Тарих • 10 Қазан, 2022

Қарашекпендінің қазақ жерін отарлауы

669 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ХІХ ғасырдың басында Ресейде егіндікке жарайтын 140 млн десятина жер болды. Соның 70 миллионын 30 мың помещик өзара иеленіп алды. Ал қалған 30 млн десятина жер ондаған млн мұжық-шаруаға жетпеді. Мұжықтар бұған наразылық танытып, помещиктерді өлтіріп, бүлік көтеруге дейін барды. Ресей үкіметі бұдан құтылатын жалғыз жол қазақтың жерін тартып алып, орыс шаруаларына бөліп беріп, қоныстандыру деп тапты.

Қарашекпендінің қазақ жерін отарлауы

Бұл шаруа 1861 жылы 16 ақ­панда Ресейде басыбайлылық құқ­ықты жоюға байланысты жүзеге асты да, осыдан кейін орыс шаруалары қазақ жеріне көшуді бастады.

Тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов: «1861 жылы Ресей шаруалары басыбайлы тәуелділіктен құтылған соң оларға өмір сүретін жер керек болды. Ресей үкіметі бұл мәселені шешудің жолы шаруа­ларды қазақ даласына көшіру деп шешті», дейді. Шын мәнінде, бұл шаруаны іске асыру арқылы Ресей үкіметі:

бірінші – шаруаларды жаппай көшірсе, үкімет болуы мүмкін әртүрлі толқу-үркуден құтылады;

екінші – Ресей қоныс аударған шаруа орыс-славяндар арқылы жат жерге өзінің сенімді тірегін қалыптастырады;

үшінші – шаруалар арқылы жергілікті халықты қатаң бақы­лау­да ұстау мүмкіндігіне ие болады;

төртінші – көшпелі халық­тарды орыс шаруаларының үс­темдігі арқылы отырықшы жұрт­қа айналдыруды іске асырады;

бесінші – мұсылман дініндегі халықтарды шоқындыру ісіне христиан шаруаларды пайдаланады;

алтыншы – қазақ даласына орыс шаруаларын қоныстан­ды­рып, империя мүддесі үшін даланы бай астықты алқапқа айналдыру көзделді (бұл шаруаны кеңес одағы іске асырды);

жетінші – отарланған жер­лердің қауіпсіздігі үшін орна­тыл­ған бекіністер мен орыс-казак әскери жасақтарын азық-түлік, ас-ауқатпен қамту ісіне шаруаларды мәжбүрлейді;

сегізінші – Ресейдің ішкі өлкелеріндегі кедей шаруаларды қазақ даласына жаппай көшіру үшін, «жаңа жерде тамаша өмір сүр» дейтін ұран тастап, оларды еліктіретін үгіт-насихат жүргізді. Осы бағытта шаруаларға тарату үшін 6,5 млн дана кітапша басып шығарылды.

Оның сыртында 1880 жылы Ресейде астық шықпады. Елді ашаршылық жайлады. Салда­рынан қазақ жеріне қоныс аударушылар саны күрт көбейді. Осыған байланысты 1881 жылы қоныс аудару туралы ереже қабылданды да, аталған ереже 1889 жылы қайтадан толығып, көші-қон бұ­рын­ғыдай ретсіз жүргізілмей, қа­ра­шекпенділер қоныстануға ар­налған жерлерге ғана әдейілеп жі­берілді.

Осылай қазақ жеріне жерік болған (Телжан Шонанұлы) патша әкімшілігі зорлықтың не түрін ойлап шығарды. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» демекші, қазақ жерін тартып алудың алуан түрі ойластырылып, заң жүзінде сырттан қоныстанған келімсектердің пайдасына шешілу жағы қарастырылды.

«Артық жер» деп Қоныс­тан­дыру басқармасының меке­месі жергілікті халықтың пайдалануынан алып, Ресейден ағыл­ған мұжықтарға беріп та­уысқан соң, енді егінге жарамсыз жа­йылымдық жерлерге жар­мас­ты. Қалайда бұратана сана­ған халықты жайлы орыннан қуып, тақыр мен шөлге бостыру­ды көздеді. Олардың босаған же­ріне мұжығын орналастыру қар­қыны өрши түсті (Өмірзақ Оз­ғанбай.«Рух күрескері», Алма­ты, Нұрлы Әлем, 2010 ж. 47-б).

Осы бір қазақ даласына қо­ныстанған қарашекпенді орыс деректерінде «вольные колонизаторы» деп атап, отарлау саясатын өте тиянақты жүргізді және оған қатты мән берді. Яғни патша қазақ жеріне орыс-казак әскерінен гөрі орыс мұжығын қоныстандыру әлдеқайда тиімді екенін білді.

Тарихшы академик Мәмбет Қойгелдиев: «Патша қазақ дала­сына орыс шаруаларын қо­ныс­тандыру арқылы отарлаудың ең бір күрделі мәселелерін шешті. Атап айтқанда:

жерге мұқтаж шаруаларға жер тауып беріп, тәуелділіктен құтылу;

жаңадан қоныстанған шаруалар арқылы жаңа өлкені Ресейдің отарлау саясатының тірегіне айналдыру;

шаруаларды көбейту арқы­лы жергілікті қазақтардың қарсы­лы­ғын шашырату;

болашақта қазақ жерін тырп ете алмайтындай империяның құрамдас бөлігі ретінде ұстауды ойлады, – десе (Алаш қозғалысы. Алматы, «Санат», 1995. 26-б), тағы бір отандық тарихшы Ті­леу Көл­баев: «Патша үкіметі Ресей қазақ жеріне орыс мұ­жық­тарын қоныстандыру арқылы:

орыс шаруаларын мемлекеттің әлеуметтік-саяси тірегіне айналдыру арқылы Орта Азияға плацдарм ашты;

қазақтың жер байлығын тонап, елді шикізат көзіне айналдыр­ды;

орыстардың санын арттыру арқылы жергілікті халықты мәңгүрттендірді, – деген тұжырым айтады.

Осылай отарлау саясаты қар­қынды жүргізіле бастаған 1875 жылы Батыс Сібір генерал-гу­бер­наторлығына аса жауапты іс­терді орындау үшін ақ патша ең сенімді шенеунігі Н.Балкашинді жіберді. Ол 1878-1880 жылдары Ақмола, Семей, Жетісу облыстарын аралап, шаруаларды қоныстандырудың барлық бағыт-бағдарын айқындап шықты. Өзі­мен бірге қарулы жасақ ер­тіп келіп қазақтарды шұрайлы же­рінен түре қуып тастады.

Зерттеуші Т.И.Седельников «Борьба за землю в Киргизской степи» деген еңбегінде: «Қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныс­тандыру ХVІІІ ғасырда басталып, ХІХ ғасырдың екінші жартысында аяқталды. Осы кезде қазақтардан ең құнарлы деген 10 млн десятина жер тартып алынды», дейді (Керейхан Аманжолов «Түркі халықтарының тарихы» Алматы, «Білім» 1999 ж.125-б).

Қазақ даласына жаңадан көшіп келушілер жайлы орыс этнографы А.Н.Максимов былай дейді: «Мәселе мынада, алғашқы қоныс аударушылар орыс халқының асыл тектілерінің қатарына жата қоймайтын, керісінше, алыс қиырға шығатындар жеңіл табыс көзін іздегендер, өз жеке мақ­сатына жету жолында еште­ңеден ұялмауға үйренгендер, сондай-ақ ол жаққа өз елінде қылмыс жасап, отанын тастауға мәжбүрленген қылмыскерлер еді», – десе, (Мак­симов А.Н. Русские инород­цы. Мәскеу, 1901. Ст-115) Дала генерал-губернаторлығы тарапынан 1888 жылдан бастап жарық көрген губернатордың көз-құлағы «Дала уалаятының газеті» 1902 жыл­дың ортасына дейін Омбыда шығып тұрды. Осы газеттің алғашқы сандарының бірінде қазақ дала­сына саяхат жасаған француз Эжен Вогюэнің көрген-білгені жарық көр­ген. Яғни француз саяхатшысы қазақ жеріне жаңадан қо­ныстанып жатқан орыс шаруаларына кез болады. Олар Тамбов өлкесінің мұжықтары екен. Эжен Вогюэ қарашекпендіден: «Сен­дер өз отандарыңнан жырақ кет­тіңдер, өкінбейсіңдер ме?» деп сұрайды. Аналар: «Біздің ота­нымыз бұл жерге бізбен бірге көшіп келді», деп өздерінің отаршылдық пи­ғылын ашық айтады.