Жүзу жарысына қатысқан Ақтау қаласының тұрғыны Құрал Жоламан 30 қыркүйекте Испаниядан Мароккоға дейінгі 16,7 шақырымды жүзіп өтті. Құралдың судағы сапары Африка жағалауларына қарай Еуропаның оңтүстіктегі шеткі нүктесі Тарифадан басталды.
Испанияның Тарифасынан Марокконың Пунта-Сиреске нүктесіне дейінгі ең қысқа қашықтық – 14,4 шақырым, бірақ ағыстың қатты болуы салдарынан жол ұзарып, жүзушілер 16-22 шақырым қашықтықты бағындырады.
Гибралтар бұғазы – Атлант мұхитын Жерорта теңізімен байланыстыратын Еуропа мен Африка құрлығы арасындағы бұғаз. Құрал Жоламан Гибралтар бұғазын су киімінсіз 5 сағат 58 минутта жүзіп өткен.
– Құрал бұған дейін Ыстанбұлда құрлықаралық жүзуге қатысқан. Ол Босфор бұғазын жүзіп өтіп, 6,5 шақырымды бағындырды. Каспий теңізінде Гибралтар бұғазы арқылы жүзуге дайындалды. Гибралтардан өту оңай емес, жел қатты, толқын күшті және суы суық. Құрал – 740 жүзушінің ішінен Гибралтарды су киімінсіз кесіп өткен бірінші қазақ. Алдағы уақытта ұлымның бүкіл мұхитты бағындыру жоспары бар, – дейді экстремал спортшының әкесі Толыбай Таласбаев.
Маңғыстау облысы