Қазақстан бүгінде Ресей және Беларусьпен бірлесіп, Еуразиялық экономикалық одақ құру қарсаңында тұр. Осы орайда бұрнағы күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының отырысы болып өткені белгілі. Басқосуға жиналғандар, яғни еліміздің саяси партиялары мен ірі қоғамдық ұйымдары мүшелік ететін коалиция осы өзекті мәселе бойынша өздерінің ой-пайымдарын ортаға сала отырып, үндеу қабылдаған болатын.
Төменде коалиция мүшелерінің Еуразиялық экономикалық одақтың ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқатының артуына айрықша серпін беретінін айтқан тұрғыдағы пікірлер топтамасын жариялап отырмыз.Жоғары дайындықпен келіп отырмыз
Бауыржан БАЙБЕК, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. Интеграцияның түпкі мәні – бұл, еліміздің бұдан әрі де серпінді дамуы және әлеуметтік-экономикалық қарқынды жаңғыруы үшін Елбасы айтқан «мүмкіндіктер терезесін» айқара ашу. Мұндағы басты мүмкіндік – Еуразиялық экономикалық одаққа мүшеліктің Қазақстан үшін, ең алдымен, өз нарығынан 9 есе үлкен, көлемі 153 миллион адамға шағатын нарыққа қол жеткізуге жол ашатындығында. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстан экономикасы жаңа деңгейдегі интеграциялық ұйым құруға жоғары дайындықпен келіп отыр.Тек экономикалық мүдде көзделеді
Бақытжан САҒЫНТАЕВ, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары. ЕАЭО Қазақстан үшін экономикалық мүддені ғана көздейді. Біз елімізге өтім нарығын ұлғайту қажет екенін түсінуге тиіспіз. ЕАЭО – осының тамаша үлгісі. Біз еліміздің экономикасы үшін зор мүмкіндіктер ашатын теңқұқықты экономикалық әріптестіктің жаңа нарығына шығып жатқанымызды атап өткім келеді. Еуразиялық экономикалық ықпалдасу үдерісі қазірдің өзінде Қазақстан экономикасының ілгерілеуіне әкелгенін сеніммен айтуға болады. Мысалы, КО құрылғаннан бастап Қазақстанның өңдеуші өндірісіне құйылған инвестиция көлемі 2009 жылғы 1,8 млрд. доллардан 2012 жылы 3,4 млрд. долларға көбейді. Оның сыртында тікелей шетел инвестициясының көлемі 34%-ға артып, 28 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының арта түскенін білдіреді.Қалыптасқан жолымыз
Нұрлан ОРАЗАЛИН, Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы. Біз қазір үлкен бір тарихи таңдаудың алдында тұрмыз. Янушкевичтің кітабында жақсы бір әңгіме бар. Сонау 1846 жылы қазіргі Лепсіде қазақ жерінің ең соңғы бөлшегі Ресейге қол қойды. Оны осы жерде келтіріп отырған себебім, сонда Әділ төренің қол қойып отырып айтатыны бар: «Біз Шығысымызда қандай ел тұрғанын білеміз. Қазақтың үлкен екі Ордасы Ресейге қосылды. Ал Шығыстағы ел бар күшін жинақтап жатыр. Сондықтан бізге таңдау түсіп отыр. Біз қол қоя отырып, осы қағазды Ақ патшаға жіберуіміз керек», деген сөз айтады. Әділ төренің бір-ақ ауыз сөзі бар: «Егер де қол қойсақ, мұның бәрі не болады?» дегенінде патша өкілі: «Оған мен жауап бере алмаймын. Оған патша жауап береді», дейді. «Патша жауап беретін болса, онда біз қайыққа мініп отырмыз, қайығымызда желкен де, ескек те жоқ. Ескегі жоқ, желкені жоқ қайық қайда барады?», дейді. Ол кездерде бабаларымыз үлкен институттарда білім алып, Брюссельде болған жоқ, олар Мәскеуде не болып жатқанын да білген жоқ. Интуитивті түрде, бүкіл әлемдік деңгейде еліміздің тұтастығын сақтап қалу үшін не істеу керегін аңдап отырған. Ал, құдайға шүкір, сондай кезеңнен өткен Қазақ елі – Қазақстан жұртшылығы басынан 1990 жылды да өткерді. Онан бұрынғы 1936 жылғы үлкен одақтық шартты жасады. 1990 жылы жаңа шартты жасап, соған қол қояйық деп жатқан кезеңде, Кеңестер Одағы құлады. Ол шарттың да авторы біздің елдің Президенті болатын. Бүгін біздің осы кеңістіктегі тағдырымыз не Шығыспен, не Батыспен болу керек. Бұған кәдімгі мына алаңда отырып, анығын айтатын болсақ, дәл мына Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт әбден сүргіден өткен, таңдау жасалған одақ. Кез келген экономикалық одақтың, кез келген әртүрлі мақсаттағы ұйымдардың түп-төркінінде саясаттың ұшығы жатпайды деп ешкім айта алмайды. Бізге іргеміздегі елмен байланысты сақтап отыру керек. Украинадағы Майданнан басталған Батыс пен Шығыстың текетіресі неге апарып соққаны белгілі. Сондықтан шартқа, оның мәтініне терең үңіліп қарамаған кейбіреулердің қайтадан Кеңестер Одағын орнатқалы жатыр деген сөздерінің өзі жай дақпырт. Біз 20 жылда қалыптасу жолынан өттік. Сонда біздің екі қанатымыз болды. Бірінші – интеграция, екінші – көпвекторлы саясат. Осы екі дүниенің арқасында Қазақстан өзінің тәуелсіздігін, бүкіл әлемнің алдында мемлекет болу қабілетінің бар екендігін дәлелдеп берді. Бүгінде Қазақстан қандай шешім қабылдаса да төрткүл дүние сын көзінен өткізіп отырады. Ең бастысы сол, сыртқы интеграциямызға ешқандай сауал туындамайтын болса, көлеңке түспейтін болса экономикалық сипаттағы одақтың құрамына енгеннен ештеңе жоғалтпаймыз. Үлкен экономикалық интеграцияға не Батыспен, не Шығыспен түсеміз. Ал біздің үйренген сүрлеуіміз, қалыптасқан жолымыз бар. Экономикалық сипаттағы осы одақ бізге тиімді. Мұны мен көзім жеткен соң айтып отырмын. Ақпараттық кеңістік еркін, мәдениет пен гуманитарлық салада еркіндік болатын болса, Тәуелсіздігімізге көлеңке түспейтін болса, бізге қазір көп солқылдатып отырмай, елге тиянақтап түсіндіру қажет. Бұл одақ бізге қалай керек болса, Ресейге де солай керек, Ресейге қалай керек болса, Беларуське де солай керек. Үлкен жолға шыққан үш мемлекеттің біріккен экономикалық одағына халықты жұмылдыру керек.Жаңсақ пайымға еріп, жаңылмайық
«Ауыл» партиясының жетекшісі. Ықпалдасу мәселесін 20 жылдан бері талқылап келеміз. ТМД, ДСҰ, аталған мәселе де жан-жақты зерттелді. Біз Еуразиялық экономикалық одақты қолдаймыз! Бұл мәселеде саяси да, экономикалық та мән бар. Бірақ, бүгінгідей уақытта біз үшін ықпалдастық құрмау мүмкін емес. Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы саяси көрініс қауіп төндірмеуі тиіс. Әрі одан еліміздің Тәуелсіздігіне нұқсан келмейді. Ал шекара беріктігі, қорғаныс мүддесі, әрине, өз алдына бөлек әңгіме. Геосаяси жағдайымызды ескерсек, мұндай одаққа кіру арқылы біз тек ұтатын боламыз. Барлық экономикалық ықпалдастықтардың бастамашылары мен негізгі ойыншылары өзінің ішкі әлеуетін тауысқан елдер болғанын әрі олар өз елінің ішкі дамуы үшін сыртқы ықпалдастықтан қосымша пайда іздейтінін ұмытпауымыз қажет. Бүгінде Еуразиялық экономикалық кеңістік құру арқылы КСРО-ны қайта құрғалы жатыр деп билікті сынаушылар көп. Алайда, бұл жаңсақ пайым. Әрине, біз технологияны қарқынды дамытып жатқан Жапония секілді алпауыт елмен бәсекелес бола алмаймыз. Дегенмен, Қазақстанда ауыл шаруашылығы мен шикізат мол, сондықтан жеңіл өнеркәсіп пен өзімізге қажетті машина жасау саласын неге дамытпасқа. Ауыл шаруашылығының маманы ретінде мынаны айта кетейін, кеңес дәуірінде еліміздің ІЖӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі 35%-ды құраған болатын. Бүгінде ол 3-4%-ға ғана тең. Бұл 90-жылдармен салыстырсақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2-2,5 есе қысқарғанын аңғартса керек. Сондықтан еліміздің экономикалық саясатын қайта қарау қажеттілігі туындайды. Біз ықпалдастық мәселелерінде еліміздің экономикалық проблемаларын талдап, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз керек.Бәрі де игілік үшін жасалып жатыр
Юрий ТИМОЩЕНКО, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Рада украинцев» қоғамдық бірлестігінің басшысы. Негізінде, біз болашақ жайлы әңгіме айтып отырмыз. Бұл – біз бәрін де адам үшін жасап жатырмыз деген сөз. Үш шекараны алып тастай отырып, біз қолайлы ахуал туғызамыз. Егер қытайлық кемежай пайдаланылған жағдайда теңіз арқылы жүк 45 күнде, Транссібір магистралімен 16 күнде жеткізілсе, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолы арқылы біз 10 күнде жүктің жетуін қамтамасыз ете аламыз. Бұл – біздің еліміз үшін жаңа инвестициялар мен жұмыс орындары. Ықпалдасудың арқасында іске қосылатын басқа да жобалар бар: жоғары технологиялардың халықаралық орталығы, бірыңғай энергия жүйесі, бейбіт атом энергетикасы өндірісі саласындағы бірыңғай кезең. Табысты және алда болу үшін, білегімізді сыбанып еңбек етуіміз және ойлағанымызды іске асыруымыз керек.Және тағы да, азаматтарымыз үшін не істеліп жатқанын шынайы көрсететін ақпараттық жұмыс жүргізуге тиіспіз. Мен ЕАЭО құрылуын қолдаймын!
Халық қашанда ықпалдастық жағында
Зарема ШӘУКЕНОВА, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры. 2013 жылы Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік саяси зерттеулер институтының тапсырысы бойынша «Әлеуметтік перспектива» қоры жүргізген «Азаматтардың еуразиялық ықпалдастығы мәселелерін қабылдауы» арнайы социологиялық зерттеудің мәліметтері халықтың ықпалдастық үдерістерін қолдау деңгейінің жоғары екенін және ол 90%-дан асып түскенін көрсетіп отыр. Отандастарымыз Қазақстан, Беларусь және Ресей елдері арасындағы экономикалық тартымдылыққа ерекше ұнамды вектор ретінде таңдау жасайды.Біз артықшылыққа иеміз
Абылай МЫРЗАХМЕТОВ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы. Ұлттық палата кәсіпкерлердің КО аясында тап болып жатқан мәселелеріне мониторинг жүргізіп келеді. Салық органдары арасында электронды ақпарат алмасу мәселесі түбегейлі шешілген жоқ. Ол біртіндеп шешіледі деп ойлаймын. Ең бастысы, бізде алға ілгерілеу бар. Нарықты игерумен қатар, қатаң бәсекелестікке тап болудамыз. Бұл бюрократияның да, бизнестің де алдында тұрған сын сағаты, оған қарсы тұра білуіміз керек. Біз артықшылыққа иеміз. Көптеген шетелдік, тіпті ресейлік компаниялар біздегі бизнес жүргізуге арналған жақсы құзыретті атап жатады. Бүгінде Ресейге қатысты санкциялар тұрғысынан келгенде, бұл инвесторлар үшін елімізде өз бизнесін ашып, Қазақстан арқылы Ресей нарығына шығуға зор мүмкіндік туғалы отыр.