21 Мамыр, 2014

Заманауи көрме-конференция

269 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астанада Байланыс және ақ­па­рат агенттігі, «Зерде» ұлттық инфо­ком­му­никациялық холдингі» АҚ пен «АКТ-ны дамыту қоры» КҚ ұйымдастыруымен ASTEX-2014 халықаралық көрме-кон­ференциясы өтті. Бұл көрме елімізде жыл сайын электронды коммерцияны, электронды үкіметті дамытуға арналып өткізіледі. Биылғы шараға отандық компаниялармен бірге шетелдік ірі кәсіпорындардың басшылары да қатысып, Қазақстанның электронды коммерцияны дамытуда атқарып жатқан жұмыстарымен кеңірек танысты. Көрменің ашылу салтанатына Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев қатысып, шетелдік компаниялар жетекшілеріне, мамандарына елімізде электронды коммерцияны дамытуға арналған кешенді шаралар туралы айтып берді. Онда агенттік төрағасы бүгінгі күні еліміз БҰҰ-ның деректеріне сәйкес, электронды үкіметті дамыту бойынша әлемнің 190 елінің арасында 38-ші орынға орналасқанын, ал 2010 жылы бұдан 16 орынға төмен болғанын, сондықтан төрт жылдың ішінде осыншама орынға көтерілгенінің өзі еліміз үшін үлкен жетістік екенін айтты. Осыдан кейін шетелдік мамандар көрмемен таныса жүріп, Қазақстанның соңғы кездері атқарған жұмыстарын жоғары бағалайтындарын атап өтті. Конференция барысында Оңтүстік Корея президентінің жанындағы кеңес мүшесі Янг Им Чо, Cybersecurity Malaysia компаниясының бас директоры А.Охаб, Management Development Group Inc. компаниясының негізін қалаушы және басқарушы әріптесі Д.Потапенко, TeliaSonera департаментінің басшысы Дж.Оберг пен басқа да шетелдік мамандар отандық компаниялардың жұмысына өз бағаларын берді. Осы жерде көрменің бірінші күні «АКТ-ны дамыту қоры» КҚ бас директоры Санжар Кеттебеков пен «Сколково» технопаркінің бас директоры Ренат Батыров зияткерлік қызметтің нәтижелерін инновациялық дамыту және коммерцияландыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Соның нәтижесінде енді «Сколково» технопаркімен инвестициялық жобаларды іске асырудың тиімділігін арттыру, инновациялық компаниялардың шетел рыногына шығуына жағдай жасау үшін ұзақ мерзімді әріптестік қарым-қатынас орнатылатын болады. Сонымен бірге, қазақстандық қор мен Muckerlab атты америкалық компания­сы­ның арасында ақпараттық технологиялар саласындағы стартап-компанияларды дамыту жөніндегі меморандум жасалды. Аталған америкалық компанияға келсек, қазақстандық қор енді онымен технология мен ақпарат саласында бірігіп жұмыс істейді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде екіжақты ұсыныстар қаралып, мамандар тәжірибелерімен бөліседі. Көрменің екінші күні де электронды коммерцияны дамытуға арналған бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Мәселен, Байланыс және ақпарат агенттігінің мамандары шетелдік компаниялардың басшылары С.Франзен, Янг Им Чо, Р. Беллак, Э.Раннала және Р.Батыровпен елімізде электронды коммерцияны дамыту және ІТ-кластер құру бойынша екі жақты кездесулер өткізді. Сонымен бірге, отандық ІТ-компаниялар қауымдастығының дөңгелек үстелі, мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдардың қатысуымен инновациялық кластерді дамыту жөніндегі Қадағалаушы кеңестің мәжілісі өтті. Жалпы, «Зерде» ұлттық инфоком­му­ни­ка­циялық холдингі» АҚ төрағасының орын­басары Бикеш Құрманғалиеваның айтуын­ша, ASTEX-2014 халықаралық көрме-кон­ференциясына 3 200 адам келіп, 41 спи­кер сөз сөйлеген. Екі күнде 9 сессия, екі шеберлік сабақ, үш дөңгелек үстел, стар­тап-жобалардың көрсетілімі, 17 екіжақты кездесулер өткен. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».