Спорт • 08 Қазан, 2022

Маңғыстаулық спортшы еркін күрестен әлем чемпионы атанды

417 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстаулық спортшы Абай Смағұлов Болгарияның Пловдив қаласында ардагерлер арасында еркін күрестен әлем чемпионы атағын жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Маңғыстаулық спортшы еркін күрестен әлем чемпионы атанды

Ардагерлер арасында күрестің әртүрлі түрлері бойынша әлем біріншілігінде 60 елден келген спортшылар бақ сынайды. Олар A,B,C,D,E бөлімдерінде өнер көрсетеді.

Әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысқан 20 спортшының қатарында үш қазақстандық балуан бар.

Абай Смағұлов 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде А дивизионында ардагерлер арасында еркін күрестен әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының атқарушы директоры Амандық Нұрсұлтанның айтуынша, бірінші кездесуде спортшы қырғыз балуанын 4:3 есебімен жеңді, екінші және үшінші жекпе-жекте Латвиядан келген спортшымен өткен додада Абай Смағұлов 5:1 есебімен басымдық танытып, финалға шықты. Финалдық кездесуде қазақстандық балуан үндістандық қарсыласын 7:5 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Абай Смағұловтың жаттықтырушылары-Куруглиев Магомед және Ахмедханов Роман.

Айта кетсек, Болгарияда өтіп жатқан чемпионат 9 қазанда аяқталады.