Егемен Қазақстан • 05 Қазан, 2022

Оқырманның рухани олжасы

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Астанадағы «Қазпошта» акционерлік қоға­мы дәстүрлі «Баспасөзге жазылушылар күнін» ұйым­дас­тырып, үміттерін үкілеген үш тараптың басын қосты. Атап айтқанда, қазпошталықтар мен газет-журнал өкілдері һәм жазылушы оқырман арасында қоян-қолтық қарым-қатынас орнады.

Оқырманның рухани олжасы

Суретті түсірген Игорь БУРГАНДИНОВ

«Жылқы кісінескенше, кісі сөй­лескенше» дегендей, жазарман мен оқырманды дәнекерлеуші қаз­пош­та­лық­тар екі ортадағы алтын кө­пір рөлін атқарды. Жа­зы­лушы жұртпен кездесуге кел­ген республикалық ба­сы­лымдардың жетекшілері өзек­жарды ойларын ортаға сал­ды. Әуелгі құт­тықтау сөзді «Қаз­поштаның» Астана фи­лиа­­лы директорының орынбасары Әсел Сыздықова сөйледі.

Мерекелік іс-шараға көп­теген рес­публикалық га­зет-журнал өкілдері қа­ты­сып, жа­зылушыларға тар­ту-та­рал­ғыларын ұсынды. Рес­­­пуб­ликалық «Egemen Qazaqstan» газеті де жаздырып алушы­ла­рын құттықтап, сый-сия­пат­тарын ұсынды. Белсенді оқыр­мандарына «Egemen Qazaqstan» кітапханасы» се­рия­сымен шыққан кітап­тарын сыйлады.

Мерекелік шараға «Казах­станская правда», «Айқын», «Түркістан», «Ас­тана ақ­ша­мы» республикалық га­зет­­терімен бірге қалалық «Жа­­ңа бастау» басылымы, «Мә­дени мұра», National Geografic, тағы басқа журнал­дар қатыс­ты.

«Бүгінгі ортақ мереке құт­­ты болсын. Баспасөзге жа­­зылу науқаны басталды. Аламанға ат қосқан әр адам­­ның ойында бір-ақ нәр­се тұрады. Ол – бәйгелі бо­лу. Сондықтан осынау рухани марафонда бәріміздің де айымыз оңынан туып, асы­ғымыз ал­шысынан түссін. Жа­зарларыңыз кө­бейіп, оны оқитын көзі қа­рақты оқыр­манымыз одан да көп болсын. Біздің газетімізді таратып, апаратын жеріне уа­қытында жеткізіп жүрген «Қаз­пошта» қызметкерлеріне басшылықтың сый-сияпаты бар еді», деп сөз ұштаған «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орын­ба­сары Талғат Батырхан атал­ған мекеменің бірнеше қыз­мет­керіне Алғысхат пен сый­лықтар табыстады.

Бұдан кейін де бірнеше газет өкіл­дері сөз алып, өз өнім­дерін таратушылар мен жазылушы жұртпен пікір бө­лісті. Қазпошталықтар мен жа­­зылушыларына алғыстарын білдіріп, арнайы сыйлықтарын ұсынды.