Қоғам • 05 Қазан, 2022

Ең асыл жан бізге өзің ғанасың

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ана! Мына жалған жарық дүниедегі ең ыстық, ең қастерлі, ең қа­сиетті ұғым! Анам туралы ойларымда, айтар сөзімде шек жоқ. Деген­­мен қалам алып, ақ қағазға анаң туралы өткен шақта жазу қан­дай қиын...

Ең асыл жан бізге өзің ғанасың

Анамды сағындым... Анамсыз өткен бір жыл... Әлі де сене алар емеспін... Сену қиын. Дегенмен бұл да өмірдің бұлжымас қатал заңы. Амалсыз мойынсұнамыз. Мына өмірдің жалған екенін ұқтырып өткен сол ауыр шақтан бастап анама деген мәңгілік сағынышым басталды. Адам басынан өткермесе, барлық жан дүниеңді күйретіп өтер ол күйді жазып жеткізу қиын. Ешкімнің басына бермесін. Аналар аман бол­сыншы!

Ес білгелі етегінде еркелеп өскен анамды ең үлкен қамқоршым санап, оны мақтан ететінмін. Мен үшін анам ұлттың анасы, қазақтың анасы сияқты әсер қалдыратын. Асыл анам 10 бала тәрбиелеп өсірген, екі мәрте «Алтын алқа» иегері атанған кеңқұрсақ, ел арасында қадірі асқақ жан еді. Түн ұйқысын төрт бөліп өсірген ұл-қыздары аман-есен ер жетіп, үлкен өмірден өз орындарын тапты. Анамсыз тәрбие көріп, қанатымыз қатаюы екіталай-тын. Әлі күнге дейін ақылын іздеп, мейірімін аңсап тұрамыз.

Әкем екеуі қандай жарасымды еді. Қанша қиналса да қабақ шытпай, іштей ұғынысып, сыйласып ғұмыр кешті. Әлі күнге дейін ауылдағы қарашаңырақта асқар тау әкемнің жанында жүргендей көрінеді. Алыстан жылына бір-екі рет барып жүргендегі күтіп отырған бейнесі мәңгі есімізде. Ауылға барған сайын мейіріміңізді сағынамыз. Әлі де еркелегіміз келеді.

Өмір заңы – амалым жоқ, таласым...

Жадымызда мәңгі қалдың анашым,

Асыл анам! Нұр шашқандай келбетің,

Ең асыл жан бізге өзің ғанасың!

Асыл анашым, енді сіздің орныңызды ешкім толтыра алмас!

 

Елерке ТӨРЕХАНОВА

 

АСТАНА