Пікір • 07 Қазан, 2022

Жаңа реформаға сенім зор

168 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

20 қарашаға белгіленген кезектен тыс Президент сайлауы үлкен саяси реформаларды жүзеге асыруға байланысты туындап отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен Әділетті Қазақстан жолымен жүру үшін халық сенімі мен нақты жоспар қажет.

Жаңа реформаға сенім зор

Қаңтар оқиғасынан кейін беті ашылған келеңсіздіктерді еңсеру, алдағы уақытта әділет­сіздіктерге жол бермеу, қоғамды жаңарту, биліктің халыққа есепті болуын қамтамасыз ету – Қазақстан халқының басты талабы. Бұл туралы  халық өз пікірін ашық айтуда.

Президент сайлауы – демократияны дамыту­ға, мемлекеттік институттарды нығайтуға, жергілік­ті өзін-өзі басқаруды күшейтуге, сол арқылы толыққанды халықтық билік органдарын қалыптастыруға бағытталған қадамдардың басында тұр деп түсінемін. Біз халық билігін орнатуды демократиялық жолмен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл орайда, сайлаушылардың алдағы өтетін сайлаулардың бәріне жауапкершілік­пен, сауаттылықпен қарағаны абзал. Өйткені әлемнің қарқынды интеграциялануы, күн са­йын күрделене түскен геосаяси жағдайлар, экономикалық үдеріс­тер, ішкі, сыртқы саяси ахуал секілді маңызды факторларды назарға алмау мүмкін емес.

Кеше ғана өткен дәстүрлі және әлемдік діндер лидерлерінің съезінде Израильдің раввині әрбір еврейдің өзінің таңғы дұғасында Жаратушыдан сұрайтын екі мәселесін айтқаны еске түсіп отыр. Оның біріншісі – әр еврей азаматы Израильге жақсылық сұрайды, екіншісі бүгін кездескен адамының жақсы жақтарын көрсетуді сұрайды. Қазір біздің еліміз үшін, жалғыз Отанымыз – Қазақстан үшін осындай тілектерді тілейтін, ниетті түзейтін, жаңаруға үлес қосатын уақыт деп санаймын. Мен Қазақстанның жаңару идеясына сенемін.

Президент сайлауы елімізде сайлау парадигмасын жақсартуды, оның ашықтығы мен сайлау үдерісіне халықтың сенімін қамтамасыз етуге тиіс деп ойлаймын. Бұл сайлауда сайлаушылар ой-пікірін ашық айтады, өз таңдау­ларын жасауына ешкім тосқауыл қоя алмайды. Сайлау барысындағы саяси платформалардың бәсекелестігі азаматтардың саналы таңдауына алып келеді, сайлау әділетті өтеді деп сенемін. Президент сайлауының транспарент­ті өтуі елі­міздің халықаралық қауымдастық­тағы беделін арттырып қана қоймай, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға және экономикамыздың одан әрі қарыштап дамуына жол ашпақ.

Халықтың басым бөлігі ең алдымен әлеумет­тік-экономикалық мәселеден өзгеріс күтеді. Мәселен, жақсы өмір сүру, бақуатты тұрмыс кешу, бағаның, газ бен жанар-жағармайдың арзандауы, инфляцияның төмендеуі, жалақының өсуі деген секілді. Тұрмысы түзелсе, соған ырза болып, тіршілік дөңгелегін сүйретіп жүрген қарапайым халық бар. Бұл сайлаудың әділетті болуы, ерікті сайлау институтының орнауы, жаңа саяси қоғамдық бірлестіктердің аренаға шығуы, сол арқылы Парламенттің жасақталуы, міне, шын өзгеріске нақты жасалған қадамдар осылар.

Конституциялық реформалардың түпкі мақ­саты – халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік теңсіздікті жою, елдің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталғанын ескерсек, бұл сайлаудан кейін еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, уәде етілген, жоспарланған шаруалар кезең-кезеңімен нәтижелі жүзеге асады деген сенім мол.

 

Ләззат СҮЛЕЙМЕН,

Сенат депутаты