Теннис • 05 Қазан, 2022

Бар үміт – Бубликте

26 рет көрсетілді

Теннистен әлемнің ең үз­дік спортшыларының басын қосқан Astana Open турнирінде күн өткен са­йын тартыс күшейіп ке­леді. Кеше елорда тө­рін­де алғаш рет ұйым­дас­ты­ры­лып жатқан ATP 500 са­натындағы бай­рақты бә­секенің бірінші ірік­теу кезеңі аяқталып, екін­ші ай­налымның матчт­ары бас­талды.

Астанадағы Ұлттық теннис орталығында орналасқан Beeline Arena спорт кешенінде өтіп жатқан бәсекенің екінші күнінде жарыс жолына Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Александр Бублик шығып, Astana Open ATP 500 турнирінің екінші айналымына жолдама алды.

Өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсеткен жерлесіміз алғашқы кезеңде әлемнің 54-ра­кеткасы нидерландтық Таллон Грикспурмен шеберлік байқасты. Жалпы, кешегі ойын­ға дейін қарсыластар бір-бірі­мен өзара екі рет кездесіп, еке­уінде де Бубликтің асығы ал­шы­сынан түскен еді. Бұл жо­лы да Александрдың бағы жан­­ды. Астанадағы матчтың бірін­ші партиясында Бублик қар­сыласына бірде-бір сет бер­мей, 6:0 есебімен жеңіске жет­ті. Бірінші кезең небәрі 21 ми­нут­қа созылды. Екінші сетте Т.Грикспур қателіксіз ойнап, таразы басын өзіне аударды – 6:4. Александр алғашқы сеттегі жеңісінен кейін еркінсіп кет­ті ме, әйтеуір бұл партияда брейк-пойнттарын ұтымды пайдалана алмады. Есесіне ондай мүмкіндіктерді қарсыласы мүлт жіберген жоқ.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:1 болған мезетте қа­зақстандық теннисші брейк жасап, кейіннен өз геймінде де жеңіске жетті – 4:1. Алтыншы геймде де тағы бір брейк жасап, 5:1 есебімен партияны аяқтауға жақын тұрған еді. Бірақ кейінгі екі геймде Грикспур де брейк жасап, есеп айырмасын қысқартты – 5:3. Дегенмен Александр допты ойынға қосқан өз геймін сәтті аяқтап, 6:3 есе­бі­мен жеңіске жетті. Бір сағат 40 минутқа жал­ғасқан бәсекеде А.Бублик 15 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.

Бублик бүгін екінші айналымда әлемнің 10-шы, осы жарыстың 7-ракеткасы Польша өкілі Ху­берт Хуркачпен кезде­седі. Ол бірінші кезеңде ар­ген­тиналық Франсиско Черун­долоны (29) екі сетте – 6:2, 7:6 есебімен тізе бүк­тірген болатын.

Сондай-ақ әлемнің төртінші ракеткасы ресейлік Даниил Мед­ведев те екінші айналымға жолдама алды. Ол тұсаукесер кездесуінде әлемдік рейтингте 40-орында тұрған испаниялық Альберт Рамосты екі сетте – 6:3, 6:1 есебімен еш қиналмай ұт­ты. Медведев екінші ке­зең­де финляндиялық Эмиль Руусу­ву­оримен (53) ойнайды. Соны­мен қатар хорватиялық Ма­рин Чилич те жарысты сәтті бас­тады. Ол германиялық Оскар Оттені үш сетте – 7:5, 6:7, 6:2 есе­бімен сү­ріндірді.

Ал әлемнің оныншы ракеткасы Андрей Рублёв екінші айналымда қытайлық Чжичжень Чжанды ұтып (6:3, 6:2), алғаш­қылардың бірі болып ATP 500 Astana Open турнирінің ширек финалына шықты.

Жұптық сында бақ сынаған қазақстандықтар Андрей Голу­бев пен Александр Недо­весов бірінші айналымда фран­ция­лықтар Адриан Маннарино мен Фабрис Мартенге жол берді – 6:3, 4:6, 9:11. Осылайша, Астана до­да­сын­да Қазақстаннан тек А.Буб­лик қана қалды.

Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да тағы бірнеше жол жабылды

Аймақтар • Бүгін, 10:42

Ұқсас жаңалықтар