Күз мезгілі – суретшілер, мүсіншілер, сәндік қолданбалы өнер шеберлері үшін шығармашылық шабыт кезеңі. Жыл сайын «Алтын алма» көрме-жәрмеңкесін ұйымдастыратын Орталық Мемлекеттік музейдің сол шебердің бәрін де шақырып, Қазақстан және Орта Азия аумағында алма идеясын ширата түсетіні құптарлық дәстүрге айналған. Алма идеясы – бір ғана жемістің тарихы емес, көпқырлы талант иелері оған шексіз мағына сыйғызады. Натюрморт пен пейзаж, портрет пен жанрлық көріністер, кескіндеме, графика, фотосуреттер мен гобелен, бисер мен батик сияқты сәндік өнер туындыларында көрініс тапқан. Бір тақырыпты әр суретші өзінше тарқатады, әр шебер өзінше жырлайды. Таныс тақырыптың шексіз қиялмен түрленіп, дүниетанымға дара сипатымен қозғау салатын қасиеті келгендердің таңданысын тудырмай қоймайды.
Көрмеге Қазақстанның барлық өңірінен, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген қолөнер шеберлері өздерінің сәнді, әсем бұйымдары мен кәдесыйларын, зергерлік бұйымдар, дизайнерлік ойыншықтар, әдемі құрақ көрпешелер, киізден және жібек матадан жасалған бұйымдар мен киімдер, сазды аспаптар, шығыс миниатюрасы, тоқыма, теріден жасалған заттар, сандықтар мен кілемдер ұсынды.
Қолданбалы өнер туындыларын қызықтағандар бұл заттардың жасалу техникасымен танысып қана қоймай, жылдағы дәстүр бойынша шеберлік сабақтары негізінде өз қолдарымен қыштан құмыра жасап, киіз басып, сурет салып, әртүрлі кәдесый жасаудың әдіс-тәсілін үйренеді. Мұның ең пайдалы жағы, адам бұрын байқамаған, бойында бұғып жатқан беймәлім қасиетін танып, қолөнердің қандай түріне бейімі бар екенін біле алады. Көрме-жәрмеңкеде Марат Сәрсебаев қыш жасаудан, Александра Волкова бисермен тоқу өнері бойынша шеберлік сабағын өткізгенде, келгендердің аса ықыласпен ниет танытқаны сондықтан болса керек.
Көрме-жәрмеңкені ұйымдастырушылардың басты мақсаты – Орталық Азия халықтарының материалдық мәдениетінің алуан түрлілігін көрсету болса, қала тұрғындары мен қонақтары қолөнер бұйымдарының үздік үлгілерімен танысып, дәстүрлі жәрмеңкені алдағы жылы асыға күтетінін айтып тарқасты.
АЛМАТЫ