Елорда • 07 Қазан, 2022

Елордада газдандыру жұмыстары жалғасып жатыр

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаланың қарқынды дамуы мен халықтың өсуін ескере отырып, Астанада үш газ жылу станциясының, ЖЭО-3, сорғы-сүзгі станциясының (ССС-3) және т.б. құрылысы жүргізіліп жатыр, Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында стратегиялық объектілердің құрылысы туралы Алтай Көлгінов айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада газдандыру жұмыстары жалғасып жатыр

«Мысалы, 2019 жылдың басында елордада 1 млн 30 мыңнан астам адам тұрды. Биыл - 1 млн 330 мыңнан астам адам. 3-4 жыл ішінде халық саны 300 мың адамға өсті. Бұл санды облыс орталықтарындағы адам санымен салыстыруға болады. Инженерлік инфрақұрылымды құру қажет: су, жарық, жылу. Өздеріңіз білетіндей, ЖЭО-3 - ұзақ мерзімді, 10 жылдан астам уақыт бойы салынып келеді. Мердігерге хабарлама жіберіліп, ол құрылыс қарқынын арттырды.

Бірақ ЖЭО-3-тің де қуаты жеткіліксіз болады. Сондықтан үш газ жылу станциясының құрылысы басталды. Олардың әрқайсысының қуаты ЖЭО-3-тің қуатынан асып түседі. Газ жылу станциялары келесі жылдан бастап кезең – кезеңімен пайдалануға беріледі. Сонымен қатар біз Наурыз, Жұлдыз, Арай және т.б. электр қосалқы станцияларын жобалауды және реконструкциялауды жүргізудеміз», деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Сумен жабдықтау мәселесін жүйелі шешу үшін өткен жылы елордада сорғы-сүзгі станциясының құрылысы басталды. ССС-3 қазіргі қуатын арттырып қана қоймай, болашақ құрылыс аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етеді. Бүгінде қала тәулігіне 300 мың текше метр су тұтынады. Жаңа ССС-ның қуаты - тәулігіне 100 мың текше метрден астам су. ССС- 3 жұмысы ішінара осы жылдың соңына дейін іске қосылады - тәулігіне 35 мың текше метр су. 2023 жылдан бастап қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метрден астам суды құрайды.

Сонымен қатар қаланы газдандыру жұмыстары жалғасуда. Алматы және Сарыарқа аудандары газға қосылу мүмкіндігімен толық қамтамасыз етілген. Қалған аудандар - Байқоңыр және Есілде магистральдық газ құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр (2023 жылы кварталішілік желілер).