Солардың қатарында, заманалар алмасып жатқанда, тарих ғылымын дамытуға айтралықтай үлес қосқан Алдажұманов Қайдар Сейсембайұлын атауға болады. Қайдар ағаның ғылыми өмірінің негізгі ерекшелігі қоғамдар өзгерген кезеңдегі саяси жүйелер мен тарихи сананың өзгеруіне байланысты болған түбегейлі жаңа тарихи үдерістерді зерделеп, зерттеуге қатысуында. Қайдар ағамыз Кеңес Одағында өсіп, оқып, тәрбиеленіп, еңбек еткен, тұлға болып қалыптасқан. Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге келген барша өзгерістерді, жаңалықтарды ой елегінен өткізіп, қалай Қазақстанды көркейтеміз деген сұраққа жауап іздеушілердің бірі бола білген ізденімпаз ғалым. Ол өзі еңбек еткен тарих ғылымы саласында егеменді елдің қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай үлес қоса алған, осы қызметі үшін абыройға ие болған жаңшыл тарихшы.
Бүгінгі Қазақстан халқы өткен тарихынан қалай сабақ алады, ақ пен қараны, шындық пен жалғанды қалай ажырата алмақ деген тағдырлық мәселе Қайдар ағамызды ұдайы толғандырып келеді. Сондықтан болар оның шығармашылық лабораториясында Кеңестік кезеңде қазақ халқына ауыр соққылар жасаған 1921-1922 жылдардағы аштық, 1931-1933 жылдардағы жаппай аштық, 1928-1938 жылдарда жүргізілген сталиндік саяси-қуғын сүргін мәселелері ерекше орын алады. Тарихтың қайғылы беттерінің шындығын Қайдар Сейсембайұлы архив қойнауындағы құжаттар арқылы нақты көрсетіп, тарихи оқиғалардың шынайы картинасын жасайды. Ал, тарихи шындық адамдар санасының дұрыс қалыптасуына, нағыз отаншылдық сезімінің тәрбиеленуіне осы арқылы мемлекеттіліктің нығайуына ықпал ететіндігі ақиқат. Өзінің еңбектері арқылы Қайдар ағамыз мемлекетшіл және халықшыл тұлға. Оның өз ұлтына ғана емес, барша қазақстандықтарға ұлағатты сөз айта алатын абыройлы ғалым болып қалыптасуы сөз жоқ Қайдар Алдажұмановтың өскен ортасы мен алған білімнің арқасы.
Қайдар Сейсембайұлы көп дарындарды өмірге әкелген Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында 1942 жылы 10 қазанда дүниеге келді. 1960 жылы Қарағанды қаласындағы №7 қазақ орта мектебін тәмәмдады. Өзінің еңбек жолын Қарқаралы ауданының «Восток» кеңшарында жұмысшы болудан бастайды. Қайдар ағамыздың балалық шағы оңай болған жоқ. Жеті жастан асқанда анасы Мәкежан Ғалилақызы дүниеден озады. 37 жасында 1950 жылы өмірден өткен Мәкежанның артында 4 ұл бала қалдық, - деп еске алады Қайдар ағамыз. Анамыз Мәкежан арабша хат таныған, кейін кирилицаны менгеріп оқыған, домбыра, мандалин, акардеон, гармон тартатын, киім тігетін ісмер адам болды,- дейді Қайдар аға. Әкесіне, дүкендегі кездемеден китель, галифе шалбар, құлақшындарды өзі тігіп беретін. Себебі, киім сатып алу сол жылдарда өте қиын еді. Бізді де анамыз өзі тіккен киімдермен қамтамасыз ететін. Үйде өзі ойнай білетін музыкалық аспаптардың барлығы болатын. Өзім музыка әуенімен алғаш рет анам ойнаған аспаптар арқылы таныстым, - дейді Кәкең.
Қайдар аға әкесі Сейсембайды ерекше жылы сезіммен еске алады. Әкесінің Қарқаралы өңірінде белгілі, абыройлы азамат болғанын айтады. Сейсембай 1921-1922 жылдарда болған аштық кезінде Алаш Қайраткері Жүсіпбек Аймауытовпен бірге ашаршылыққа ұшыраған қазақ ауылдарына көмекке мал жинауға қатысады. Кейінірек 1925 жылы Ж. Аймауытовты большевиктер кудалауға түсіргенде Сейсембайда қудалауға ұшырайды. Сотталудан аман қалған ол кісі көп жылдар балташылар бригадасының бригадері болып жұмыс істейді. 1937 жылы еңбегімен көзге түсіп жүрген Сейсембай Калинин атындағы колхоздың репрессияға ұшырап кеткен төрағасының орнына тағайындалады. Ұжымшардағы еңбекті шеберлікпен ұйымдастыра білген жаңа төраға 2 жылда Калинин колхозын алдыңғы қатарға көтереді. Жетістіктерін 1939 жылғы бүкілодақтық ВДНХ-да көрсеткен Калинин колхозының төрағасы Сейсембай «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Соғысқа дейін Қарқаралы өңірінде бірде-бір адам мұндай марапатқа ие болмаған екен. Қайдардың әкесі соғысқа жіберілмей бронмен қалдырылады. 1941-1945 жылдары колхоз шаруашылығын көтеруге ерекше ат салысады.
Белгілі ғалым, қоғам қайраткері сол кезде Қарағанды обкомы хатшысы Әмір Қапапинмен бірге 1942 жылы Қарағандыда ақындар айтысын ұйымдастырып, өткізуге көмектеседі. 1943 жылы Республикалық ақындар айтысы өткізіліп Сейсембай обком мүшесі ретінде соған Қарағанды ақындарын бастап барады. Сол жылы Алматыдағы опера және балет театры жаңадан ашылған болатын. Ақындар айтысын қазақтың белгілі жырауы Жамбыл Жабаев ашады. Жиынға Қазақстан Компартисы ОК хатшысы Жұмабай Шаяхметов қатысып отырады. Қарағандылық ақындар Доскей Әлімбаев, Маясар Жапақов, Қайып Айнабеков (Сәкен Сейфуллиннің қайнағасы), Шәшубай Қошқарбаев өнерлерімен Алматы жұртын тамсандырады.
Соғыс кезіндегі келесі бір айтулы оқиға Калинин колхозының жылқышысы Смаил Сағындықов баққан 500 жылқы майданға жіберіледі. Осы еңбегі үшін Калинин колхозының жылқышысы Смаил Сағындықов 1-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады.
1943 жылы Калинин майданына Қарағанды халқы жинаған 1 эшелон азық-түлік, киім-кешекті алып баруға Сейсембайды 1,5 айға обком арнайы тапсырмалармен жібереді. Сейсембай осы сапарында майдандағы 100,101 қазақстандық бригадалар және Панфилов двизиясы жауынгерлерінің арасында болып қайтады.
Калинин колхозының белсенді жұмысын бағалаған Кеңес үкіметі оның төрағасы Сейсембайды 1948 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, 1949 жылы Ленин орденімен марапаттайды. 1955 жылы «За трудовую доблесть» медалімен марапатталып, денсаулығына байланысты өз еркімен қызметтен кетеді.
Колхоз төрағасы болып жүргенде Сейсембай Салық Зимановпен танысады. «Қазақта мұндай білімді азаматтар болады екен»,-деп таңданып, мақтан тұтқанын есімде сақтадым,-дейді Қайдар аға әкесінің болашақ академик Зиманов туралы пікірін еске алып.
Аяулы анасы өмірден өткен соң сол кезде колхоз төрағасы болып еңбек етіп жүрген әкесі Сейсембай, Шәмен Мұхамедияқызы деген әйелге үйленеді. Екінші анамның жұбайы ауданда басшы қызметкердің бірі болып жүргенде «халық жауы» деген жаламен 1937 жылы атылып кетіпті. Шәмен бізді өз баласындай қамқорлығына алып, зор адамгершілік пен ізгілік иесі екендігін көрсетті. Ол кісі қартайып менің үлкен ағамның қолында бақилыққа аттанды. Барлығымызды аялап өсірген анамызды бізде аялап бақтық,-дейді Қайдар аға. Шәмен анамыз текті жердің қызы болатын. Оның атасы Мұса қажы Қарқаралыда Құнанбай қажымен жақсы араласады. Осы Мұса қажының өтінішімен Құнанбай қажы Қарқаралыда мешіт салдырды. Өзі төренің тұқымы. Мұса қажы Меккеге екі рет сапарлапты. Екінші рет барғанда 10 жасар ұлы Мұхаметқалиді бірге апарады. Меккеде бала қатты ауырады. Мұса қажы баланы Меккеде қалдырып кетуге мәжбүр болады. Бала 1 жылдан соң сауығып еліне оралады. Сол арада Мұхаметқали арабша оқып, білім алады. Елге оралған 11 жасар бала Балақажы атанады.
Аштық басталғанда Балақажы Қарағандыға барып 1931-1943 жылдары шахтер болып еңбек етеді. Осы кезеңде И. Сталин шет елдерімен қарым-қатынасты жақсарту мақсатында шіркеулер мен мешіттерді қалпына келтіре бастайды. Сол кездегі Қазақстан мұсылмандарының басшысы, қалпе Сәкен Ғылманидің ұсынысымен Қарағанды мешітінің имамы болып Мұхаметқали (Балақажы) Мұсаұлы тағайындалады. Балақажы көп жылдар Қарағанды мешітінде қызмет атқарды. Алғашқы Костенко шахтасының қасында болған ағаш мешіт, жер отырып судан құлайды. Майқұдық ауданында жаңадан ашылған мешітке халық қалауымен Балақажы мешіті деген атау беріледі.
Балақажы туралы әңгіме өрбітіп отырғандағы себебіміз Қайдар аға осы Балақажы нағашысының үйінде 7 сыныптан бастап оқып Қарағандыдағы №7 қазақ мектебін бітіреді. Балақажының үйіне бір күні шешен-ингуш мешіттерінде муфти болған 3-4 адам келіп Балақажымен 2-3 сағат парсы, араб тілдерінде әңгімелеседі. Оқушы Қайдар осы тілдерді білмесе де атасының емін-еркін парсы, араб тілдеріндегі әңгіме-дүкенінің куәсі болады. Балақажыны Қазақстанның тұңғыш муфтиі Ратбек Қажы жақсы біліпті. Ол «Қазақстан имамдарының арасында ең сауаттысы, ең білімдісі Балақажы болатын»,-деп құрметтепті. Нағашы атасының өзіне рухани, мәдени ықпалы зор болғандығын еске алады Қайдар аға.
Қайдар ағаның әкесі Сейсембай, анасы Мәкежан, екінші анасы Шәмен қазақтың тамаша, халықтық ізгілікті дәстүрлерді бойына жинақтаған азаматтары болған. Олар өз ұрпақтарын еңбекқорлыққа, адалдыққа, отаншылдыққа тәрбиелей білген адамдар. Қайдар ағаның бауырларының әрқайсы өмірден өз орындарын тауып адал еңбек етеді. Әке-шешелерінің абыройлы есімдеріне кір келтірмеген азаматтар болып қалыптасады.
Кәкең үлкен ағасы Зейнолланың өте шебер адам болғандығын айтады. Ағасы өнертапқыш, рационализатор дәрежесіндегі токарь, жонушы болып еңбек етеді. Ол сол кезде көп қолданылатын ДТ-54, К-700 тракторларын жөндеудің тиімді әдістерін табады. Оның жаңалықтарын Қарағанды ауыл шаруашылық ұйымдары кеңінен пайдаланады. Қарқаралы ауданының Восток кеңшары (қазір Т.Әубәкіров ауылы) өнертапқышының жасағандары Алматыда ВДНХ-ға қойылады. Зейнолла республикалық және Мәскеуде өткен бүкілодақтық өнертапқыштар съезіне қатысады. Қайдар аға екінші анамыз Шәмен осы Зейнолла ағамның үйінде өмірден өткенше болды деп есіне алады.
Қарағандыда мектепті бітірген соң Қайдар аға 1 жыл тракторшының көмекшісі, түрлі жұмыстар істеуші болып кеңшарда жұмыс істейді. Мектепте, одан кейін де Қайдар орыс классиктері мен тарихи шығармаларды үздіксіз оқумен болды. Есениннің, Ахматованың шығармаларын мектепте жаттап оқиды. Бірде ауылдағы кітапханаға шефтік көмекпен Қарағанды медициналық институты ұжымы 1 машина поэзиялық, прозалық кітаптар силайды. Сол кітаптардың қызығын мен көрдім деп балалық шағындағы осы сәтті есіне түсіреді Қайдар аға.
1961-1964 жылдарда Қайдар аға Кеңес армиясы қатарында қызмет етеді. Бірінші жылы Семей ядролық полигонында Курчатов қаласында әскери қызмет жасайды. Ол кезде Семей полигоны аса құпия әскери объект болатын. Кәкеңнің туыстары бауырларының Қарқаралыдан әскерге алынып көрші Абыралыда әскерде болғанын білмеген. Одан кейін Киев қаласында 2 жыл әскерде болады. Украина астанасында сержант бола тұра 80 сарбаздан тұратын взвод командирі қызметін 2 жыл абыроймен атқарады.
Киевке келген соң 3 айдан кейін өз ауылына демалысқа келеді, туыстарымен қауышады. 1 жыл көрші ауданда болғандығы жәйлі тіс жаруға болмайды.
Қайдар Сейсембайұлы Киев қаласында Курчатов қаласына керекті құралдарды, қондырғыларды жіберіп тұратын командада болады. Кеңес Одағының ірі қалаларында Қайдармен бірге қызмет еткен жігіттер осы шаруамен айналысады. Олар Новосибирск, Свердловск, Омск, Воронеж, Киев, Мәскеу т.б. қалалардағы зауыттар өнімдерін Курчатов қаласына жеткізумен айналысады. Семей полигонына бүкіл Кеңес Одағы қызмет жасап тұрды деп есептейді. Қайдар Сейсембайұлы. Киевте офицерлер мен солдаттар Қайдар ағадан Пушкиннің, Есениннің өлеңдерін тыңдап, олар туралы әңгімелер естуге жиі жиналып тұратын болған. Тыңдаушылар жас сержаттың біліміне, шешендігіне таң қалады. Ауылда өскен, қазақша оқыған жас азамат орыс мәдениетін қалайша терең меңгерген деп әскерлерге үлгі етеді. Өмірінің осы кездерін Қайдар аға оқу, іздену, жаңаны меңгеру жылдарым болды деп есептейді.
1964-1968 жылдарда Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде үздік оқиды. Студент кезінде-ақ оның еңбекқорлығын көре білген ұстазы Григорий Федорович Дахшлейгер Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына қызметке алып келеді. Міне Қайдар ағамыз осы Институтта 54 жыл табан аудармай игілікті қызмет етуде. Ол кіші ғылыми қызметкерліктен бастап ғылыми жолдың барлық сатыларынан өтті. 7 жыл Қазақстандағы аграрлық қатынастар тарихы бөлімінің меңгерушісі, 14 жыл Институт директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары қызметін үлкен абыроймен атқарды. 2008 жылдан бері Қайдар Сейсембайұлы Институттың бас ғылыми қызметкері, ұжымының ақылшысы болып отыр. Сонымен қатар Институттағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып табылады.
Жарты ғасырдан астам ғұмырын тарих ғылымын зерттеуге арнаған Қайдар Алдажұманов бүгінде ауқымды ғылыми мұра жасауға қол жеткізді. Ол өзінің академиялық білімін орта мектептерге арналған 5,8,11 сыныптардың Қазақстан тарихы оқулықтарын, бағдарламаларын, оқу құралдарын жасауға бағыттап тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағын патриотизм мен отаншылдық рухында тәрбиелеуге үлесін қосты.
Тарих институтында Қайдар Сейсембайұлы директорлар Ақай Нүсіпбеков, Манаш Қозыбаевтармен, белгілі ғалымдар Рамазан Сүлейменов, Григорий Дахшлейгер, Бек Сүлейменов, Төлтай Балақаев, Кеңес Нүрпейісов, Мәлікайдар Асылбеков т.б. ғалымдармен қоян-қолтық жүріп ғылыми еңбектерді жазды, ұжымдық зерттеулерді жүргізуге қатысты. 1977-1980 жылдарда 5 томдық «Қазақ КСР тарихы» іргелі еңбегін жазушылар қатарында болды. 1994 жылы «Қазақстан тарихы очеркін» жазушылар сапында, 1998 жылы ағылшын тіліндегі «Қазақстан тарихы» авторларының бірі болды. 2 томдық «Алматы тарихын» 1996-2010 жылдарда шыққан «Қазақстан тарихы» 5 томдығының 4 томын жазуға қатысты.
Қайдар Сейсембайұлының ерекше ден қойып зерттеген тақырыптарының бірі-Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында мәселесі. 1979 жылы ол осы тақырып бойынша орыс тілінде «Еңбекте және майданда» атты монография шығарады, 1985 ж. Т. Балақаевпен бірге «Қазақстан еңбекшілері-майданға» монографиясын шығарды. Қайдар ағаның Кеңес әскерлерінің Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тұтқынға тусуі мәселесін зерттеуі оның тарих ғылымына қосқан үлкен үлесі болып табылады.
Кеңестік идеология тұтқындардың барлығын сатқындар деген қара бояумен баға беріп тастаған болатын. Кеңестік кезеңде Ұлы Отан соғысы аталған бұл соғыстың бастапқы 5-6 айында 2 млн-дай кеңестік солдаттар мен офицерлер тұтқынға түскенін айтады. Қайдар аға соғыстың алғашқы айларында Сталиндік басшылықтың өрсекел қателіктері, қорғаныстың дұрыс ұйымдастырылмауы, қару-жарақпен қамтамасыз етілмеуі кеңес әскерлерінің еріксіз тұтқынға түсуіне әкелгендігін көрсетеді. Кеңестік биліктің 30-шы жылдардағы өз халқына қарсы жүргізген репрессиялық саясаты тұтқындардың фашистік Германияға қызметке келісуінің объективті себептері болғандығын дәлелдеп береді.
Қайдар аға өзі дайындауға қатысқан 13 томдық «Азалы кітапта» репрессия жылдары шейіт болған мыңдаған қазақстандықтардың есімдерін көрсетіп, олардың туған-туыстарына ізгілікті ниет білдіреді. Әсіресе, тұтқындағы қазақ жауынгерлерінің, «Түркістан лежонының» шындықтарын ашуға., тарихи оқиғалардың обективті, субъективті себептерін талдай отыра, тұтқындар тағдырын көрсетуде зор үлес қосады.
Қайдар Сейсембайұлы Мәскеу түбіндегі Подольск қаласындағы әскери архивтен 1943 жылы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағы Батыры атағын беру туралы жазылған құжатты табады. 1980 жылы 5 маусымда бұл құжатты Қайдар аға атақты жазушы Әділхан Нұршайықовқа береді. Жазушы құжатты «Ақиқат пен аңыз» атты Момышұлына арналған кітапқа еңгізеді. 1990 жылы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағы Батыры атағын беру туралы ұсыныс осы Қ. Алдажұманов тапқан құжат негізінде жасалған. КСРО Қорғаныс министрлігі архивіндегі (8 фонд 64722 опись, 1 дело, 96-98 беттер) құжат қазақтың әйгілі сарбазы Бауыржан Момышұлының ерлігінің нақты дәлелі болып табылады. Құжаттың толық көшірмесін «Қазақтар Ұлы Отан соғысы майданында. 1941-1945.-Алматы, 2015» кітабының 29 бетінен оқуға болады.
Осы оқиға Қайдар ағамыздың архив қорларында үздіксіз еткен еңбегінің жемісінің бір көрінісі. Әзілхан Нұршайықовтың Қайдар тапқан бұл құжатқа деген алғысы шексіз болғанын да білеміз.
Қайдар ағамыз қалам тартқан, зерттеген екінші үлкен тақырып саяси репрессиялар тарихы. Оның қатысуымен «Азалы кітап» (Книга скорби) 1996 жылға дейін 13 кітабы жарық көрді. Қайдар Сейсембайұлы қуғынға ұшыраған қазақ зиялыларын бөліп, жіктеуге, бір-біріне қарсы қоюды жақтамайды. Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфулин, Ораз Жандосов қазақтан шыққан көрнекті большевик қайреткерлер де өз халқына адал қызмет етті. Сол жолда құрбан болды. Оларды ешуақытта «сатқын болды» деп айыптауға болмайды деп есептейді. Алаш қайраткерлерінің жолы мен көзқарастары басқа бағытта болды. Бұл мәселеде екі топтың саяси бағыт-бағдарының, көзқарастарының келіспеушілікте болғандығын түсіндіру парыз, тарихи ахуал солай болды,-деп әділ бағалайды.
Кәкең көп зерттеген келесі мәселе соғыс қарсаңында және соғыс кезінде Қазақстанға қай жерлерден, қанша ұлт өкілдері жер аударылған деген сұраққа жауап беру. Осы тақырыпқа қатысты ол 1998 жылы 420 беттен тұратын «Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы» деген көлемді еңбектің жазылуына, баспадан шығуына ықпал етті. Зерттеуді дайындауға өзі тікелей қатысты. Бұл кітап «Арыс» баспасынан 1998 жылы жарық көрді.
Қайдар аға 2015 жылы Қазақстандық Кеңес Одағы батырлары туралы екі жүздей 5 минуттық телероликтер тусіруді ұйымдастырды. «Тұңғыштар» деп аталатын 60 орыс және қазақ тілдеріндегі 1941-1945 жылғы соғыстағы әскери салалар бойынша 45 минуттық телехабарларды жаздырды. Бір хабар ұшқыщтарға арналса, келесі хабар танкистерге т.б. бағыттар бойынша. Бұл ірі тележоба ағамыздың Ұлы Отан соғысы тарихын терең білуінің арқасында мүмкін болды.
Аталған тақырыптарға қатысты Қайдар ағаның жүздеген мақалалары мен сұхбаттары «Егемен Қазақстан» газетінен бастап барлық БАҚ-тарда шығып жатты, жарияланыпта жатыр. Ағамыз қазір 7 томдық Қазақстан тарихы іргелі еңбегінің 6 томын жазуға қатысу үстінде.
Шағын мақалада Қайдар Сейсембайұлының шығармашылық қызметін ашып көрсету тіптен мүмкін емес. Ол Абай атындағы Каз ПИ-де, 10 жыл әскери академияда профессор ретінде дәріс берді. Оның жетекшілігімен 21 ізденуші мен аспиранттар кандидаттық диссертация қорғады.
Айта кететін жәйіт Қайдар ағаның абыройлы тарихшы екендігін биліктің де мойындап, құрмет көрсетуі. Кеңестік билік 1986 жылы Қ.С. Алдажұмановты «За трудовое отличие» медалімен марапаттаса, тәуелсіз Қазақстан билігі оны 1998 жылы «Құрмет» орденімен марапаттады. Ағамыздың мерекелік наградалары қаншама.
Бүгінде мол рухани мұра жасай білген, әлі де шығармашылық шабыты мұқалмаған Қайдар Сейсембайұлы Қазақстан тарихшы қауымына үлгі-өнеге. Қайдар ағамыз абыройы зор тарихшы болып отырғандығын мақтанышпен айтамыз!