Медицина • 10 Қазан, 2022

Алғашқы 3D операция

224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астаналық жедел жәрдем қызметінің фельдшері Нұрдәулет Мекенбайға Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары «хондросаркома» деген диагноз қойған болатын. Осы аралықта отандық онкологтер 23 жастағы науқасты алдын ала ерекше операция жасауға дайындады.

Алғашқы 3D операция

Қазақстанда алғаш рет 3D-тех­нологияның көмегімен сырқаттың жамбас сүйегін қалпына келтірді. Бірінші операция Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Сүйектер, жұм­сақ тіндер мен меланома ісіктері орталығында жүргізілді.

«Науқасқа алдымен мульти­дисциплинарлық дәрігерлер то­бы кеңес берді. Бұрын мұндай диаг­­ноз қойылған кезде хирург­тер жамбас сүйектерінің за­қым­далған аумағын алып тас­тауға мәжбүр еді. Бұл жамбас қуы­сының тұтас­тығын бұ­зып, адамның жүрі­сінің өзге­руі­не, науқастың омырт­қасы­­ның қисаюына әкеледі. Бұл опе­рацияның артықшылығы, ем­де­лушінің жасын ескере отырып, онкохирургтер ісікті алып ­тастап қана қоймай, науқас­тың өмір сапасын да сақтап қа­луды да мақсат тұтты», деді «ҚазОжРҒЗИ» АҚ Сүйектер, жұмсақ тіндер мен меланома ісіктері орталығының басшысы, тәжірибелі онкохирург Ғани Серікбаев.

Жоба түріндегі операцияны жасау үшін қытайлық Koln 3D Technology компаниясымен қоса Гонконг университетімен бірлесіп ұзақ мерзімді меморандум жасалған. Осы мәміледен кейін науқастың КТ-деректері Гонконгқа жіберіліп, сол қалада 3D-басып шығару арқылы ко­бальт-хром қорытпасынан арнайы протез жасалған.

Осылайша, онкологиядағы ал­ғашқы 3D операция биыл қыр­күйек айында жасалды. Опе­рация барысында пациенттің қыр-мықын сүйегінің қанаты, сондай-ақ ісіктен бүлінген жұм­сақ тіндер алынып тасталды. 3 сағатқа жалғасқан операция кезінде компьютерлік және 3D-технологиялар қолданыла отырып, жеке мәліметтер бо­йынша арнайы жасалған жеке эндопротезбен жамбас сүйектері қайта қалпына келтірілді.

«Алматыдағы онколо­гия инс­­титутына өз таңдауым­мен кел­дім. 2018 жылдан бері осы дерт мазалап келеді. Маман­дар гистологияға тексергеннен кейін операция жасатуға да­йындап, бұл протез кез келген адамға қойыла бермейтінін және елімізде бірінші рет жасалатын күрделі операция екенін айтты. Әрине, уайым да болды, өзім де медицина саласында жүргендіктен, эмоциялық тұрғыда дайындалу, мүжілмеу қажет екенін іштей түйсіндім. Дәрігерлерге ризамын, олар ота­ның қандай әдіспен жасалатыны туралы өте жақсы түсіндірді. Әсі­ресе бөлім меңгерушісі Ғани Амангелдіұлы мен дәрігерім Жа­нат Өмірзаққызына ал­ғыс айтамын. Елге жаны ашитын осындай мықты мамандар қатары көбейе берсе екен деп тілеймін. Олар осындай ерекше жағдайда маған мықты психологиялық көмек керек екенін де жақсы түсі­ніп, үлкен қолдау көрсетті. Ең бастысы, дер кезінде емделгеніме қуанамын», деді Нұрдәулет.

 

АЛМАТЫ