Аймақтар • 10 Қазан, 2022

Қызылша өсіруге қаржылық қолдау

146 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісу аймағының агроөнеркәсіптік кешенінде 2025 жылға дейін 31,9 млрд теңгеге 67 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның басым бөлігі мал және өсімдік шаруашылығына арналмақ. Мұны өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты. Ведомство басшысы облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен бірге тауар өндірушілерімен кездесіп, оларды толғандырған сауалдарға жауап берді.

Қызылша өсіруге қаржылық қолдау

Министр өңірдегі бір­қа­тар егіншілікпен және мал өсіру­мен айналысатын шаруа­шы­лықтардың жұмысымен танысып, Көксу қант зауытында болды. Одан әрі Балпық би кентіндегі Мәдениет үйінде өткен кездесуде Үкімет пен министрлік қа­былдаған агроөнеркәсіптік ке­шенді дамытудың бірқатар жү­йелі және дағдарысқа қарсы жедел шаралары туралы баяндады.

«Мемлекет басшысы мен Үкі­мет­тің қолдауымен қазіргі уа­қытта республикалық бюджетті нақ­тылау кезінде бюджет қара­жа­тының қосымша бөлінуін ескере отырып, субсидиялаудың жалпы көлемі 451 млрд теңгеден асады. Бұл 2021 жылғы деңгейден 20 пайызға артық. Бұдан бөлек, 2021 жылғы құрғақшылық қай­та­ланған жағдайда мал мен құс басының сақталуын қамтамасыз ететін 279 мың тонна көлемінде астық-жем қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуға 20,0 млрд теңге бөлінді», деді Е.Қарашөкеев.

Сонымен қатар министр биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау қол­да­ныстағы субсидиялау қағи­да­лары бойынша жүзеге асырылатынын атап өтті. Ал суб­си­диялаудың жаңа тетігін енгізу мерзімі 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылған. Қазіргі уа­қытта оның жаңа қағи­да­ла­ры­ның жобасы әзірленіп, жұмыс тобы аясында талқыланып жатыр.

Жетісу облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде «Кең дала» бағдарламасы шең­бе­рінде, сондай-ақ «Аграр­лық несиелік корпорациясы» өз қара­жа­ты есебінен 115,9 млрд теңге сомасына 3 916 ауыл шар­уа­шылығы тауар өндіру­ші­ле­рін қаржыландырған, соның ішінде Жетісу және Алматы облыстары бойынша 1,4 млрд теңге сомасына 100 шаруашылық қар­жыландырылды. Биыл елі­міз бойынша егіс шығымы жақ­сы, алдағы бір аптада егіс жинау науқаны аяқталады деп кү­ті­луде. Осы жылы күзгі-дала жұмыстарын жүргізуге шамамен 423,4 мың тонна дизель отыны бөлінді, оның бағасы нарықтағыдан 15-20 пайызға арзан, оның ішінде Жетісу облысына шамамен 6,8 мың тонна берілді.

Кездесу барысында шаруа­лар өздерін толғандырып жүр­ген бірқатар мәселені көтерді. Мәселен, Көксу ауданындағы «Кең Дала» шаруашылығының жетекшісі Қалибек Алпыс­баев: «Келесі жылы қант қызыл­ша­сының егістік көлемін ұлғай­та­мыз деп отырмыз. Егістік көле­мі­мен бірге өнімділікті де көте­руіміз керек. Ол үшін біз келесі жылғы егіске биылдан бастап дайындалуға тиіспіз. Аммофос туралы айтсақ, ол жер жыртардың алдында әр гектарға 300-500 ки­ло­ға дейінгі көлемде қажет. Қа­зір аммофостың 1 тоннасының бағасы – 204 мың теңге. Ал біздегі шаруашылықтардың көбі – ұсақ шаруа қожалықтары. Бүгін соясын шауып, соның табысымен қант қызылшасын жинап жатыр. Ол қант қызылшасының ақшасын зауыттан алып болғанша ертең тоң түсіп кетеді. «ҚазАзот» ком­паниясының осыдан екі-үш жыл бұрын азотты 50 пайызын субсидиялау жеңілдігімен беретін тәжірибесі болған. Сол сияқты «Қазфосфат» та осы тәжірибені пайдаланып, жеңілдік жасаса жақсы болар еді», деді фермер.

Осы сауалға байланысты министр «Қазфосфаттың» мұндай жұмыс тәсілін әзірге қолайлы көрмей отырғанына тоқталды.

«Жуырда тыңайтқыш зауыт­та­рының басшыларын жинап, сөй­лесуді жоспарлап отырмыз­. Сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ұсыныс дайын­да­дық. Қазақстанда өндірілген тыңайтқыштарға квота қою керек, яғни кем дегенде өнімінің 50%-ы елдің ішкі нарығында қалсын деген ұсыныс білдірдік. Сол сияқты тыңайтқыштың бағасын реттеу мәселесі де қарастырылуда», деді Е.Қарашөкеев.

Кербұлақ ауданындағы «Қы­зыл­шоқы» шаруашы­лы­ғы­ның басшысы Алдан Бекиев қант қызылшасын өсірушілерге техника жетіспейтінін, соған қажетті техниканың 50 пайызын мемлекет арқылы субсидиялап берсе деген тілегін жеткізді. Бұл ретте министр комбайн сатып алуға 50 пайыз субсидия төленетінін, оған биыл ботворез бен қызылша сепкішті қосу қарастырылып жатқанын айтты. Министр басқа ауыл шаруашылығы техникалары 25 пайыз субсидияланатынын айтты.

Жиында шаруалар сонымен бірге Көксу қант зауытының қызылша төгетін алаңын әлі де кеңейту, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, азот ты­ңайтқыштарын қолдану нор­мативтерін ұлғайту, мал дәрі­герлерінің жалақысын көтеру сияқты көптеген ұсыныс-тілек­терін білдірді. Сауалдардың барлығына толық жауап берілді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасарлары өңірге бірнеше рет келіп, өзекті мәселелердің жай-жап­са­рымен танысып, проблемаларды бірге талқылағандарына тоқталды. «Ауыл шаруашылығы министрлігі осыған дейін біздің қант қызылшасының субсидиясын өсіру туралы ұсыныстарымызды зерделеп, қарап, осы өтінішіміздің іске асырылуына зор қолдау көрсетті. Қазір қызылшаның әр тоннасына берілетін субсидия зауыттың төлемімен қоса алғанда 40 мың теңгеге көтерілетін болады. Бүгінде орта, шағын шаруа­шылықтар үшін субсидияны қолжетімді ету механизмдері қарастырылып жатыр. Расында, Үкіметтен тиісті көмек-қолдаулар арта түсетін болса, жетісулық шар­уашылықтар өнімді еңбек ететініне, жақсы нәтиже көрсе­те­тініне сенімдімін. Бүгінгі кездесу ашық, еркін форматта өтті. Әрбір шаруаның үнін естідік, тілегін тыңдадық. Мұның бәрі тиісті деңгейде қарастырылып, тиімді қорытынды жасалады деп ойлаймын», деді Б.Исабаев.

Айта кетейік, облыста 2026 жылға дейін 28 млрд тең­ге­ден астам сомаға 51 инвес­ти­­ция­лық жобаны іске асыру жос­пар­ланған. Биыл облыс­тың ауыл шар­уашылығы тауар өнді­ру­ші­ле­рін қолдау мақ­са­тын­да 25 млрд теңге бөлініп отыр, соның 92 па­йызы – қайтарымсыз субси­диялар.

 

Жетісу облысы