![Дәрігерге тексерілу – міндетің](/media/2022/10/09/konf2-2.jpg)
Осындай қиындықтардан психикалық ауытқу ауруына шалдыққандардың 26 мыңы есепте тұратын Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығының басшысы Әмірхан Сәлімбековтің айтуынша, соңғы жылдары ел ішінде науқастар көбейген. Статистикалық мәліметтер бойынша пандемия жағдайынан кейін психиатрларға сұраныс артқан. Десе де психикалық ауытқушылықтары бар аурулар саны азаймай тұр. Аталған аурудың 39,9 пайызы ақыл-ой кемістігі болса, 27,9 пайызын шизофрения сынды түрлі психикалық бұзылыстары бар аурулар құрайды. Осы мәселе жуырда Түркістан қаласында өткен дүние жүзі психиатрларының халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында кеңінен талқыланды.
«Психикалық денсаулық. Заманымыздың жаңа сын-қатерлері» атты ғылыми-практикалық конференцияға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілдігі, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, Дүниежүзілік психиатрлар қауымдастығы, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан елдерінің психикалық денсаулық қызметінің өкілдері қатысты.
Конференцияда психикалық денсаулық, оны сақтау және қалпына келтіру, емдеуді ұйымдастыру, тәуелділік, психологиялық көмек және басқа да мәселелер талқыланды. Білікті кәсіби мамандар тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сағаттарын өткізді. Сондай-ақ қатысушылар Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болып, жұмысымен танысты. Аталған орталықта еңбекпен емдеу ісіне баса назар аударылған. Ағаш шеберханасына бас сұққан конференция қатысушылары пациенттердің қолынан шыққан домбыра, шахмат тақтасынан бастап, күнделікті тұрмысқа қажетті қолөнер заттарын көріп, таңданыстарын жасырмады. Тігін цехына кіргенде де дені сау адамның қолынан келе бермейтін бұйымдарды кездестірді.
«Жүйке жүйесін тыныштандыратын дәрі-дәрмек қабылдаған пациенттерге қозғалыс көбірек қажет», дейді орталық дәрігерлері. Заманауи дене шынықтыру аппараттарының түр-түрі тұрған бөлмеге пациенттер күніге бір сәт келіп, дене ширатады. Оларды бақылап, дұрыс жаттығу жасауға бейімдейтін маман да бар. Балалар бөлімшесі пациенттердің ой-өрісін кеңейтіп, дамытатын бұйымдарға толы. Монтессори әдісімен жұмыс істейді. Бөлім меңгерушісі қонақтарға 6-12 жас аралығындағы балалар дүниетанымын жүйелейтін жаңартылу үстіндегі кабинеттің жұмысын, мақсатын айтып таныстырды. Орталық басшысы Әмірхан Молдаханұлының жетекшілігімен осындай жүйелі жұмыс нәтижесінде ауытқу ауруларының қайталануы 3 есеге дейін азайды. Құжат айналымы да толығымен цифрландыруға көшкен. Психикалық денсаулық орталығы жалпы 725 төсектік орынды стационар мен күніне 120 келушіге арналған консультациялық-диагностикалық бөлімшеден тұрады. Шымкент қаласы мен Түркістан облысының Түркістан, Кентау, Сарыағаш қалаларында филиалдары жұмыс істейді. Сонымен қатар аудан орталықтарында 19 психиатриялық кабинет психобелсенді зат пайдаланбай психикалық және мінез-құлықтық ауытқулары бар адамдарға медициналық көмек көрсетеді.
Мамандар туабітті аурулардан басқасының бәрі жазылатынына сенімді. Тек уақтылы дұрыс диагноз қойып, емдік шараларын үзбей қабылдау қажет. «Көбінде баласы ма, туысы ма сандырақтай бастаса, мұсылмандар қазақшылыққа салынып, молдаға апарады, дем салдыруға ұмтылады. Кейбіреулер тәуіп атаулыға сенбесе де осыдан айығып кетер деген екіұшты үмітпен барады. Ол біреуге шипа болғанымен, екіншісіне жәрдем болмайды. Асқынып кеткен соң барып ем қонбады деп жыларман халде психикалық денсаулық орталығының есігін қағады», деген басшы адамдардың бұлай қателескенін қаламайды.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, туабітті ақыл-есінде кемтарлық, тұқымқуалаушылық дерті барлар бала күнінен бастап осы орталыққа келіп, жатып, емдеу курстарынан өтіп тұрады. Облыстық емдеу мекемесі болғасын шалғай ауылдардан келеді. Соңғы жылдары амбулаторлық емдік шараларға көбірек көңіл бөлінуде екен. Негізінен орталыққа науқастар жедел жәрдем көлігімен, полициямен, туысқандарының алып келуімен, дәрігерлік жолдамамен жеткізіледі. Олар жатып емделгеннен кейін үйлеріне қайтар кезде жергілікті емханасындағы психиатр дәрігеріне сол күні ақпарат беріледі. Біздің қоғамда дәрігер жүйкесіне салмақ түскен пациентіне «психологке қаралыңыз» десе, оның жауабы дайын, «мен жынды емеспін!» деп қарсылық танытады. Өйткені санамызда психологке есі ауысқан адам қаралады деген ұғым қалыптасқан. Психикалық денсаулық орталығының аумағына кіргендердің арасында «мені біреу көріп қоймады ма екен? Танитын адам көрсе, жынды екен деп ойлар» деп қуыстанып, тығылып келетіндер де кездеседі.
«Негізінде дамыған елдердің әр отбасының психиатр дәрігері, психологі болады. Бізде дәл солай болмаса да жергілікті тіркелген емханаңыздағы психолог, психиатр, психотерапевт мамандарға жылына бір рет болса да қаралып тұрған дұрыс. «Мен саумын» деген адамның өзі дәрігер тексеруінен өтіп тұруға тиіс. Психотерапевттен қашпау керек», дейді Ә.Сәлімбаев.
Дүние жүзі психиатрларының халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының негізгі мақсаты – психикалық ауытқулары бар адамдардың өмір сүру сапасын және әлеуметтік қызметін олардың әлеуметтік иеліктен кетуін жеңу арқылы жақсарту.
Жиында психоәлеуметтік оңалту мәселесі де айтылды. Бұл жұмысты психиатрлар, психотерапевттер, психологтер, әлеуметтік қызметкерлер және еңбек терапиясы нұсқаушылары бар көпсалалы топ жүзеге асырады. Конференция қатысушылары тыныс-тіршілігімен танысқан орталық мысалында айтар болсақ, оңалту курсы 30 күннен 90 күнге дейінгі аралықты құрайды. Оңалту барысында орталық мамандары еңбек дағдыларын игеру және одан әрі жұмысқа орналасу мақсатында психоәлеуметтік топтық және жеке тренингтер, жеке консультациялар, еңбек терапияларын өткізеді. Психикалық оңалту бөлімшелерінде пациенттер ағаш цехында шеберлермен тұрмыстық бұйымдар жасаса, көркемдік, тігін, қолөнер цехтарында да еңбектеніп, өздеріне қажетті көп нәрсе үйренеді. Тіпті мұнда жылыжай да қолға алынған. Шымкент бөлімшесінде емделушілер ашық алаңда түрлі көкөністер өсірсе, Сарыағаш бөлімшесінде жылыжайда еңбек етуге болады. Осындай еңбекпен емдеу нәтижесінде облыстық психикалық денсаулық орталығы қажетті бақшалық өнімдермен және тұрмыстық бұйымдармен, тіпті пациенттер еңбекақымен де қамтылады. Облыстық психикалық денсаулық орталығының жұмысымен жіті танысқан, арнайы барып аралап көрген шетелдік қонақтар қолға алынған нәтижелі істерді оң бағалады.
Айта кетелік, үш күнге жоспарланған маңызды жиынды Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін мамандар қауымдастығы және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ұйымдастырды.
ТҮРКІСТАН