Ғасырға жуық жөңкілген уақыттың сексен бес жылы жан-жүрегін айқара ашып, бауырына басқан қазақ еліне тиесілі. Құрылған күнінен бастап корей халқының өмірімен тығыз байланысты тіршілік кешіп келе жатқан театр Қазақстанда өмір сүретін барлық корейлердің басын қосып, тілі мен ділін ұмыттырмай, өнері мен дәстүрін ұйыстыратын ірі орталық ретінде Отанымыздың көпұлтты мәдениетінің бөлінбес бір бөлшегіне айналып кеткен.
Республикадағы ең озық шығармашылық ұжымдардың ортасында өз орны бар Мемлекеттік академиялық корей музыкалық театрының салтанатты жиыны үш тілде – қазақ, корей және орыс тілдерінде жүргізілгені, әсіресе жүргізушілер мен шақырылған қонақтардың қазақ және корей тілдеріне басымдық бере сөйлегені театрдың мемлекеттік тіл саясатын дамытуға немқұрайды қарамайтынын, қазақ тілін шынайы қадір тұтатынын байқатады. Театр әртістерінің дені мемлекеттік тілді еркін меңгерген, ал жүргізуші Сергейдің тілі тіпті жатық. Театрды мерейтойымен құттықтап келген қонақтар да ақ тілегін мүмкіндігінше қазақ тілінде ақтарып, корей мен қазақ елінің туыстығын осы өрістен тауып, тарқатып жатты.
Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев театрдың торқалы тоқсан жылдық тойына тарту ретінде бірқатар әртістер мен қызметкерлерді төсбелгімен марапаттады. Мәдениет саласының дамуына ерекше үлес қосқан еңбегі үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Сергей Ким, ал құрмет граматосымен PhD, халықаралық байқаулардың лауреаты Анна Цой, Роман Цой, Анастасия Цой, Super star KZ байқауының қатысушысы, I m singer Kazakstan байқауының жеңімпазы Роман Ким, театрдың жетекші әртісі Наталья Ли марапатталса, министрліктің Алғыс хаты театрдың бас балетмейстері Лариса Ким, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Зоя Ким, театр әртістері Еңлік Әшімова, Константин Пак, Евгения Юнға тапсырылды.
Алматы қалалық мәдениет басқармасының өкілі Мақсат Жайықов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Секретариаты этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің және Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Назар Балғымбаев құттықтап, Қазақстан мәдениетін байытып, өнерін түрлендіру жолында өлшеусіз еңбек сіңіріп келе жатқан Корей театрының осы саладағы жаңашылдық пен заманауи ізденіс жолындағы мақсатын жан-жақты атап өтті. Қазақстандағы корей қауымдастығының төрағасы Юрий Шин театр әртістері Ангелина Югай мен Бақтияр Разиевке Ким Дин атындағы сыйақыны табыстады. Сондай-ақ салтанатты жиынға Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Бас консулы Пак Нэ Чхон арнайы келіп қатысты. «Қазақстандағы Корей мемлекеттік академиялық драма театры тарихи отанынан жырақта өмір сүретін корейлердің тілін, тарихын, дәстүрін сақтау жолында ауқымды іс атқарып отырған күллі әлемдегі бірегей маңызы бар театр. Тоқсан жылдық тарихында театр өз елінің, алыс-жақын посткеңестік елдердің көрермендеріне кәсіби шеберліктің үлгісін көрсетіп қоймай, халықаралық өнер алаңдарының биік бағасы мен ауқымды бәйгелердің марапатына ие болды. Осы театрдың арқасында Қазақстандағы және Орталық Азиядағы корейлер ұлттық бірегейлігі мен бет-бейнесін сақтай алды. Корей театрының дамуы үшін үздіксіз қолдау көрсетіп келе жатқан Қазақстан Республикасының Үкіметіне алғыс білдіремін», деді Бас консул Пак Нэ Чхон.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында театр мен сахнаны сақтау жолындағы тауқыметке төтеп беріп, Корей театрының өркендеуі үшін аянбай тер төгіп, отыз жылға жуық директор болған Любовь Ни ұзақ жылдар бойы Қазақстандағы корей мәдениетінің дамуы үшін өнер ошағына демеушілік жасап, қолдап келген диаспора өкілдеріне, зиялы қауымға, кәсіпкерлер мен жай ғана қарапайым жанашыр азаматтарға алғысын білдірді. Салтанатты жиынның ресми бөлімі аяқталған соң мерейтой меймандары мен көрермендер «Бізге 90!» спектакль-концертін тамашалады. Басты кейіпкер Флейташы театр жайлы, оның қызықты да қиын ұзақ тарихы туралы сыр шертіп, театр қызметкерлерінің, корей театрында аты қалған белгілі тұлғалардың өмір жолы мен жетістігі жайлы баяндады.
Тарихи отанынан басқа әлемнің бірде-бір елінде баламасы жоқ, тек қазақ жерінде көктеп, өркен жайып, жеке отау болып отырған Корей театры – өз халқының қымбат қазынасы, мақтанышы және ұлтының байлығы. Көрнекті театр қайраткерлерінің шығармашылық шеберлігінің негізінде шыңдалып, кейінгі бірнеше буын талантты шәкірттердің өнерімен өз орнын айшықтаған театрдың тарихы Қазақстан корейлерінің өмірімен біте қайнасып, біртұтас тарих парақтарын толықтыра бермек.
АЛМАТЫ