Пікір • 07 Қазан, 2022

Жол жақсармай, іс оңғарылмайды

114 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел мен ел басшысының ой-ниеттері, мақсаты үндессе, алынбайтын асу жоқ. Соның бір үлгісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды халқымен кездесуінде анық байқалды. Жиында Президентіміз жылдар бойы ел көңілін мазалап келе жатқан түйткілді мәселелердің түйінін тарқата көрсетті, талаптар қойды, атқарылуға тиіс жұмыстарды нақтылады.

Жол жақсармай, іс оңғарылмайды

Тәуелсіздік алғаннан бері халықты ұдайы мазалап келе жатқан күрделі мәселенің бірі – жер мәселесі. Осы жиын­да бұл мәселеге баса назар аударыл­ды, байтақ жерімізді тиімді пай­далану қажеттігі – бүгінге парыз, келешекке аманат екені айтылды. Айтылып қана қойған жоқ, өткеннің қателігін түзеу созбақтауға келмейтін міндет екені алға тартылды. Бұл міндетті тездете шешу үшін кешегі уақытта латифундистерге заңсыз берілген жерлер қайтарылып, шаруашылық ашуға, кәсіппен айналысуға мүдделі азаматтарға әділ жолмен қайта бөліну қажеттігі мақсат етіп қойылды.

Елдегі ірі өндіріс орындарына деген халықтың көзқарасы да әр­түр­лі. Оның өзіндік себептері де аз емес. Соның ішінде көптің көңі­ліне күмән тудыратын жағдай алпа­уыт компаниялардың елмен санас­пай, бүгінге дейін дербес мемлекет сияқты болып келгені еді. Президент назарынан бұл проблема қалыс қалмай, осы бағытта қолға алынатын шаралар елмен кездесу барысында нақты көрсетілді. Мемлекет басшысы елімізде жұмыс істейтін іргелі өндіруші компаниялардың бәрі ендігі уақытта мемлекет тарапынан жіті бақылауда болатынын анық­тай жеткізді. Мемлекет мүддесін құр­меттеу, өндірісті жаңғырту, экология­ны қорғауға назар аудару, еңбек заң­дылығын сақтау – баршаға ортақ талап екенін қадап айтты.

Логистика – экономиканың күретамыры. Ел ішіндегі жолдар жақсармай, істе береке болмайды. Сол себепті Қ.Тоқаев өңірдің қар­қынды дамуына серпін беруі бірінші кезекте жол мәселесіне ерекше мән беру керектігіне тоқталды. Орталық-Оңтүстік көлік дәлізінің салыну қарқыны баяу екенін ескертті, жұмысты ширату қажеттігіне назар аударды.

Үкіметке Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бурылбайтал тас жолын алдағы жылы толық аяқтауды, сапасын қатаң бақылауды міндеттеді. Сондай-ақ, Қарағанды – Жезқазған, Қарағанды – Қарқаралы күре жолдарын жөндеу жұмыстарына келер жылы кірісу қажеттігін тапсырды.

Бұл – қай-қайсы да халық көңілінен шығатын, көптен шешімін күткен мәселелер. Президенттің кездесу барысында айтқан сөздеріне сеніммен қарап, үмітін үкілеп отырған елдің ендігі ойы осы жұмыстардың өз уақытында сапалы орындалуы.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру енжарлықты көтермейді. Ендеше, аймақтардың еңсесі биіктей беруі үшін бір кісідей жұмыла еңбек етейік.

 

Аманжол ӘЛТАЕВ,

Мәжіліс депутаты