Қазақстан • 10 Қазан, 2022

Қазақстанда ұшақ билеттері бір жылда 27 пайызға қымбаттаған

588 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мұндай деректі «Finprom.kz» зерттеу орталығы келтіріп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.

Қазақстанда ұшақ билеттері бір жылда 27 пайызға қымбаттаған

Биыл ұшақ билеттеріне сұраныс артқан. Жыл басынан шілдеге дейін әуе көлігімен 6 млн-дай адам тасымалданған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, 13 пайызға көп. Тиісінше, билет те қымбаттаған.

Соңғы уақытта ұшақтардың кешігіп ұшуы да көбейген. Жазда осыған байланысты ай сайын жүздеген шағым түскен. Ал былтыр 12 мыңдай рейс кешіккен. Оның 900-не ғана ауа райы себеп. «SCAT» пен «Qazaq Air» компанияларының әрбір 4-рейсі уақытында ұшпаған. Заң бойынша ұшақ екі сағат кешіксе жолаушылар салқын сумен, төрт сағат тежелсе ыстық тамақпен, күндіз сегіз, түнде алты сағат кешіксе қонақ үймен қамтылуы тиіс. Бірақ бізде бұл талаптар орындала бермейді.

Азаматтық авиация комитетінің өкілі «Міндетін дұрыс атқармаған компанияларға айыппұл салып жатырмыз» дейді.

«Жалпы қазақстандық компанияларға 8 айыппұл салынды. Әр айыппұлдың көлемі 1000 айлық есептік көрсеткіш болып тұр», дейді Азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы Әділет Көбенов.

Осы салада 15 жылдық тәжірибесі бар сарапшы Абыл Кекілбаев айыппұл көлемін арттыру керек деген пікір білдірді. Халықаралық азаматтық авиация ұйымында жұмыс істеген ол шет елдерді де мысалға келтірді.

«Кешіккен авиакомпания 3 млн ғана төлейді. Осы мәселені агенттік тексеруі керек. Мысалы, Еуропа елдерінде уақыты айтылмаған кешігуге түгел жаңағы билеттің құнын қайтарады. Бізде тек билеттің 3 пайызын қайтарып беру қарастырылған», дейді авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев.

Ұшақтардың неге жиі кешігетінін сұрап, Scat пен Air Astana-ға сауал жолданды. Бірақ Air Astana ғана жауап берді.

«Қазақстанның кейбір әуежайларында ұшу қону жолақтарының ремонтқа жабылуы, құстар мен ұшақтардың соқтығысу санының өсуіне байланысты. Осы жылдың басынан бастап 120 оқиға тіркелген. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға ұлғайды», дейді «Air astana» компаниясының ресми өкілі Тілек Әбдірахимов.

Ұшақтардың кешігуіне құстардың соқтығысуы себеп деген компания өкілі бағаның өсуіне не себеп екенін нақты айта алмады.

«Бұл туралы айта алмаймын енді. Билет бағасы қымбаттаған шығар. Бұл доллардың өсуіне байланысты болуы мүмкін», дейді Әбдірахимов.

Экономикалық сарапшы Арман Бейсембаевтың сөзінше, билет саладағы монополиядан қымбаттап жатыр. Қазір елдегі әуе бағыттарының 70 пайызы Air Astana-ға, 15 пайызы Scat-қа, 15 пайызы басқа компанияларға тиесілі.

«Түрлі әдіс арқылы соңғы 10 жылда шет елдік тасымалдаушылардың бәрін шығарып жібердік. Соның кесірінен қазір бәсеке жоқ. Тіпті, лоукостер саналатын «Флай арыстанның» бағасы басқа ұшақтармен бірдей боп кетеді. Неге десеңіз, кейбір қалаларға тек «Флай арыстан» ұшады. Мұндай кезде оны лоукостер деп атаудың өзі күлкілі», дейді экономика сарапшысы Арман Бейсембаев.

2019 жылғы «Бэк эйр» ұшағының апатынан кейін «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» әуекомпанияларына аудит жүргізген. Сарапшылар Air Astana ұшақтарының «орта жасы» 5 жыл, Scat ұшақтарының «орта жасы» 21 жыл екенін анықтаған. Демек ұшақтарды жаңарту да керек.

«Шілдеден бастап Қазақстан әуе компаниялары 14 әуе кемесін алуды жоспарлаған. Қазіргі таңда ол 14-тің 6 әуе кемесі келген. Жылдың аяғына дейін тағы 8 әуе кемесі келуі керек. Соның нәтижесінде жылдың аяғында Қазақстандық әуе кемелерінің тасымалдау мүмкіндігі 20 пайызға артады», дейді Азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы Әділет Көбенов.

Бірақ одан баға түсе ме? Бұл сұраққа азаматтық авиация комитетінің өкілі жауап бере алмады. Өйткені бұл нарықты ешқандай мемлекеттік орган бақылай алмайды.

«Бізде, мысалы, аэропорттардың тарифін қатаң бақылап отырса, авиакомпаниялардың тарифтерін ешкім бақыламайды. Заң жазғанда осындай жағдайлар өтіп кеткен секілді. Аэропорттар авиакомпанияларға бағынышты. Инфрақұрылымдық жағдайға қарасақ, сұрақ көп. Мысалы, мына впп жағдайы. Впп-лардың көбісі 2006-2007 жылдары салынған. Қайтадан ремонттан өтуі керек», дейді авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев.

Демек әуежайларды жөндеуге кеткен шығын да бағаның өсуіне себеп болуы мүмкін. Бірақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі «2030 жылға дейін 80 жаңа ұшақ алуды жоспарлап отырмыз» деген.

Әуе компаниялары ұшақ сатып алуға мемлекеттен көмек берілмейтінін де еске салды.

«Эйр Астана ешқандай мемлекеттік қолдау жоқ дейді. Иә, тікелей қаржы бөлінбейді. Бірақ олар ұшақ отынын жеңілдетілген бағамен алады. Оны әуежай қоймасында өздері қалаған бағада сақтайды. Одан бөлек кейбір әлеуметтік бағыттарға субсидия алады», дейді экономика сарапшысы Арман Бейсембаев.

Айта кетейік, биыл Балқаш, Үшарал, Үржар, Көкшетау сынды 20 бағыттағы ұшақ билеттерінің бағасын субсидиялау үшін мемлекеттен 6 млрд теңге бөлінген.