Саясат • 05 Қазан, 2022

Аға буынның қолдауы

217 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордада өткен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс Х съезінде ұйым өкілдері алдағы президент сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтындарын мәлімдеді.

Аға буынның қолдауы

«Съездің күн тәртібінде Қазақ­стан Республикасы Прези­денттігіне кандидат ұсыну мәсе­лесі тұр. Бізге бүгінгі сын-қатерге толы уақытта әлемдік саясаттың жағдайын жақсы түсінетін, ел мүддесі үшін қажет кезде батыл шешім қабылдап, көш бас­тай алатын саяси тұлға қажет», деген «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов еліміз үшін маңызды саяси науқанға дайындық басталғанын атап өтті.

– Қазіргі жағдайды геосая­си ахуалға байланысты қарас­тыратын болсақ, Президенттің өкілеттілігін 7 жылға дейін ұзар­туы дұрыс шешім әрі батыл қадам деп санаймын. Кезектен тыс сайлау өткізу ұсынысын да қолдаймын. Еліміздің болашағы, балаларымыз бен немерелеріміз үшін мемлекетте тұрақтылықтың болғаны маңызды. Сонымен бір­ге Мемлекет басшысының алға қойған бағдарламаларын орындау үшін 7 жыл өте қолай­лы кезең. Бұл – президент баста­ған реформаларды жүзеге асыру­ға жеткілікті уақыт. Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлау өткізуді ұсыну арқы­лы ел тағдырына үлкен жауап­кер­шілікпен қарау міндетін қойып отыр. Елімізде білімді, көзі ашық, ұлтжанды азаматтар аз емес. Президенттікке кандидат болғысы келетіндер де әрқашан табылады. Мәселе билікке ұмтылу­да емес, саяси салмақта. Алдағы сайлау – бұл жай ғана прези­дентті таңдау емес, жалпы Қазақ­станның халықаралық дең­гей­дегі позициясы мен іш­кі сая­сатының бағыттарын анықтау­ға бағдарланған саяси қадам бол­мақ, – деп атап өтті Ар­да­герлер бір­лестігінің төрағасы.

Сондай-ақ Бақтықожа Ізмұ­хам­бетов Қазақстанда қабыл­дан­ған реформалардың іске асуын сөз етті.

– Соңғы уақытта Мемлекет басшысының қабылдаған реформалары көптің көңілінен шығып жатқанын өткен референдумға халықтың белсенді қатысқанынан аңғаруға болады. Реформаның жолы ешқашан жеңіл болған емес. Еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Президент Әділетті Қазақ­станды құру жолында түбе­гейлі және жан-жақты рефор­маларды табысты жүзеге асыру үшін, халықтың жаңа сенім ман­даты қажеттігін, мемлекет мүд­десін бәрінен биік қоя­ты­нын және кезектен тыс пре­зи­дент сайлауына баруға дайын еке­нін айтты. Президент ман­даты­ның ұзақтығын, қайта сай­лану­ға тыйым салынатын жетіжыл­дық бір мерзіммен шектеуді ұсын­ды. Бұл болашақта билікті мен­шіктеп алудың кез келген əрекетінің алдын алады. Осы рефор­ма­лар ойдағыдай іске асқан са­йын, ел аза­маттарының əл-ауқаты көтеріле түседі. Мемле­кеті­­міз үшін маңызды саяси нау­қанға біз, арда­герлер үлкен жауап­кер­­­ші­лік­пен қарауымыз керек. Қазір­гі уа­қытта Президенттің ұсынған ре­фор­маларын қолдау елі­міздің бо­ла­шағы үшін аса ма­ңызды. Дү­ние жүзін жайлаған эко­­но­мика­лық қиындық біз­дің елімізді де айналып өткен жоқ. Көршілері­міз­де болып жат­қан шиеленістер, салынған санк­циялар, түрлі шектеулер Қазақ­станның экономикасына да әсер етпей қоймайды. Сол себепті Мем­лекет басшысының саясаты­на қолдау көрсетіп, қоғам дамуын­дағы өзгерістердің мән-жайын халық арасында түсіндіру – арда­гер­лердің негізгі міндетінің бірі, – деді ол.

Съезде өңірлерден келген Ардагерлер кеңесінің өкілдері де сөз алып, пікір білдірді.

– Мемлекет басшысы халық­қа үндеуінде, сайлау науқа­ны­ның қатаң түрде заңға сәйкес, әділ әрі ашық өтетініне кепіл­дік беретінін жариялап, барша азамат­тары­мыздың жауапкершілікті сезініп, демо­кратия, заң және тәртіп қағи­­даттарын берік ұстауға ша­қыр­­ды. Алайда кезектен тыс пре­­зидент сайлауының өтетін күні белгіленгеннен бастап ел ара­сындағы рухани құндылық­тары­мызды өрістетудің орнына, араздық құралдарын пайдаланып, іріткі салушылар қарқыны белең алуда. Қазір бел­гілі бір топтар, олардың жандай­шап белсен­ділері, облыс орта­лық­тарын аралап, жалаң сөзбен, бос уәдемен кеуделерін соғып, күні бұрын мен президенттікке өтемін деп, бай­балам салып жүргендер де бар. Олардың көпшілігі жеке басы­ның сойылын соғып, жеме-жемге келгенде жалған белсенді болып шыға келеді. Әрине, халықтың ақ пен қараның жігін дәл ажырата білетініне сенім мол, – деді Аты­рау облыстық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Мұрат Өтешов.

Ал Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Би­жанов Мемлекет бас­шы­сы­ның Қазақстан хал­қ­ына Жолдауын­дағы «Азамат – бизнес – мемлекет» үш­тігін қайта құру мәселесіне тоқ­талды. «Бұл үштік байланыста мүмкіндіктер теңдігі мен барлығына әділдік орнату міндеті тұр. Сонымен қатар бұл Жолдау азаматтардың өмір сүру дең­гейін арттыруға бағыт­талғанын атап өткім келеді. Зейнет­ақының ең төменгі база­лық мөлшерін күнкөріс деңгейі­нен 70 пайызға дейін, ал ең жоғарғы мөлшерін 120 пайызға дейін біртіндеп ұлғайту, сондай-ақ Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасын дайындау және іске асыру туралы бастамасы үлкен әлеу­меттік-экономикалық маңызға ие. Жолдау елдің сая­си жүйесін толық өзгертеді. Қоғамдық игіліктердің жоғары дең­гейіне және халықтың әлеу­меттік осал топтарына, соның ішінде зейнеткерлерге қолдау көрсетуге кепіл­дік берілді. Жолдау экономика­лық перспективаларды тек нығай­ту ғана емес, оларды кеңейту­де әлеуметтік институттарды дамытуға шақырады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының осы жылы президенттің кезектен тыс сайлауын өткізу, президент мандатын бір реттік және 7 жылмен шектеу туралы ұсыныстарын ерекше атап өткім келеді. Бұл ұсыныс Президенттің демократия қағидаттарын ұстануының, Қазақстанның тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз етудің көрнекті үлгісі болып табылады», деді Ақан Бижанов.

Ардагерлердің кезектен тыс съезіне 100-ге жуық делегат қа­тыс­ты. Олардың барлығы алда­ғы президент сайлауына үміткер ретінде бір­ауыз­дан Қасым-Жомарт Тоқаев­тың кандидатурасын қолдады.