Себебі классикалық туындының көркемдік деңгей көкжиегінен бөлек, айтулы балеттің қойылымына әлемдік деңгейдегі кіл мықтылардың жұмылдырылуы да тамаша туындының деңгейіне көтеріп тұрғаны анық. Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың көркемдік жетекшілігімен қолға алынған спектакльге өз ісінің нағыз кәсіби шеберлері атсалысты. Атап айтсақ, қоюшы хореограф – Раймондо Ребек (Германия), сценограф – Йоко Сеяма (Жапония), әрлеуші композитор – Дэвидсон Джаконелло, қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, жарық бойынша суретші – Тим Вацлавек, проекциялар бойынша суретші – Серджио Металли, костюмдер бойынша суретші Франсуа-Ноэль Шерпин бастаған шын таланттар ғажайып ертегінің сәнін кіргізді.
Соның нәтижесінде су жаңа балеттің көрермендері мейірімсіз өгей шешесі үй қызметшісіне айналдырған бойжеткеннің дәстүрлі хикаясына емес, мүлдем жаңаша түрленген заманауи ертегінің тың интерпретациясына куә болды. Яғни қойылым тобының шешімімен мұнда басты кейіпкер фэшн-дизайнердің кейпіне енсе, ал Ханзада ди-джей бейнесінде көрерменін таңғалдырды. Сондай-ақ туфли түріндегі Күлбике күймесі, гироскутер үстіндегі әртістер биі де ертегісүйер көрерменді бейжай қалдырмағаны анық. Әсіресе кішкентай көрермендер үшін сахна мамандарының бұл еңбегі тамаша тарту болғаны сөзсіз.
– Баршамызға белгілі, ертегілер адам баласын жақсылық пен өмірлік құндылықтарға үйретеді. Мен көпшілікке таныс хикаяның жаңа психологиялық аспектісін көрсеткім келді. Ол бізде өз-өзіңе, ғажайыпқа, өмірдің құдіретіне деген сенім жайлы болады. Күлбике – өгей шешесінің үйінде өз ательесі бар фэшн-дизайнер. Тағдырдың барлық тауқыметіне қарамастан, ол өз арманына ұмтылады. Ханзадаға келсек, оның бейнесін сомдаудағы осы күнге дейінгі бірдей сараптау көрерменін қатты жалықтырып жіберді. Сондықтан біздің хикаяда оның сүйікті ісі пайда болады – ол музыка шығарумен айналысады. Себебі Ханзада ескі қоғамның заңдары мен ережелеріне бағынғысы келмейді, ескіліктің қамытын шешіп, тың дүние жасауға құштар. Сонымен Күлбике мен Ханзада музыкалық тақырыптары арқылы біз кезеңдер арасында «секіріп» жүреміз, яғни сәнді костюмдермен рококо дәуірінен осы заманға өтеміз, сосын тағы кері ораламыз, деп шығармашылық шеберханасына сыр ашқан қоюшы хореограф Раймондо Ребек: – Тарихи кезеңде кейбір элементтер заманауи болса қайтеді? Мәселен, сол заманда бумбокс, полароидтық камера немесе құлаққап қалай көрінер еді? Дәл осы дүниелер жаңа қадамдар, жағдайлар жасауға көмектеседі. Оның үстіне бұл балеттің тағы бір жаңалығы – қойылым хореографиясы поп-би және брейк-данс элементтері бар неоклассика стилінде сарапталды. Тоқетерін айтқанда, қызықты сценография, костюмдер, музыка мен әртістердің шеберлігі нәтижесінде бәрі өте әдемі болатынына сенімдімін, – деп сөзін сабақтады.
Алайда жаңа қойылымда заманауи элементтердің қосылғанына қарамастан, романтикалық ертегі спектаклінің дәстүрлері де барынша сақталған. Вариациялар, бейнелі көрнекі сәттерді көрсететін вальске құрылған дивертисмент пен апофеоздар мол. Сергей Прокофьевтің диапозоны кең, ең жарқын әрі салтанатты, көпшілік сүйіп тыңдайтын һәм сүйсіне билейтін вальстерінің бірі «Үлкен вальсі» де сол қалпында үйлесімді үндестік тапқан.
Жоғарыда атап өткеніміздей, балеттің негізгі бөлігі Сергей Прокофьевтің музыкасына орындалады және көрермендердің таңданысына орай мұнда Джимми Дюрант, Билли Рэй Сайрус, Джеймс Браун, Луи Армстронгтің әуендері де әуелейді.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен бейнелі балеттің жоғары деңгейде шығуына, сондай-ақ қойылымда жарқын өнер көрсеткен әртістердің – Күлбике – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Басбаева, Әйгерім Бекетаева және халықаралық байқаулардың лауреаты Шұғыла Әдепхан, Ханзаданың партиясында жарқыраған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан, Далер Запаров, Айбар Тоқтардың, сонымен қатар Патша – Бейбарыс Ақарыс, Бостан Қожабеков, Санжар Әубәкіров, Өгей шеше – Әсел Шәйкенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гаухар Усина, Анастасия Заклинская, Өгей әпкелер: Түшкіргіш – Мөлдір Шәкімова, Аделина Төлепова, София Әділханова, Тәттіқұмар – Әнел Есқалиева, Жұлдыз Жұмажанова, Диана Есқалиева, Мейірімді періште – Сұлтанбек Ғұмар, Арман Уразов, Серік Нақыспеков және тағы да басқа сахнагерлердің сіңірген еңбегі зор.
– Бұл «Күлбикеде» бәрі басқаша. Ертегідегі қатып қалған сюжет емес, балетке көптеген заманауи өзгеріс енгізілді. Көркемдік тұрғысынан да, идеялық мазмұн жағынан да. Қойылым қазіргі таңдағы өмірімізге барынша бейімделді. Балетте гендерлік мәселе өте жақсы қойылған, дұрыс жағынан көтерілген. Сондықтан «Күлбикеге» келген көрермен, әсіресе жастар қауымы тепе-теңдік, ер адам мен әйел адамның қарым-қатынасы жайында, жаңа заман көзқарасындағы құндылықтар турасындағы сұрақтарына тұшымды жауап алады деп ойлаймын. Мәселен, мен кейіптейтін Ханзада қанша бай болса да, Күлбикенің таңдауын аяқасты етпейді. Оның да қалауына, арманына құлақ түреді. Тұлға ретінде қарым-қатынастарында тамаша бір үндестік, түсіністік бар. Меніңше, қоюшы хореограф Раймондо Ребек әу бастан-ақ қойылым өзегіне осы тақырыпты дән ретінде салған, қазіргі таңда бұл үлкен ағаш болып, мәуесін жайды. Енді театрға келген әр көрерменге өз жемісін беруге толық дайын деп сеніммен айта аламын. Сахнагер ретінде маған да бұл балет үлкен ой салды және кәсіби тұрғыдан тамаша тәжірибе болды. Бұл ертегіде мен тек қана хореографиялық техникаларды мінсіз орындау жағын ғана емес, сонымен қатар актерлік шеберлігімді де шыңдауға барынша күш салдым, деп дайындық барысындағы әсерімен бөлісті Ханзада партиясын табысты орындаған театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан.
Әлі есте, осыдан бірнеше жыл бұрын «Астана Опера» театры балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова: «Бұл театр мен үшін ең қымбат әшекей бұйымдарын салатын бағалы қобдиша сияқты. Қолымнан келгенше осы қобдишаны әлем балетінің жақұт-жауһарымен толтырсам деген арманым бар» деп еді бізге берген бір сұхбатында. Расымен де, сол арманына шын берілген өнер иесі күні бүгінге дейін «Астана Операның» репертуарын дүние жүзінің үздік қойылымдарымен байытып келеді. Біз тамсана тамашалаған «Күлбике» де сөзсіз осы қатарға қосылып, көркемдік жетекші айтқан бағалы қобдишаның құнын одан әрі арттыра түскені анық.