақшасын қайтарып алу үшін кемінде 80-100 доллар болу керек» деген еді. Ал мұнайдың бағасына қарасақ 2014 жылдан бастап түсті, 100 долларға биыл ғана жетті. Сол 100 доллардың өзі қазір қайтадан 80 долларға түсіп қалды. Мұнай бағасының 80-100 доллар арасында тұратынына кепілдік жоқ. Демек бағаның төмендеуіне орай қайтарылым да шегеріле береді. Кей ақпараттарға жүгінсек, Қашағаннан түскен пайданың 2 пайызы ғана мемлекет еншісіне тиеді екен. Қалғаны сол құйылған ақшаның қайтарымына кетіп жатыр. Енді сол ақшаны 400 мың баррель өндіріспен 2025-2026 жылдары қайтарып алуға болады. Егер мұнай бағасы 80-100 доллар арасында тұрса. Мұнай бағасы солай сақталып тұрды дейік, бірақ 400-дің орнына 100 мың баррель болып жалғаса берсе, онда оның қайтарылымы шегеріле түседі. 60 млрд доллар қайтарылмай, мемлекетке пайда түспейді. Демек 2025-2026 жыл емес, одан әрі тағы да күтеміз деген сөз», дейді сарапшы.
Балама бағыт
Министр мұнай тасымалы мәселесін де айналып өткен жоқ. Оның сөзіне ден қойсақ, Қытай арқылы экспортталатын мұнай көлемін 9-дан 20 млн тоннаға дейін арттырудың мүмкіндігі бар. Баку – Тбилиси – Жейхан арқылы әзірге 1,5 млн тонна мұнай жібере тұру жоспарланған. Ақтау портындағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін көрсеткіш 7,5 млн тоннаға дейін жеткізілмек. Дегенмен КТК мұнай тасымалдаудағы басым бағыт болып қала береді. Бұл түсінікті де. Қазір балама бағыттарды табу, тапқан күнде де қуаттылығын арттыру мүмкін емес. Сондықтан КТК-ге толық балама табу ұзақ мерзімді перспективада жүзеге аспақ.
Сарапшылар түптің түбінде Қазақстан КТК-ге балама іздеп табуға тиіс деген ой айтады. Бұған негіз де жоқ емес. Мамандар жыл басталғалы бері Каспий құбыр консорциумы бірнеше рет істен шықты және соның әрбірінің астарынан саяси қысымды айнытпай тануға болады деген ой айтады. Олардың болжауынша, КТК мәселесі келер жылдың көктеміне дейін созылуы мүмкін. Өйткені Южная Озереевка терминалындағы үш қашықтан байлау қондырғысының екеуі істен шыққан.
«Зақымның табиғатқа зияны тимейтініне және шикізаттың төгілмейтініне қарамастан бұл жағдай экспорт бойынша КТК-нің мүмкіндігін шектейді. Құбыр желісі толық қуаттылықпен 70 млн тонна мұнай айдауы мүмкін (2022 жылғы жоспар 67 млн тоннаны құраған еді). Бірақ екі айлақтық құрылғының істен шығуына байланысты бұл көрсеткіш кемі 50 пайызға дейін төмендейді, жылдық мәнде 28-30 млн тоннаға дейін.
Бұл – Новороссийскідегі жыл басынан бері тіркеліп отырған төртінші оқиға. Аталған жағдай КТК бойынша мұнай тиеу көрсеткішінің азаюына алып келді және терминал жұмысында үлкен тәуекел тудырды. Наурызда дауыл екі айлақтық құрылғыда тасымалдау шлангілерін зақымдады. Бұл бір айға созылған жөндеуді қажет етті. Мамыр айында су астындағы мұнай құбыры маңында Екінші дүниежүзілік соғыс снарядтары тазартылып, акватория қайта-қайта жабылды. Ал шілдеде Новороссийск қаласының Приморск аудандық соты экологиялық тәртіп бұзушылыққа байланысты консорциум жұмысын 30 күнге тоқтатуды талап етті. Алайда бұл шешімге компания жедел қарсы шығып, өз жұмысын тоқтату үшін технологиялық қауіп-қатерлерге сілтеме жасап, нәтижесінде жөнелту тоқтаған жоқ. Ал сот жұмысты тоқтату туралы шешімді 200 мың рубль айыппұлмен алмастырды», деп жазады ENERGY ANALYTICS телеграм каналы.
Айтпақшы, министр Қазақстан мұнайына Еуропадан тікелей қызығушылық туындап жатқанын да жеткізді. Қазақстан Еуропаға мұнай жеткізуді, соның ішінде Шведт мұнай өңдеу зауытына (Германия – ред.) тасымалдауды қарастыруға дайын. Алайда бұл ретте транзит мәселесін шешу керек.
«Қазір жеткізу тізбегі бойынша әртүрлі ұсыныс бар. Мұнайды тұтынушылар басқа механизмдерді қарастыруда, бірақ мұны атқаруға барлық жерде мүмкіндік жоқ. Өйткені мұнай құбырының жүйесі бір күнде өзгермейді, оны бір жылда салу мүмкін емес. Ал Қазақстанға келетін болсақ, бұл – әрине, транзиттік мәселе. Өйткені біздің Еуропалық одақпен тікелей шекарамыз жоқ», деді министр.
Аталған мұнай өңдеу зауыты жылына 11,6 млн тонна мұнай өнімдерін өңдей алады.
Газ
Конференцияда газ мәселесі де сөз болды. QazaqGaz ұлттық компаниясының басшысы Санжар Жәркешовтің айтуынша, компания 2025 жылы IPO-ға шығуды жоспарлап отыр.
«Корпоративті басқару, әсіресе сатып алу бойынша ашық жүргізілуге тиіс. Ресурстық базаны да күшейту қажет, өйткені бұл – табысты IPO кепілі. Сонымен қатар газтранспорттық жүйенің де тоқтап қалмауын қамтамасыз ету маңызды. Үш жылда біз модернизацияға 500 млрд теңге саламыз, соның ішінде Маңғыстау мен Атырау облыстарындағы жүйеге», деді С.Жәркешов.
Ұлттық компания басшысының айтуынша, Қазақстан газ жеткізу бойынша әртараптандыруды қолға алу қажет. «Қазақстан геологиялық барлауды, газ өндіруді күшейтуі керек. Сондай-ақ жерасты қоймалары мен түрлі технологияларға инвестиция салу қажет. Мәселен, сұйытылған газды тасымалдау және өңдеу мүмкіндіктерін жасау сияқты. Бұдан бөлек, тасымалдан пайда алу үшін Қазақстан өзінің географиялық орнын пайдаланып, транзиттік хабқа айналуы керек», деді. С.Жаркешовтің пайымдауынша, елдегі газ саласын дамытудың бес негізгі бағыты бар. Олар – газды көбірек өндіру, ішкі нарықты қамтамасыз ету, газды экспортқа көбірек жіберу үшін газ құбырларын көбірек салу, жаңа газ-химиялық зауыттарды тұрғызу, газды қайта өңдеуді дамыту.
«Сонымен бірге, әрине, Қазақстанның газ саласындағы жобаларына шетелдік инвесторларды тарту өте маңызды. Әрине, біз үшін инвесторларды елімізде ұстап тұру және оларды осында инвестициялауға ынталандыру өте маңызды. Ал бұл ретте газ тартымды бола алады. Елімізде жеткілікті қор бар. Газ саласы еліміздің экономикасын дамытудың драйверлерінің бірі екеніне сенімдімін», деді QazaqGaz басқарма төрағасы.
Мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, шетелдік инвесторларды алып келу оңай шаруа емес. Ол үшін отандық кәсіпорындар лайықты деңгейдегі технологиялармен жарақтануға тиіс. «Бұл қол жетпейтін шаруа емес, бірақ біраз уақытты қажет етеді. Мәселе қанша көлемде инвестиция тартуда емес, салынған инвестицияны қаншалықты меңгере алатынымызда болып тұр. Егер бірнеше әлемдік энергия ресурсына – мұнайға, атомға, жасыл энергетикаға, газға қарайтын болсақ, онда жаһандық бөліністің 57 пайызын газ алатынын көреміз. Сондықтан оған деген сұраныс жыл сайын тек өсіп келе жатыр. Ал газдандыру еліміздегі елді мекендердің барлығына әлі жетпесе де, бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда қазірдің өзінде газға қосылған үйлердің саны артып келеді. Қазақстанмен салыстырғанда әлемде газ тұтыну жылдам қарқынмен өсуде», деді Р.Жақсылықов.