ANTIKOR • 05 Қазан, 2022

ҚТЖ қызметінде жемқорлық тәуекелдері анықталды

329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстан темір жолы», «Атамекен» ҰКП өкілдерінің, қоғамдық кеңес мүшелерінің және жүк жөнелтушілердің қатысуымен өткен кеңес барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚТЖ қызметінде анықталған жемқорлық тәуекелдері жайында егжей-тегжейлі айтты, деп хабарлайды Egemen.kz ANTIKOR-ға сілтеме жасап.

ҚТЖ қызметінде жемқорлық тәуекелдері анықталды

Анықталған жемқорлық тәуекелдері вагондарды беру кезіндегі әкімшілік кедергілермен және жемқорлық схемаларымен, тиісті цифрландырудың болмауымен, теміржолшылардың кәсіпкерлермен тікелей байланысымен, қағаз нысанда өтінімдер берумен байланысты болған.

«Мәселен, соңғы 5 жылда ҚТЖ лауазымды тұлғалары мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарына қатысты 136 қылмыстық іс тіркелген. Олар бойынша 52 адам сотталды. Бұл саладағы қылмыстардың көпшілігі парақорлық (70%) және ұрлық (13%) фактілеріне байланысты. Аталған қылмыстар орындалған жұмыстар актілеріне қол қою кезінде заңсыз сыйақылар алумен, жұмысқа қабылдаумен және қызмет бойынша ауысумен, сондай-ақ жүктерді тасымалдау үшін вагондар мен тепловоздарды жеделдетіп және кедергісіз берумен байланысты», делінген хабарламада.

Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов өз сөзінде жүргізілген талдауға сәйкес ҚТЖ жекелеген бөлімшелерінде вагондармен айла-шарғы жасау бойынша жемқорлық схемалары құрылғанын хабарлады.

«Іс жүзінде пара берген адам өз жүктерін уақытылы жібереді. Бұл проблемалардың барлығы кәсіпкерлердің дәлелдерімен ғана емес, қылмыстық істердің нақты материалдарымен де расталады. Жақында ғана Қостанай облысы бойынша ҚТЖ бөлімшесінің басшылары сотталды, олар заңсыз сыйақылар үшін вагондар беру жөніндегі қылмыстық схеманы ұйымдастырған», деді Дмитрий Малахов.

Сондай-ақ «Қазтеміртранс» Қостанай филиалының бұрынғы басшысы Усабековке қатысты қылмыстық іс бойынша оған вагондарды беру немесе бас тарту мәселесін өз бетінше шешуге мүмкіндік берген жасырын процестер анықталды.

«Усабеков лоббизм жасаған кәсіпкерлер тәулік бойы өз вагондарын тапшылық кезеңінде де алды, ал басқалары өз кезегін бірнеше апта күтуге мәжбүр болған. Б.Усабеков жасаған қылмыстары үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, ал пара беруші фирмаға 24 млн теңге көлемінде айыппұл салынды», деп жазды ANTIKOR баспасөз қызметі.

Кеңес қорытындысы бойынша Дмитрий Малахов айтылған ұсынымдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қатаң бақылауында болатынын айтып, ҚТЖ-ны аталған мәселелерді дереу шешуге шақырды.