Қоғам • 06 Қазан, 2022

Халықпен кездесулерге мән берейік

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әкімдердің халықпен кездесулер өткізу туралы Қазақстан Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы Жарлығына сәйкес ауданымызда әкім аппараты осы ресми құжатты орындау мақсатында аудан, ауыл әкімдерінің қай күні, қай жерде халықпен кездесу өткізулері керек екендігі жөнінде кесте түзген болатын. Кестеге сәйкес халықпен алғашқы кездесулер 11-26 мамыр аралығында округтерде өткізілді.

Халықпен кездесулерге мән берейік

26 мамырда аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов пен Тасқала ауылдық округінің әкімі Гүлжан Мұхамбетқалиева аудандық мәдениет үйінде бірлескен кездесу ұйымдастырды. Іс-шараға мекеме басшылары, прокуратура, ішкі істер органы қызметкерлері, депутаттар, қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл тұрғындары, зейнеткерлер қатысты. Жиналғандар көкейлерінде жүрген сауалын қойып, тұщымды жауап алды. Атап айтқанда, 200 орындық балабақша құрылысы, көшені жарықтандыру, «Азалы ана» ескерткішін жөндеу, зиратқа жер бөлу, жолдарды қалпына келтіру, Пушкин көшесіндегі табанжолды қайта салу сияқты маңызды мәселелер көтерілді. Ал Прези­денттің Жарлығында осындай кездесулерден кейін жергілікті атқа­рушы органдар мен прокуратура, ішкі істер бөлімі басшылық құра­мынан, мәслихат депутаттарынан, қоғамдық кеңес мүшелерінен жер­гілікті зиялылармен бірлесіп, азаматтарды жеке қабылдау талап етіледі.

Жалпы, ауылдарда жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан көп шаруаның бір ұшы ауыл әкіміне барып тірелетіні де рас. Осы орайда биылғы жылдың үшінші тоқсанында округ әкімдерінің халықпен кездесулері жалғасқан болатын. Өкінішке қарай, округ әкімі Г.Мұхамбетқалиеваның бұл жолғы кездесулері көшелерде, аулаларда, ойын алаңдарында ұйымдастырылғандықтан, адам аз жиналып, формальды өтті. Сондықтан ауыл әкіміне халықпен тоқсан сайынғы кездесулеріне айтарлықтай мән беріп, басқосуларды далада емес, барлық құзырлы органдар басшыларының қатысуымен аудандық демалыс үйінде өткізсе деген тілегіміз бар. Әйтпесе, бірде-бір жауапты қызметкер төбе көрсетпейтін, екі-үш адам ғана жиналатын кездесулерден не үміт, не қайыр?

 

Бисенбай ӨТЕГЕНОВ,

зейнеткер, аудандық қоғамдық ұйым мүшесі

 

Батыс Қазақстан облысы,

Тасқала ауданы