Осынау шағын шаһардың Saran индустриялық аймағындағы инфрақұрылым жүйесі 2023 жылы толық жүзеге асуға тиіс. Бұл – Қарағанды жұртшылығымен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет пен жергілікті билікке берген тапсырмасы. Осылайша, Саранның инвестициялар пулын жасақтауға ықпал ететін инвесторларды иіріп әкелу міндет етіп қойылды. Ертеректе РТИ аталған қаланың бұл бөлігінде кешеге дейін елі көшіп кеткен ескі жұрт жататын. Былтыр Saran индустриалды аймағы ашылғаннан бері онда қаңбақ қаңғымайды. Араға жиырма жыл салып, жүдеген жұртқа енді құт қонады деген үміт оты лаулай бастады.
Инвесторға жағдай жасалған
Құрылғанына 68 жыл толған Саран қаласының жұпыны бейнесі дәуірінде дәурені жүрген қала екенін еміс-еміс қана еске салады. Бүгінде 56 мың халқы бар қаланың бір кездері РТИ, яғни резеңке-техника бұйымдары зауыты атауы бар шағын кентінде 25 мың тұрғын мекен еткен. Онда бақандай үш шағынаудан бар-тын. 1974 жылы кент пайдалануға беріліп, 20 жыл зауыт үздіксіз жұмыс істеді. Зауыт өнімдері Венгрия, Гвинея, Лаос, Никарагуа, Эфиопия, Куба секілді елдерге экспортталды. Тоқсаныншы жылдардағы «қайта құрудан» соң зауыт қайта тұра алмай, құрыған. Мұнда қазір бос тұрған 100-ден астам көпқабатты үй бар. Саран қаласының басшылығы оның тек 70-і ғана қайта қалпына келтіруге жарайтынын бұған дейін мәлімдеген. Кейінгі жылдары бірнеше үй жөнделді де.
Ал Президент инфрақұрылымын қалпына келтіруді жеделдетуді тапсырған Saran индустриалдық аймағы осы РТИ-дің ескі «жұрты». Былтыр ашылған индустриалды аймақтың ауқымы – 180 гектар. Оның ішінде пайдалы ауданы – 160 гектар. Алдымен бұл индустриалды аймақтың инвестор үшін тиімділігі неде? Тарқатайық.
Ең әуелі аймақта дайын өнеркәсіп инфрақұрылымы бар. Сонымен қатар инвестордың әдетте қолын байлайтын энергия ресурстарының тарифі десек, мұндағы өнеркәсіптерге кісі қызығарлықтай төмен тариф ұсынылады. Кез келген инвесторға икемді жағдай жасауға әзір. Атап айтқанда, жобаларға «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсетуді көздейді. Түсінікті тілмен айтқанда, инвестордың жобасы іске асқанға дейін көмек беріп, қолынан жетектеп жүруге әзір. Көлік логистикасы да жолға қойылады. Кез келген инвестор көңілінен шығуға тиіс.
Дегенмен, бұл жобаларға қойылатын шарттар да бар. Мәселен, индустриалды аймақта өндіріс ашуға ниетті инвестор жоғары еңбек өнімділігі мен экологиялық талаптарға жауап беретін жаңа технологиямен қатар, озық құрал-жабдықтарды қолдануға тиіс. Шығаратын өнімінің бәсекеге қабілеттілігі де басты назарда. Бұған қоса, дайын өнім ішкі нарықта импортты алмастырып қана қоймай, экспортқа да өтуі керек. Өндірілер тауардың аймақта баламасы болмауы қажеттігі де қойылатын міндеттің бірі. Мұның сыртында инвестиция әкелетін компанияның атақ-абыройы, тәжірибесі де маңызды. Ең негізгісі – жоба толық көлемде қаржыландырылуы қажет.
Индустриалды аймақ үшін тау-кен кешені, химия өнеркәсібі, машинақұрылыс, құрылыс материалдарын өндіру, көлік логистикасы, яғни аймақ басымдық беретін бағыттар – осы.
«Біздерде мынадай бар, мынадай бар»
Президент арнайы ат басын бұрған бұл аймақта бүгінде не бар? Президентке «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсеткен жобалар қазіргі уақытта Қарағанды облысының тәп-тәуір мақтанышына айнала бастады.
Индустриалды аймақта жұмысын былтырдан бері жүргізіп отырған автобус шығаратын QazTehna кәсіпорны өткен жылдан бері 347 автобус пен электрмобильді ел игілігіне ұсынды. Тағы да 700 автобусқа сұраныс түскен. 560 адам еңбек етеді. Оның басым бөлігі – сарандықтар.
– РТИ тараған кезде халықтың жағдайы қиын болды. Жұмыс жоқ. Жан-жақтан жұмыс іздеп кеттік. Құрылыста, жол жөндеуде жұмыс істедік. Әйтеуір, табылған жұмысқа тұра беретін едік. Зауыт ашылғаннан бері жағдайымыз жақсарды. Қалада өзгерістер бар, – дейді зауыт жұмысшысы Қуанышбек Сержанов.
Жолаушылар көлігін шығаруда әлем мойындаған Yutong компаниясымен серіктестігі жөнінде жұртшылық арасында Қытайдың дайын автобусын әкеліп, дөңгелегін бұрай салады деген бұра тартқан жаңсақ пікір көп. Алайда олай емес. Зауыт жұмысын көзімен көрген Қарағанды облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Ниқанбай Омарханов жұмыстың анау айтқандай «оңай құрастырылмайтынына» куә.
– Көп естігеннен бір көрген артық. Ауқымды жұмыс атқарылатынын көзімізбен көріп, зауыт басшылары барлық жұмыс барысымен таныстырды. Автобус шығаратын зауыт рамадан бастап, ірі түйінді құрастыру технологиясымен автоматты бояуға дейін толық автобус шығаратын конвейерін іске қосқан. Қазақстандық автобустарды шығаруды меңгерген екен. Жекелеген пессимист блогерлердің Қытайдан дайын автобустарды әкеліп, дөңгелегін бұрай салады деген пәлсапалары бос сөз екеніне көзіміз жетті. Әрине, қандай да болсын, жаңа құрылым бастауында дайын бұйымдарды әкеліп, толық зерттеп, технологиясын меңгеруі – заңдылық. Зауытты қалай іске қосқандары туралы толық технологиялық процесін көрсетті. Еліміздегі жолаушы тасымалы көліктерінің бүгінгі таңда 75%-ы
тозған немесе қауіпсіздік нормасына сәйкес келмейді. Үш жылға дейінгі жаңа автобустар үлесі 7 % ғана екенін ескерсек, бұл зауыт ел экономикасы үшін өте қажетті құрылым екені сөзсіз. Келешекте зауыт дамуына кедергі болатын үлкен мәселе бар. Бұл – жұмысшы кадрмен қамтамасыз ету. Міне, осы мәселеде жаппай атсалысып, көмектесу керек. Өйткені іс тетігін кадрлар шешеді. Президент еңбек адамын тәрбиелеу, жастарға мамандық алып, еңбекке араласу туралы жиі айтып жүр. Кешегі облыс активімен кездесуінде де еңбек нарығындағы еңбек адамын тәрбиелеу, жастарды еңбекке тарту туралы тағы баса айтты. Бұл арада зауыттың немесе әкімдіктің жеке шеше алмайтыны – тұрғын үй мәселесі. РТИ шағын ауданындағы әкімдіктің жөндеп жатқан 4-5 үйі, зауыттың салып жатқан жатақханасы проблеманы түбегейлі шешпейді. Сол себепті зауыт басшылығына, жұмысқа тұрушыларға 5 млн теңге қайтарымды несие беріп, тұрғын үймен қамтамасыз ету ұсынылды. Бұл облыста бірінші рет басталған, кеше Президенттің өзі мақұлдап, қолдау көрсеткен, Қарағанды облысының «Жастар ипотекасы» бастамасын бүкіл республикаға тарату туралы тапсырмасына үнқосу болмақ. Зауыт басшылығы бұл ұсынысты қарастыратындарын айтты, – дейді Ниқанбай Омарханов.
Зауыт басшысы Арғұлан Майконовтың айтуынша, зауыттың жобалық қуаты жылына әртүрлі маркадағы 1 200 бірлік автобус құрастыруға жетеді. Зауыт толық жобалық қуатына 2023 жылы шығуды көздейді. Сонда тұрақты жұмыс орнымен 760 адамды қамтымақ.
– Екі жылда 400-ге жуық автобус дайындап, еліміздің әр өңіріне жібердік. Тапсырыспен жұмыс істейміз. Автобусты Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен өте тиімді шарттарда лизингке алуға болады, – дейді QazTehna бас директоры Арғұлан Майконов.
Екі зауыт еңсе тіктеуге сеп
Индустриалды аймақта ашылуға тиіс тағы екі зауыт та өңірдің өрісін кеңейтеді деген сенім бар. Оның бірі – Silk Road Electronics зауыты. Зауыт тұрмыстық техника бұйымдарын шығаруды екі жылдан соң бастамақ. Атап айтқанда, Artel брендімен теледидар, электр сужылытқыш, шаңсорғыш, асүй плитасы мен желдеткіш секілді тұрмыстық техникалар Саранда жасалған маркасымен нарыққа шығады. Жоба жетекшісі Мұхтар Омаров кәсіпорын 1 млн 100 мың тұрмыстық техника шығарып, 1 500 жаңа жұмыс орнын ұсынатынын айтады. Кәсіпорын бүгінде мамандарын оқытуды бастады. Зауыт есебінен Өзбекстанда мамандар даярлықтан өтіп жатыр. Сонымен қатар Samsung, Indesit брендтерімен келіссөздер қолға алынған.
– Тұрмыстық техникаларға сұраныс жоғары. Бүгінде бәрін шетелден алуға мәжбүрміз. Зауытты толық іске қоссақ, онда импорттық өнімдерді ығыстырып, ішкі сұраныстың 25%-ын қамтимыз. Әрі бағасы да арзандау болады, – дейді зауыт басшысы Мұхтар Омаров.
Үшінші – KamaTyresKZ дөңгелек зауыты. Жеңіл және жеңіл жүк көліктеріне арналған дөңгелектер шығарады. Жыл соңына дейін жұмысын бастау көзделген. Жобалық қуаты жылына – 3,5 млн дана дөңгелек. Бұл арада бюджетке түсер кіріс те көлемді, яғни жылына – 43 млрд теңге.
Зауыт жұмысын үш кезеңде жүргізбек. Бірінші кезеңде – жеңіл және жеңіл жүк көліктеріне дөңгелектер шығарса, екінші кезеңде – транспортер, конвейер лентасы сияқты резинатехникалық бұйымдар, үшінші кезеңде ауыл шаруашылығы техникасының дөңгелектерін шығармақ.
KamaTyresKZ директоры Александр Смышляевтің мәлімдеуінше, өнімге сұраныс бар. Бұйырса, жылдың соңында зауыттың алғашқы өнімдері нарыққа шығады.
Ескі жұртқа ел қонады
Сонымен, аталған үш зауыт жұмысқа кірісіп, жобалық қуатына шыққанда 5 мың жұмыс орны пайда болады. Ал бас жоспар бойынша мұнда 17 мың адам тұрмақ. Ол үшін үйлер қалпына келтіріліп, су жүйесі де тартылуда. Жылу беру жүйесін жаңарту да жоспарда тұр. Негізі, Саран қаласының соңғы үш жылда түрғын үй құрылысы 260 пайызға артқанын атап өткен ләзім. 2022 жылы 250 пәтер беру көзделген.
Сондықтан, қаңыраған үйлер қайта жөнделіп, ескі жұртқа ел қайта қонар күн алыс емес. Саранның сағы енді қайта сынбайды деген үміт шоғы қайта жанды.
Қарағанды облысы