Тарих • 10 Қазан, 2022

Мақат саханасы

857 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Арқалық қаласының маңында ертеден жеткен тарихи ескерткіштер көп кездеседі. Солардың бірі – күні бүгінге дейін бір кірпіші бұзылмай сақталып келген Мақат саханасы. Кесене Ұлытау облысы мен Қостанай облысының шекарасындағы бұрынғы Қорғасын, қазіргі Шеңбер ауылынан 6 шақырым жерде, Арғанаты тауынан бастау алып, Торғайға келіп құятын Қараторғай өзенінің бойында тұр.

Мақат саханасы

Сахана орналасқан мекеннің табиғаты да бөлек, таулы-тастақты болып келеді. Кесенеден әрі 200-300 метр жерде ескі жұрттың орны бар. Бұл – ХІХ ғасырда Қараторғай өзенінің жағасын мекен еткен белгілі бай Мақат Саржанұлының қыстауы болған жер. Қыстауға жақын жерде Мақат байдың ата-бабаларының көне қорымы жатыр.

Көпшілікті таңғалдырған көне кесененің сәулет үлгісі де ерекше. Саха­наның биіктігі 6 метр. Сыртқы бұрыштары мен қабырға жиектері қызыл кірпіштен жартылай доғал қаланып, шығыңқы бағанамен өрілген. Күмбезі конус тәрізді болып келеді. Бас қасбеті «П» пішіндес белдеумен сәнделіп, ортасынан доғал кіреберіс есік шығарылған. Үш қабырғасы кілем оюына ұқсас өрнекпен әдіптелген. Негізгі қасбеттің ішкі қабырғасына саты орнатылған. Дәліз арқылы сатымен 1 метр тереңдіктегі қабірге түсуге болады. Оның есігі шымылдықпен жабылады. Әйел мен ер адамға арналған екі қабірдің бұрыштарында шаршы пішінді саңылау қалдырылған. Есік алдындағы саханада үш құлпытас тұр.

– Бұл сахананың ерекшелігі – бір уа­қытта 3 адамның, яғни ер адамның, әйел адам мен баланың мәйіті бірге қойыла береді. Кіреберісте шымылдықты ашқанда ең бірінші маңдайың тиетін – баланың орны. Сосын сол жақ түбінде ер адамның мәйітін қоятын жер бар. Ортасына әйелдер қойылады, – дейді Әбуғали Мақатов.

Бұл ғұрып-рәсім бертінге дейін үзілмей келген. Сахананың тағы бір ерекшелігі, мұнда жатқан мәйіт шіліңгір шілденің аптап ыстығында да иістеніп кетпейді. Себебі сахананың ішінде әрбір мәйіт қойылған жерде ауа тазартатын арнайы құбыр желісі жұмыс істеп тұр. Сондықтан ашық қабірстанның ішіне мүлде иіс тұрмайды. Үнемі қоңыр салқын. Ішкі қабырғасы кірпіштен өрілген. Бірқалыпты салқын ауа сақталып тұрады. Сахана ішінде орын босату керек болған жағдайда, мұнда жатқан мәйіттің еті ағып кеткеннен кейін, сүйегін қапшыққа жинап, төменге түсіреді. Ал орын босату керек болмаса, басқа мәйітті әкелгенше сол жерде жата береді

– Мұны сүйекке сүйек қосу дейді. Ал жаңадан жерленетін адамды сол шұңқырға түсірілген сүйектің орнына қояды. Енді оның құрылыс жүйесі керемет қой. Ішіндегі мәйіт ешқашан иістенбей, еті сол күйінде ағып кетеді. Мұн­дай ғұрып Ұлытау жағындағы Сарысуда, Жамбыл облысында сақталған. Тараз жағында ескі қорымдар бар, бірақ олардың бәрі қирап, бұзылып кеткен де, аман-есен сақталып қалғаны осы Мақат саханасы ғана. Ең соңғы адам жерленгеніне 50 жылдан асқан жоқ, – дейді Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы музейінің ғылыми қызметкері Батырлан Сағынтаев.

Мақат байдың 65 жастағы туған немересі, бүгінде Арқалық қаласына қарасты Родина ауылында тұратын Әбуғали Мақатовтың айтуынша, Мақат саханасының іргетасы 1898 жылы қалана бастаған. Сахананың кірпіштері қолдан құйылып, әр кірпішке құран аяттары жа­зылған, сахана құрылысы 1907 жылы аяқталады.

– 1890 жылдары Мақат атам Түр­кістанға барып, Қожа Ахмет Ясауи ке­сенесін көріп, маңайындағы ескі қорым­дарды аралап, өз болашақ ұрпағына ес­кертіш қалдырсам деген ойға келеді. Са­хана тамның сүлбі жобасын сызып, еліне қайтып оралады. Келген соң өзі мекендеген жері Сарыадыр, кейін Қайыңшоқ, казіргі таңда Мақат деп аталатын жерге ерекше cахана там саламын деп бел буып, іске кірісіп кетеді. Осылайша, атам Мақат, інісі Ахмет екеуі тұрақтаған жерде, Қыпшақ тайпасы Құлан руының жігіттерін жалдап, кірпіш құйғызып, осы сахананы тұрғыза бастайды, – деді Әбуғали Мақатов.

Әбуғали Шарапұлының айтуына қарағанда, сахананың төбесіндегі күмбезінде от жағып, жау шапқан кезде түтіндетіп белгі беретін барлау орны болған. Сахананың құрылысы аяқталған 1907 жылы Мақат бай кірпіш қалаған жігіттерге атқарған жұмыстары үшін ақысына мал беріп, оның сыртында, әр жұмыскерге Төлек руынан бір-бір қыздан айттырып берген.

Ашық қабірстанда 6 адам мәңгілік тыныштық тапқан. Олардың жерлену дәстүрі де өзгеше.

– Олардың бәрі біздің әулеттің туыс-туғандары: Мақаттың інісі Кенжебай Еркежан баласы, Айтбай деген ағайын, Есілбай деген ағайымыздың шешесі, Ахмет атамның сәби кезінде шетінеп кеткен қыз баласы және біздің Төлек руына жатпайтын, әкемнің рұқсатымен жерленген бөтен бір мәйіт бар және соңғы жерленген менің әкем – Мақатұлы Шарап, шын есімі Шаhарап. Ал енді Мақат атам мен Ахмет атамның өміріне тоқталайын. 1929 жылы кеңес өкіметінің сол кездегі милициясы Мақат ауылына келіп, сол ауылдың мал-мүлкін тәркілеген, салық ретінде қалған малдың бәрін әкетпек болған. Оған атам Мақат: «Мен беретінімді үкіметке бергенмін, ал енді қалған мал-мүлкімді беріп, туыс-туғандарымды, отбасымды аштан қыратын жағдайым жоқ», деп қарсы шыққан. Бұл сөз үлкен басшыларға ұнамаған, әрине. Олар дереу аудан орталығынан милиция жіберіп, Мақатты тұтқынға алуды бұйырған. Сол кезде Бейсенкүл Сыздыққызы әжем Мақат атама: «Есік алдында жалғыз милиция тұр, қалғандары ауыл аралап, мал жинаумен жүр, енді мұндай мүмкіндік болмас. Бір іс-әрекет жаса да, қаш», – деген екен. Содан Мақат атам өзін күзетіп тұрған милицияны ұрып жығып, өзі ауылдан қашып, таулардың ішіндегі үңгірлерге тығылады. Солай 1931 жылға дейін үңгірлерде тығылып жүреді. Атамның шешесі Ұлша әжем мен жұбайы Бейсенкүл әжем екеуінің үнемі тауға тамақ тасып жүргенін байқап қалған ауылдың бір адамы өкімет адамдарына хабарлайды, – дейді Әбуғали аға.

Кеңес өкіметінің қаһарына ұшырап, өмірінің соңын тау-тасты паналап қуғын-сүргінмен өткізген Мақат бай 1931 жылы қазіргі Қызылорда облысы Сұлутөбедегі Дайыр тақыр деген жерде көз жұмады. Інісі Ахмет те дәл осы жылы сол маңайда кісі қолынан қаза табады.

– Соңғы кезде Мақат саханасы туралы жаңсақ әңгімелер тарап, толық зерттелмей, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқанына куә болып жүрмін. Шыны керек, журналистер Мақаттың ұрпағын іздестіріп, маған өздері хабарласады деген үміт болды. Бірақ тарихшы, этнограф, саяхаттанушы болсын, бірлескен туристік топ болсын, атамның басына барып, сахананың тарихын өздерінше пайымдауды әдетке айналдырып барады. Жергілікті тұрғындардың айтқан сөзімен ақпарат таратып жүр. Көп ретте шындыққа жанаспайтын ақпарат тарап жатқаны өкінішті. Кіші Арғын Төлек руынан шыққан Мақат Саржанұлы 1869 жылы туып, 1931 жылы қайтыс болды. Мақаттың ұрпағы күні бүгінге дейін бар. Мақаттан Шарап туа­ды, анам Жамал Қасымқызы деген кісі болған. Шараптан 5 бала – 3 ұл, 2 қыз туады. Үлкен қызы Зүлпия – 1948 жылы дүниеге келген, Арқалық қаласында тұрады, Ербол, Сәуле есімді екі баласы бар. Ағам Қажығали Шарапұлы 2017 жылы өмірден өтті. Асқар есімді ұлы, Дана есімді қызы Алматыда тұрады. Екінші ағам Мұхамбетқали Шарапұлы 1997 жылы қайтты, балалары Марат пен Самат Астанада. Мен Арқалықтамын, Жеңіс атты ұлым, Жанар деген қызым бар, екеуі де Арқалық қаласында тұрады. Мақаттың інісі Ахмет 1873-1931 жылдары өмір сүрген, – деген Әбуғали Шарапұлы Мақат саханасының тарихын шын білгісі келген адам болса, жергілікті жұрттың аузындағы аңызға сүйенбей, біздің өзімізге хабарласса екен деген өтінішін де айтты.

Ұлытау өңіріндегі Шеңбер ауылының маңында Мақат саханасына ұқсап салынған көне мазарлар бар. Бірақ бұл мазарларды саханаға ұқсатып тұрған тек сыртқы келбеті ғана. Ал сәулеті мен ішкі құрылысында ешқандай ұқсастық жоқ.

р

 

Қостанай облысы