Отырысты ашқан Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов алдағы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына Қ.Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Академия президенті кіріспе сөзінде Мемлекет басшысының академиялық ғылымға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. «Президент Қ.Тоқаев ғылым ордасына мемлекеттік мәртебе беру қажеттігін айтты. Бұл ғалымдардың ел Президентіне деген ризашылығын тудырған, көптен күткен шешім еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары адамгершілікке, адами ізгі қасиеттерге ие. Дәл осындай тұлға Мемлекет басшысы болуға әбден лайық», деді М.Жұрынов.
Жиында Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті Зарема Шәукенова Президент Қ.Тоқаевтың айрықша құзыреттілігі мен жоғары кәсібилігін атап өтті. «Ол – мәселенің тереңіне үңіліп, күрделі жағдайларда ұтымды шешім табудың жолдарын іздейтін адам. Қ.Тоқаев өзін ерік-жігері бар және құзыретті мемлекет қайраткері ретінде көрсете білді», деді ол.
Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, академик Серік Сейдуманов Мемлекет басшысының әлеуметтік-саяси мәселелердің дарынды аналитигі ретіндегі кәсіби құзыретін атап өтті.
Отырыста сондай-ақ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, академик Зейнеп Базарбаева, Ұлттық Ғылым академиясының академиктері Мәмбет Қойгелді, Қайролла Рахимов, Зайролла Дүйсенбеков, Серғазы Әдекенов, Вячеслав Локшин, Мырзакәрім Алшынбаев, Дариякүл Қожамжарова, Әбдірасұл Жарменов, академияның корреспондент-мүшелері Талғат Нұрғожин, Зиябек Қабылдинов, Ләззат Нұрқатова, Философия, саясаттану және дінтану институтының саяси зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Айдар Әміребаев, саясаттану ғылымдарының докторлары Рүстем Қадыржанов, Юрий Булуктаев, саяси талдаушы Замир Қаражанов кезектен тыс президент сайлауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың кандидатурасын қолдау туралы пікірлерімен бөлісті.
Жиын қорытындысында академия президенті Мұрат Жұрынов: «Барлық жан-жақты және терең реформалар бағдарламасы жалпыұлттық референдумда мақұлданған Конституцияға түзетулерден және Президенттің 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында айтылған іргелі бастамаларынан басталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған және қоғам қолдауына ие болған мерзімінен бұрын президенттік сайлаудың мақсаты – Қазақстанның жаңа серпілісіне жағдай жасау, сыбайлас жемқорлықты, жұмыссыздықты жою, халықтың әл-ауқатын жақсарту», деді.
Дайындаған
Оралхан АХМАДИЯ,
«Egemen Qazaqstan»