Руханият • 06 Қазан, 2022

Күй аңызы

1170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Құрманғазы күйлері – қазақтың салқар даласын, паң даласын еске салады. Тегеурінді, жорғалаған күйлер жан азығы, көңіл шипасы. Әр адамның өмірбаяны болатыны сынды, әр күйдің өз өмірі, аңызы болары айқын. Ендеше, күйшінің қадау-қадау күйлерінің аңызы мен ақиқаты аралас тарихына көз жіберелік.

Күй аңызы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Адай»

Бір сапарында Құрманғазы адай жауынгерлеріне кездеседі. Жауынгерлердің екі мыңдай түрікмен сарбаздарымен май­данға шыққалы тұрғанын естіп: – Бұлар өздерінен бірнеше есе көп жауға қалай шабайын деп тұр? Қалай болар екен? – деп биікке шығып ұрыстың бағытын бақылайды. Бұл кезде үш жүз адай әскері бір қатарға тұрып, аттарының құй­рығына қойдың терісін (тулақ) байлап, қатар тұрған күйінде қап­тап тұрған түрікмендерге қар­сы шапқан. Түрікмендерге қатар шауып келе жатқан адай жі­гіттерінің сүйреген тулағынан үлкен шаң көтеріліп, қою шаңнан олар өте көп болып көрінеді. Тү­рік­мендердің бойы­н лезде үрей билеп, адайлар жа­қын­дағанда кейін қарай бытырай қашқан. Олар­дың артынан қуып, жеткен­дерін құлатып, қырған деседі. Мұны мұқият бақылап тұрған Құр­манғазы адайлардың тапқыр­лығына, ба­тырлығына таң қалып һәм ар­қаланып, сол жерде-ақ «Адай» күйін шығарған екен.

«Ақсақ киік»

Бірде Төремұрат, Нарынбай­дың ауылында жүрген Құр­манғазы киік атуға шығады. Әл­дебір киікке оқталарда

жа­­нын­­дағылардан «Киіктің қай жерінен тигізейін?» деп сұ­рап­ты. Сонда күйшінің жолдас­та­рының біреуі осы ти­гізе қояр деймісің дегендей: «Аяғынан» дей салыпты. Сонда Құрманғазы киікті көздеп атып, дәл артқы аяғына тигізіпті. Киік үш аяқтап ақсаңдап, қаша жөнелсе керек. Қожаңдап «қуамын» деген жі­гіттерге Құрманғазы рұқ­сат етпейді. Өзі домбырасын алып сол арада бір күй шер­теді. Құр­манғазының сырына әбден қанған Төремұрат күй­­шінің қасына ешкімді жі­бермей, әбден күйін шертіп бол­ғанда ғана: «Жиен­жан, бұл арада тағы бір нәр­се туып қалды білем, атын қойдың ба?», деп сұрайды. Сонда Құр­манғазы біраз кідіріп, қуанған емес, күйінгендей келбетпен: – Нағашыеке, жаралының бәрі жаралы, жанның бәрі бірдей, өмір үшін күресте кімге оқ дарымайды. Біздің тұсымызда жаралы жан жалғыз киік пе? Атпайын деп едім, сіздің мына бір жігіттеріңіздің қыздырма сөзімен аттым. Бұл күйімді анау ақсап кеткен киіктей жаралыға арнадым, аты «Ақсақ киік» болсын,– деген екен.

«Қайран шешем»

Бірде күйші Орал түрмесіне тоғытылады. Түрменің Орда түр­месіндей емес, мықты, берік екенін көріп біраз налиды. Бір­неше күн ешкіммен кеңеспей, өзімен-өзі болып, қалың уайым теңізіне батады. Бір күні қысқа серуен кезінде Лавочкин деген тұтқынмен танысады. Ол «ақ патшаға тілі тигені үшін» қамалған орыс еңбекшісі болып шығады. Өзі қазақ арасында жүріп, қазақ тілін жақсы біледі екен.

Лавочкин өз шешесінің талай мейірбанды істерін есіне алып, әңгіме етеді. Құрманғазы болса небір еркеліктер көз алдына елес­теп, көрер таңды кө­зімен атырады. Қатар жатқан Лавочкин де өзімен-өзі сырласып, аунақшып ұйықтай алмай шығады.

Ертеңінде Құрманғазы дом­­­быраның қос ішегінде бір ес­керт­кіш қалдырайын деп күй шертеді. Күйді Лавочкинге тар­тып бергенде, екеуінің ер мінезі бір сәт кейінге шегініп, жү­­ректері босап, көз жасына ерік береді. Бірақ өмірдің не­бір өткел бермес асуларынан, асқар белдерінен өткен қайратты жігіттер тез өздерін-өздері жинап алып, күйді қайта-қайта орындап, тыңдап, оның ішінде тек сағыныш ноталары ғана емес, күш-қуат барын, тіпті сар­­тылдап қашып бара жатқан аттың тұяғының сарыны барын естігенде, бірін-бірі тілсіз түсініп, ол сарынның арман дау­сы екенін сезінеді. Ақыры екеуі ақылдаса келе күй атын «Қайран шешем» деп қояды.