Президент сайлаудың қатаң түрде заңға сәйкес өтетіндігіне кепілдік беретінін және сайлаудың шетелдік, отандық байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өтетінін қадап тұрып айтты. Қазақстан саяси жаңғырумен қатар әлеуметтік-экономикалық бағытта оң өзгерістер орын алып, оның игілігін бар халық көретініне сенімдімін.
Аса манызды реформа ретінде Президенттің бір ғана мерзімге сайлануы ұсынылды. Жеті жыл мерзім расында да барлық ойға алған мәселелерді, сайлауалды бағдарламаларды іске асыруға толықтай жететін уақыт. Бұл – тың бастама. Ашық демократиялық жол.
Қазақстанның өзіндік орны бар, бағыты айқын, мақсаты анық. Мемлекеттің, ұлттың алдында тұрған мақсат-мүдделер өзгермейді. Ол – ата-бабадан қалған жерді сақтау, елді қорғау, елдің азаматтарының өсіп-өнуіне, бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау, яғни экономикалық өркендеу, әлеуметтік жаңғыру, ашық, әділетті қоғам құру. Сондықтан бұл реформа демократия жолындағы батыл қадам. Тәуекелге бел бусақ та, осындай шешім халқымыздың жарқын болашағы үшін керек деп кәміл сенемін. «Бұл реформа не үшін жасалмақ?», деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Мәселе мынада: Президенттік лауазымға көп жыл бойы бір ғана адам ие болмауы керек. Әлемде болсын, біздің елімізде болсын көп жыл бойы бір ғана адам ең жоғары лауазымға ие болса, мұндай жағдай елге де, Мемлекет басшысына да абырой әкелмейді. Еліміз болашаққа нық сеніммен қарап, адал, дарынды саясаткерлерге жол ашылғанын қалайды. Жалпы, жұрт біздің саяси жүйені өзгерту туралы бастамалардың мән-маңызын жақсы түсініп отыр. Осы жұмыстарды одан әрі жалғастыру үшін жаңа Конституцияға сай президент сайлауын өткізіп, мемлекет басшысына мандат беруіміз керек.
Бұл – Қазақстан жаңаруының басы, баршамыздың қатысуымен орындалатын үлкен күрделі үдеріс. Ол үшін Үкімет халықтың әл-қуатын арттыруға, әлеуметтік жағдайын көтеруге, ертеңгі күніне, балаларының болашағына алаңдамайтындай жағдай қалыптастыруы қажет. Адал еңбегімен игілікке жеткісі келетін әрбір азаматқа мүмкіндік беру үшін атқарылар жұмыстар шаш-етектен. Мұны жүзеге асыру үшін үлкен күш-жігер, ұлт бірлігі қажет. Саяси науқан заңға сәйкес, әділ және ашық өтетініне сенеміз. Қазақстандықтар сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауын жасайды деген үміттемін.
Серікбай ТҰРЫМОВ,
Сенат депутаты