Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Амман қаласының мэрі Акел Бельтаджимен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Иордания астанасының мэрі, бұрынғы сенатор Астанаға Король Хусейн бен Талал атындағы көшенің ашылу салтанатына қатысу үшін Король Абдалла ІІ-нің арнаулы уәкілі ретінде келген болатын.
«Мен 1990 жылдардың соңында Король Хусейнмен жүздесу мәртебесіне ие болдым, әрі оның тамаша сөздерін, атап айтқанда, Израиль премьер-министрі Ицках Рабинмен қоштасу рәсіміндегі толғақты ойларын естідім. Көптеген жылдар бойы Иордания Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуде ерекше рөлге ие болып келеді, өз елінің аумағына көрші елдерден жүз мыңдаған босқындарды қабылдады», деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасының пікірінше, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Амманда және Король Хусейннің құрметіне Астанада көшелердің ашылуы өзара түсіністік пен әріптестік рухында дамып келе жатқан екі елдің достық қатынастарының нығая түсуінің көрінісі болып табылады. Ол бауырлас екі қаланың арасында орнаған байланыстардың екі халықтың игілігі жолында одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Жүздесушілер Қазақстан мен Иорданияның парламентаралық байланыстарын дамыту мәселелерін талқылады. Иордания Сенатының Төрағасы Абд ар-Рауф ар-Рауабденің осы жылғы маусымға жоспарланған Астанаға сапары екіжақты ынтымақтастыққа серпін беруі тиіс екені айтылды.