Білім • 06 Қазан, 2022

Білім сапасы қалай бағаланады?

779 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі білім беру жүйесіндегі өзгерістер қоғамды дамыту, ақпарат алмасу, мәдени байланыстарды кеңейту, бәсекелестік, адами капиталға көңіл бөлу сияқты бірқатар факторды қамтиды.

Білім сапасы қалай бағаланады?

«Өзгерістер кезеңінде әлемде тең дә­ре­жеде білім беруді ілгерілету» атты ICBCB ХХ халықаралық кон­ференциясында сарапшылар осы тақырыптарға мән бере отырып, сапалы білім берудегі әдіс-тәсілдерді тал­қылады. Ұлы­британия, Үндістан, Тайланд, Қыр­ғыз­стан, Ресей сарапшылары қа­тыс­қан ғылыми іс-шарада қазақ­стан­дық ғалымдар білім берудегі тәжіри­бе­лерімен бөлісті.

Жиын барысында Сүлеймен Деми­рел атындағы университеттің ректоры Әлімжан Бекежанұлы жаһандану дәуі­рінде тұтас білім беру жүйесіне негіз­делген құндылықтарды және түрлі мә­дениет ынтымақтастығы, қарым-қа­ты­нас­ты дәріптеу мәселесіне тоқ­тал­ды. Осы орайда халықаралық байланыс алаңын құрудың маңыздылығын атап өткен ректор мұндай алаң білім сала­сындағы өзекті мәселелерге орай пікір алмасып, оңтайлы шешімін табуға ықпал ететінін жеткізді. Ал жиын ба­рысында сарапшылар ұсынған зерт­теу­лер­дің білім беру үрдісінде ескерілгені абзал.

Білім саласындағы өзекті мәселелерді арқау еткен жиында Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов бала­лар­дың тең дәрежеде сапалы білім алуына мән беру қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл – Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша күн тәртібінде тұрған өзекті мә­се­ле. Сарапшылардың осы тақы­рып­та­ғы зерттеулері оның нақты шешу жолдарын тауып, механизмін ұсынуы қажет.

Халықаралық ғылыми конференцияда білім беру жүйесін жақсартуға арналған тың пікірлер айтылды. Осы орайда білім беру саласындағы тәуелсіз зерттеуші, әлемде «қабырғадағы саңы­лау» тәжірибесімен танымал болған, із­де­ністері миллиондаған үндістандықты, соның ішінде әлемдегі тұрмысы төмен балаларды оқыту мен дамытуға септігін тигізген Сугата Митра өз тәжірибесімен бөлісті. Үндістандық ғалымның пікіріне ден қойсақ, білім саласындағы емтихан жүйесі дұрыс емес. Өйткені пандемия кезінде адамдардың өз бетінше білім ала алмауының салдарынан білім сапасы төмендеді. Оған әлемдегі білім жүйесіндегі емтихан алудың дұрыс болмауы әсер етті.

NIIT университетінің профессоры Сугата Митра тұрмыс жағдайы төмен, ком­пьютер көрмеген балаларға Кал­кад­жиде, Делиде эксперимент жасап, лашық­тар­дың ішіне компьютер орналастырып, балаларға оны еш қадағалаусыз, еркін пайдалануға рұқсат еткен. Ғалымның бұл тә­жірибесі балалардың компьютерді өте оңай меңгеретіндігін дәлелдеуге бағыт­тал­ған.

«Бұл зерттеуді минималды инвазивті білім (MIE) деп атадым. Экспериментті бір­неше рет өткізіп, Үндістанның ауыл­дық жерлеріне 23 дүңгіршек орналас­тырдым. 2004 жылы ол Камбоджада өтіп, 20 балаға 5 компьютер берілді. Тә­жірибе барысында олардың топтық жұ­мысқа бейімділігі, коммуникациялық дағдыларды қалыптастыруы басты назарда тұрды. Нәтижесінде, балалар ере­сек­тердің қадағалауынсыз өз білімі мен ресурстарын біріктіре алатынын, компьютер мен интернет берсе, тіпті ағылшын тілін білмегеніне қарамастан, оны пайдалануды өз бетінше үйрене алатынын көрсетті», дейді Сугата Митра.

Ең маңыздысы – білімге деген құш­тар­лық, ізденіс. Балаға қойылған сұраққа ешкім жауап бермесе, ол ғаламтордан іздейді, сол арқылы оның бойында қа­жет­ті дағдылар қалыптасады, ашылады. Олар ғаламтордан тапқан жауаптарымен бөліседі. Сондықтан балаларға жауабын айту арқылы емес, сұрақ қою арқылы бі­лім беруіміз керек.

Ғылыми конференцияда Қыздар ұлт­тық педагогикалық университетінің рек­торы Гүлмира Қанай үндістандық профессордың емтихан туралы ойына пікірін білдіре келіп, «Әр әлде емтихан жүйесі әртүрлі және арнайы бағалау өлшемдері бар. Көп жағдайда жылдам әрі ыңғайлы болғандықтан, тестілеу жүйесі қолданылады. Бірақ өкінішке қарай, білім беру жағынан, дағдыларды қалыптастыру тұрғысынан ақаулар өте көп. Сол бағытта қазіргі таңда елімізде бірқатар өзгеріс орын алатын болады. Оның ішінде ҰБТ, басқа да маңызды бағалау жүйелері бар. Алдымен, емтихандарда сыни ойлау бар ма, осы уақытқа дейін алған білімінің аясында жүйелі түрде талдау жұмысын ұсына ала ма, соны бағалау маңызды. Бұл, әрине, ұзақ уақытты талап ететіні сөзсіз. Дегенмен бастама бар. Биыл уни­вер­ситеттегі науқанды «Сапалы баға­лау жылы» деп атадық. Қазір бағалау жүйесін қайта қарастырудамыз. Осы орайда Сугата Митраның пікірімен келісемін» деді. Әлемде бағалау жүйесі үнемі даму үс­тінде болуы керек. Ал баланың алған бі­лімін бағалау үшін гаджеттерді пайдалану нақты шешім емес.

Жиын барысында, сонымен бірге КИМЭП профессоры Жұлдыз Смағұлова, Назарбаев университетінің профессоры Дуйшон Шаматов, тағы басқа да сарапшылар сапалы білім беру мен әлемдік өзгерістер туралы пікірлерімен бөлісті.

 

АЛМАТЫ