Президент • 06 Қазан, 2022

Қоғамда білім үстемдігін қалыптастыратын кез келді - Тоқаев

316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция форумында Мемлекет басшысы қоғамда заңдылық пен тәртіптің қатаң сақталуына баса мән беретінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қоғамда білім үстемдігін қалыптастыратын кез келді - Тоқаев

«Мен қоғамда заңдылық пен тәртіптің қатаң сақталуына баса мән беремін. Мұны үнемі айтып жүрмін. Осы ретте, тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам және есірткі саудасы үшін жаза күшейтілді. Браконьерлікке қарсы заңдарды қатайттық. Табиғатты қорғау жұмысын мемлекеттік деңгейге көтердік. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша тәртіп сақшыларының қызметін реформалау басталды», деп атап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда білім мен ғылым саласына назар аудару жалғаса береді.

«Біз білім, ғылым саласын дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қала және ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты жою үшін нақты шаралар қолға алынды. Білім сапасы төмен жоғары оқу орындары жабыла бастады. Дарынды жастарды қолдау үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант беріле бастады. Жас ғалымдарға әлемнің беделді ғылыми орталықтарында озық білім алу үшін 500 және «Жас ғалым» жобасы аясында 1000 грант бөлінді. Жалпы, білім беру және ғылым саласы әрдайым мемлекеттің назарында болады. Мен бұл салаларға ерекше мән беремін. Қоғамда білім үстемдігін қалыптастыратын кез келді», деп түйіндеді Президент.