Салтанатты жиынға арнайы келген облыс әкімі Бейбіт Исабаев әуелі театр музейіндегі жәдігерлермен танысты. Жарты ғасырға жуық тарих түзген өнер ошағында осында қызмет еткен танымал тұлғалардың портреті, сахнада ойнаған рөлдері бедерленген суреттер, сахналық киімдер, театрдың жетістігін паш ететін басқа да арнайы бұйымдар қойылған.
Заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің қаламынан туған «Қорғансыздың күні» трагедиясы қай уақытта болсын өзектілігін жоғалтпақ емес. Өйткені сенім мен нанымнан аттаған, жақын тұтқан адамынан опық жеп жүрген кейіпкерлер қазіргі өмірде де жетерлік. Кешегі тайғақ кешкен заманда әкесі Жақыптың сүзектен кетіп, артынан ай өтпей бауырынан айырылған, кәрілік меңдеген әжесі мен зағип анасына қарайлаған Ғазизаның тағдыры жүрек басына у құйып, көрерменді терең ойға қалдырады. Жазықсыз қызғалдақтың жәбір тартқаны ашкөздік пен тойымсыздықтың, нәпсінің кесірінен екенін ұғындырады.
Бүгінде де мұндай азғындар жетіп-артылады. Балдырғандарға көз қадайтын арам ниеттілер заң алдында өз жазасын тартса да, адам шошырлық қылмыс әлі тоқтаған жоқ. Кешегі мен бүгінгінің арасына осылайша ой жетелеткен Әуезовтің шерлі шығармасы Талдықорған төрінде сәтті сахналанды. Маусымашар қойылымда актерлік шеберліктерімен тәнті еткен театр майталмандары жұрт қошеметіне бөленді. Өнер иелері облыс әкімінің ықылас гүлін алды.
Облыс басшысы спектакльден соң мәдениет ошағының шығармашылық ұжымымен тілдесті.
«Облыс орталығында осындай академиялық аурасы бар, классикалық үлгіде салынған керемет ғимараттың болуы қуантады. Халыққа рухани қызмет жасайтын І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы да бар. Енді осыған ішкі мазмұнымыз да сай болуы керек. Бүгін Мұхтар Әуезовтің классикалық туындысын әсерлі қойдыңыздар. Музыкамен көркемдеудің, техникалық мүмкіндіктердің шебер қолданылғаны байқалып тұр. Классикалық шығарма қай дәуірде де жаңғырып тұратын өлмейтін туынды. Дегенмен қазіргі заманның тынысын тап басатын, адамның ішкі қалтарыстарындағы өзгерістерді, жаңғыруларды ашатындай дүниелерді де жарыққа шығару керек. Сіздер ізденіспен жаңа шығармалар жазып, ұсынсаңыздар, мен әрдайым қолдаймын», деді Б.Исабаев.
Кездесу барысында Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлихан Ыдырышева бастаған театр әртістері хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнерді өркендету бағытында пікір бөлісті.
Жетісу облысы