22 Мамыр, 2014

Балуан Шолақ

1472 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
OLYMPUS DIGITAL CAMERAТегінде кең қолтык, мол қолды, мырзалау да халықпыз ғой. Соларымыз алыс-беріс, барыс-келіс дейтіндей тіршіліктің тынымсыз қарым-қатынастарынан ғана емес, айтылар лебіз, берілер бағалардан да білеулене білініп қалып жатады. Әсіресе, әсіре мадақ, асыра асқақтатуларымыздан. Кейде елге, қоғамға белгілі бір салада еңбегі сіңген елеулі бір азаматты «қайталанбас тұлға» деп үзілді-кесілді үкімдей етіп атайтынымыз бар. Ал өтесі уақыт болса келе-келе әлгі берілген бағаның бояуын оңдырып, мәйегін солдырып тастайды. Бұл жиілеу кездесетін жағдай. Сирек ұшырасатыны – бір шын мәніндегі ерек, ересен тұлғаны қайталай алмай уақытыңыздың, замандарыңыздың өзі әлекке түседі. Тарих анасы – мезгілді солай «әлекке салып» қойғандардың бірі әрі бірегейі, менің пайымымда, Балуан Шолақ – Нұрмағамбет Баймырзаұлы. Қазақ халқының арғы-бергі өмір-болмысындағы ең жарқын тұлғалардың бірі, атының өзі-ақ жасығанды жігерлендіретін, тасығанды тәубесіне келтіретін қаһарман серінің мына дүниеге келгеніне 150 жыл, ана дүниеге кеткеніне 95 жыл толып отырса да ол қайталанған жоқ. Сан қырының бірі біреуде кездескенімен өзгесі табылмайтын нағыз біртуар тұлға! Тағдыр-талайына жазылған бірде кесек, бірде нәзік шынайы сезімнен өлең өретін аңқылдаған ақын, өлеңіне тек өзіне ғана тән дыбыстық бояуының мейлінше қанықтығымен ерекшеленетін ән шығаратын ғажайып сазгер, Көкшетау, Хантау, Алатау, Қаратаудан ән асырған әнші, ат ойындарының асқан шебері, құралайды көзге атқан мерген, қыран баптап құс салған әйгілі саятшы, көргеннің көзі тояр көрікті, жауырыны жерге тиіп көрмеген теңдессіз балуан, ертектегі тау көтерген Толағайдай алапат күш пен фәниге келіп, бақиға озғанша халқым, қазағым деп соққан ұлы жүрек иесі. Осынау жауһардай жарқыраған асыл қасиеттерінің бәрі емес, бірі ғана біреудің басына қонса, сөз жоқ, дабысының даңғайыр боларына соның өзі-ақ жетер еді. Ал рахымы мол Аллатағала бұдан аттай 150 жыл бұрын Көкше өңіріндегі Бұланды орманының бір пұшпағы – Тастыөзектегі Үйсін ауылында ағаштан түйін түйетін шебер Баймырза Жарықшақұлы мен оның құдай қосқан қосағы Қалампыр Жетпісқызына өсе келе әлгіндей қасиеттің бәрі өн бойынан табылатын дулыға сыймас торсық шекелі, екі көзді тостағандай ұл сыйлап тек Тәңірге ғана тән жомарттық жасапты. Сәбидің есімі Нұрмағамбет еді. Иә, бұл 1864 жыл болатын. Дәл осы жылы патшалы Ресей әскерлері түстіктегі Әулиеата мен Шымкент, Түркістанды алып, Қазақстанды отарлауын толық аяқтаған-ды. Енді қорғансыз халықтың жер-суын тартып алып, оған қарашекпенділерді біржолата орнықтырып, елге еңсе көтертпестен езгіні тындыра беру ғана қалған-ды. Ұлы даланың соңғы тұяқ серперлері – Исатай, Махамбет, Кенесарылар келмеске кеткеніне де талай заман болған. Қазақтың көз жасын сүртетін жарық жаһанда ешбір құдіретті де жанашыр алақан қалмағандай кезең еді ол. Сондай мезгілде осынау өлкеде әуелі Қотыр, Шортан, Бурабай станицаларын салған отаршылар енді Көкшетау мен Қараөткелдің қақ ортасына және бір бекініс салуды қарастырады. Ол үшін ұядай ғана Үйсін ауылы таңдап алынады да қылыш, мылтық асынған жендеттер жетіп келіп, ауылдың жас-кәрі, еркек-әйелін қамшының астына алып үйлерінен қуып шығып, үй-жай, қора-қопсыға от қояды. Сөйтіп, бір ауылды бір-ақ күнде жоқ қылады. Мынадай сұмдыққа қарсы қылар амалы жоқтықтан күйініп жылаған әкесі Баймырзаны көрген сәби Нұрмағамбет кесілген ағаш дөңбектің үстіне шығып: – Жыламаңызшы, әке?! Мен бойым мынадай болғанда бұлардан кек қайтарамын! – дейді көзі оттай жанып. Бала батыр сертінде тұрады. Есейе келе кекті бір емес, сан мәрте қайтарады. Құдай берген ересен күш-қайраты мен асқақ рух, ар-намысының арқасында отаршылдардың ұлығына да, ұлтарағына да дес бермейді. Ол жүрген, жүреді-ау деген жерде казак-орыстардың қайсысы болса да момын қазақты бұрынғыша қорлай беруден, қиянат жасаудан тайсалады, айылын жиып, аулақ кетеді. Өмірінің осы қырын алып қарағанда Балуан Шолақ әріректегі Сегіз серімен, одан кейінгі Жаяу Мұса, бертініректегі Мәди, Иманжүсіп, Батақтың Сарысымен тағдырлас па дегендейсіз. Қуғын-сүргінге ұшырауы, абақтыға отыруы да ұқсастау болғанымен одан шығуы басқашалау. Соның бірін Шөкеңнің өзі «Атадан ұл тумайды мендей сабаз» дейтін шағын дастан тәріздес сю­жетті өлеңінде өте әдемі суреттейді. Оқырманға қызықтылығы үшін туындыны түгелге жуық келтірейік: – Атадан ұл тумайды мендей сабаз!.. Түрмеде жатыр екен өңкей маңғаз. Алты күн Ақ түрмеге қамаған соң, Түсірді мировойдан маған қағаз. Ақылым бір басыма емес арзан, Тауаным шағылған жоқ бұл қағаздан. Қағаздың мен түріне қарап тұрсам, Жеті жыл кәтіргіге мені жазған!..   Бозбала, мықты болсаң-қасты жемір, Тісіңде қайрат болса-тасты кемір. Жүрегі қамалғанның шайқалсын деп, Сегізкөз қабат қылып қаққан темір...   Бойыма күш біткенге еттім шүкір, Қажысам абақтыда-бетке түкір. Темірін екі жұлқып тартқанымда, Кірпіші жерге түсті күтір-күтір...   Жігітпін тәңірі басқа жаққан шырақ, Күшіме не тұрады менің шыдап. Аяқ пен қолымдағы бұғаулардың, Шынжырын сол арада үздім бұрап...   Сұрасаң Қотыр, Шортан біздің болыс, Алты-ақ күн Ақ түрмені қылдым қоныс. Секіріп терезеден қақпа барсам, Күзетші қалғып отыр екі орыс. Қасқайып қалғығанға күліп тұрдым, Оларға күш жетерін біліп тұрдым. Екеуін екі қойып талдырдым да, Ілгері одан әрі жүріп бердім.   Тәуекел алсын ерді панасына, Ақылдың қараңдаршы данасына. Қалдырып кетем бе деп Ақбоз атты, Кеп кірдім мировойдың қорасына.   Ақбозат білінбейді біздің сорға, Жануар, түстің бе әлде жайған торға?.. Есігін конюшнаның бұзып кіріп, Шығардым бірі рысак, бірі жорға...   Ойласам, мына дүние жалған екен, Іздеген мақсатына барған екен. Ақбозға келерімді менің біліп, Есікке шойын құлып салған екен.   Оңдаған бала жастан менің жолым, Білмедім дүниенің оң мен солын. Бойыма осы күшім қалай сыйған, Құлыпты жұлып алды шолақ қолым.   – Ақбозат, айналайын менің қалқам! Сен үшін талай тасты қылдым талқан – Жетектеп шылбырынан шығарғанда, Аяған басты атым алшаң-алшаң.   Жылқыны неге керек босқа мақтап, Атты айт, мінген ерін жүрген сақтап. Тоғыз жыл топқа мінген жануарым, Иегін салды иығыма екі жақтап...   Атадан ұл тумайды мендей сабаз, Түрмеде қалды шіркін талай маңғаз. Мировой қорлығына шыдай алмай, Түбінде фонарының жаздым қағаз.   «Түрмеге алты күндей болдым қонақ, Сөйлеуге мизамыңды тілім олақ. Жорға мен Ақбозатты алып кеткен, Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ!». Жалынды жүрек, тегеурініне темір де шыдамас күш-қайрат, мұқалмас жігер, асқақ рух, пырақ тектес Ақбозат... Мұның бәрі қосыла келе Күн астында қос қанаты жарқ-жұрқ етер нағыз поэзияға, көкке шаншыла өрлер өзгеше әнге айналмай ма?!.. Олар тұтаса, тұлғалана келе Балуан Шолақ болып кетеді... Балуан Шолақ демекші, Нұр­мағамбетке осындай лақап аттың тағылуы жайлы әрқилы әңгі­ме бар. Жамбыл атамыз жақсы көргендіктен «Балуан Шолақ» деп атап кеткен Сәбит Мұқанов өзінің әйгілі хикаятында мұндай атты оған әкесі Сағынайдың асында атақты Паң Нұрмағамбет берді дейтіні белгілі. Үш жүзге сауын айтылған ол айтулы ас берілген 1876 жылы Нұрмағамбет небәрі 12-ақ жас­та болған екен. Мұншалықты баланың атақты түрде балуанмен белдесуі еш қисынға келмейтін сияқты. Және де ол өз өлеңінде: – Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ, Оң қолым отқа күйіп болдым олақ, – дейтіндей Нұрмағамбет балуан ретінде танылған кезінде саусағының кемістігіне орай Балуан Шолақ деген атауын халықтың өзі берді деу шындыққа сай келетін секілді. Қалай болғанда да осынау есім бар қазақтың жүрегіне мейлінше ыстық, баршаға рух беретіндей қасиетті атқа айналғаны анық! Бірсыпыра деректерге қарағанда арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты дейтіндей жас ұланның алғаш рет балуан ретінде топқа түсуі 15 жасында, 1879 жылы Шортанның (Щучинскінің) базарында Қорған жақтың бір байбатшасына ере келген көк көз, ақсары дәу ақшаға күресіп, казак-орыс пен қазақтың небір мықтыларын жер қаптырып жатады. Жасөспірім Нұрмағамбет үлкендердің «кәпір кәпірлігін істеп, бір жеріңді мертіктіріп жүрер, қой» дегеніне қарамастан белдесіп, түкті кеудені астына басады. Қаршадай басымен ә дегеннен-ақ туған ел-жұртының абыройын осылайша асырған оның атақ-даңқы тез жайыла бастайды. Ендігі бір әйгілі күресі 1895 жылы ол кезде ұлы князь, кейіннен Ресейдің ең соңғы патшасы II Николай Омбыға келгенде болады. Балуандардың бәрін қирата жеңіп, ең соңында атақты Каронның қабырғасын қаусатады. Қазақ жігітінің ғажайып ерлігіне риза болған болашақ патша аты жазылған алтын сағат сыйлайды. Бұл сыйдың кейін ұлықтар мен опасыз болыстардың талай бәлесінен құтылуына да септігі тиеді. Осы жеңістен кейін Шөкең алғаш рет: – Бұл күнде отыз бірде менің жасым, Қамалдың бұзатұғын тау мен тасын. Залог сап жетпіс бес сом күрескенде, Сындырдым Карон балуан қабыр­ғасын, – деп өлеңдеткен екен. Мұны ол кейін қайталаған кезінде сол тұстағы жас мөлшеріне қарай «қырық тоғызда... елу бірде...» дегендей өзгертіп айтып жүрген көрінеді. Асылы Нұрмағамбет атамыз өзінің сүйікті інісі, қазақ даласының тағы бір атышулы алыбы Қажымұқандай бірыңғай күреспен айналысуды кәсіп етпеген. Ал жастау кезінде Ресей им­периясының орталығына барып күш сынасқанда атағы айдай әлемге таралар ма еді, кім білсін. Оның есесіне төсіне тас қойғызып балғамен ұрғызу, бұлшық еттерін тістету, сом темірді майыстырып білекке, мойынға орау, болат құбырды бырт-шырт сындыру, атпен шауып келе жатып оның сауырынан өтіп ерге қайта отыру секілді басқа да қайран қаларлық өнерлері елге жиі көрсетіліп, қазақ даласында цирктің негізі қаланып еді... Жаратушы Алла оны тәннің ғаламат қуатымен келетін осындай сан қырлы өнердің өрде озар ақтаңгері етіп қана қоймай, оған қай заман, қандай қияметте де шыңдалып шиыршық атпаса мүжіліп мұқалмайтын асқақ та асыл рух беріпті. Ал мұндай рух мына жалған дүниенің қай қапасына болса да қамалып, етегін жасқа, көкірегін шерге толтырып отыра алмайтыны хақ. Қандай зұлматқа болса да қасқайып қарсы тұрып, Махамбет атамызша айтқанда, «ақырып теңдік сұрайды», Шерхан ағамызша айтқанда, «ноқтаға басы сыймайды». Балуан атамыздың «қамалдаң бұзатұғын тау мен тасын» деуінде үлкен астар жатыр. Ол бұл сөзбен өзі бір-екі рет қамалып шыққан ақ патшаның абақтысын айтып отырған жоқ, рухани азаттықты берсе қолынан, бермесе жолынан алуды мақсат тұтатынын меңзеген. Осындай мақсат-мұрат жүрегінің еркіндік кеңістігін үздіксіз, үзіліссіз тілеуі Адамата-Хауанадан бергі адамзаттың ең үздік өнеріне мейлінше еркін де іркіліссіз алып келді. Ол – ән мен өлең, өлең мен ән, қазақ топырағында айрықша өркен жайған қайталанбас қызыл-жасылды қымбат көрініс – сал-серілік еді. Тоғыз жасынан бастап Арқаның әсем әндерін әуелеткен Балуан атаның сазгерлігі де ерте басталғанға ұқсайды. Табиғатынан өжет, өзіндік ой-пікірі ерте оянған ол Көкше өңірі аспанындағы жарқыраған жұлдыздар іспетті Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай секілді саңлақтар сарыны, өнер үлгілерімен ғана шектеліп, өз үнін құмықтырып, жарық дүниеге жар салмастан тұра алмас та еді. Осындай жаратылыстық жағдайынан болса да сазгерлік таланты ертеден ашылып, дүйім елге таныла бастаған тәрізді. Бүгінгі күнге жеткен әндерінің ұзын саны 50-ге жуықтайды екен. Төрт әнін алғаш рет нотаға түсіріп, 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 100 әні» атты жинақта жариялаған – ұлтымыздың музыка өнерінің үлкен жанашыры Александр Затаевич. Ол кітабында: «Балуан Шолақтың мен жазып алған әндерінің ішіндегі тамашасының бірі – «Сарын». Бұл өзінің виртуоздығымен, көсіле шырқалатын қасиетімен ерекшеленеді» дейді. Балуан әндерінің келесі бір түгендеушісі Борис Ерзакович екенін зор алғыспен еске алу ләзім. Ол сонау 1938 жылы музыкалық фольклорды жинау мақсатымен құрылған экспедициямен Көкше өңіріне келіп, Шөкеңнің бірталай әндерін жазып алады, түр-түсі жағынан әкесіне өте ұқсайтын, Шөкеңнің өзі «әттең, Бәтенім ұл боп туғанда ғой!» деп өкінетін сүйікті қызы Бәтима – Бәтеннің отбасында болады. Ал 1952 жылы атақты абыз ата, әнші, сазгер Кенен Әзірбаевтің орындауында 11 әнін нотаға түсіреді. Асыл мұраны жинауға Зейнұр Қоспақов, Гүлнар Молдашова, Талиға Бекқожина сияқты музыка мамандары да елеулі үлес қосады. Балуан Шолақ әндеріне оларды жадынан шығармай, таңдайынан тас­тамай жүрген халқымыз өз бағасын көп заманнан бері беріп келеді. Саз өнерінің майталмандары – корифейлері әр кездері айтқан пікірлері де аса құнды. «Ғалия» әннің төресі, үлкен жүректен, шынайы сезімнен шыққан ән. Мұнда лирика да, ғашықтық, ынтықтық сезім де, Балуан Шолаққа тән алапат күш те бар», деген ұлттық мәдениетіміздің ұлы қайраткерлерінің бірі академик Ахмет Жұбанов. «Балуан Шолақ әндері мені еркекке лайық өзіндік әуенді – ырғағымен, күрделі ритмикалық әуезімен және поэтикалық өлеңнің қуаты әрі батырға тән рухымен баурап алған-ды», деген Борис Ерзакович. Балуан Шолақ әндерін көздің қарашығындай сақтап, шеберлікпен орындап халқымызға қайта сыйлаған Кенен Әзірбаев, Тұрысбек Елеубеков, Молдахмет Тырбиев, Мұса Асайынов, Игібай Әлібаев, Қосымжан Бабақов, Елубай Өмірзақов, Нұғыман Әбі­шев, Мұхтар Өтебаев, Мағауия Көш­кінбаев, Жәнібек Кәрменов секілді өнерпаздардың рухтарын асқан разы­лықпен және бір еске алып, Қайрат Байбосынов бауырымыз бастаған бүгіндегі бірталай өнер өрендеріне алғыс айтсақ керек-ті! Бұл ретте сон­дай-ақ Шөкеңнің Жетісуды аралаған кезінде шығарған «Сусамырдағы ән», «Қырғыздағы ән», «Қаратауда қалың ел», «Жетісумен қоштасу әні» сияқты бұрындары жалпы жұртқа белгісіздеу болып келген шығармаларын жинас­тырып, саздық қазынамызға қосып кеткен көрнекті қаламгер Балғабек Қыдырбекұлы ағамыздың рухына да бас ию ләзім. Балуан Шолақ қасына інісі Тәуекел бастаған сегіз серік алып Алатау атырабына 1914 жылдың жазында келеді де сондағы жалпақ елді, бұрынғы ата-бабалары өсіп-өнген өлкені, тіпті, бауырлас қырғыз елін де армансыз аралайды. Өзінен бұрын дабысы жеткен даңқты ұлын мұндағы жұрт хан көтеріп қарсы алады. Бір ғана атақты Ноғайбай ауылында екі айдай думан құрады. Сәт, Мәңке, Дәуітәлі, Байболат, Қожбанбет, Бұралқы, Керімбай секілді жақсы-жайсаңдардың ардақты қонағы болады. Риясыз сый-сияпат көреді. Аталас ағасы Жылысбай бай секілді кісілер тайтұяқ алтын , үйірлі жылқы сыйлайды. Елдің құрметіне риза көңілден ән-өлең туады. – Баймырзаның баласы Балуан сері, Араладым Үйсінді ары-бері. Жетісудың жеріне аунаған соң, Тарқап кетті ішімнің қайғы-шері, – дейді. Сері мұнда да өндірдей өнерлі жастардың басын қосады, Арқаның інжу-маржан әндерін үйретеді. Бейсе­бай Қаратайұлы, Бейсенбай Үмбет­байұлы, Кенен Әзірбайұлы, Шүкітай Әбдікәрімұлы секілді талантты ізбасар­лар табады, әсіресе, Кененді қасынан тастамайды. Әлі есте, 1959 жылғы маусымда Кенен атаның үйінде болғанымда ата-тегімді сұрап біліп: «Айналайын, менің Кенен болуыма шарапаты тиген Балуан Шолақ ағамның аталас ұрпағы екенсің ғой! Қане, бетіңнен сүйейінші», – деуінің өзінде де Шокеңе деген шексіз құрмет, тәнтілік жатса керек. «Менің ұстаздарым Сарыбас, Жамбыл, Балуан Шолақ» деп отырар еді киелі қария... Балуан Шолақ Көкшетаудан алыс­тағы Алатау мен Қаратауға ат арытып, тон тоздырып неліктен келді? Желігін мезгіл желі ұшырғанмен солығы басыла қоймаған сал-серілік сейілі ме?.. Жоқ, бас­ты мақсаты жасының егделікке беттеген шағында болса да ата-бабаларының байырғы мекенін көріп, ондағы туыстарын тауып танысып қайту болатын. Осы ретте Шөкеңнің ата тегін, онда да тікелей қатыстыларын қайталай кетейік. Үйсіннің ұлысбегі Бәйдібектің Домалақ Ана атанған әйелі Нүриләдан туған Тілеуберді-Жарықшақ, Жарықшақтан-Дулат, одан Шымыр, одан Бекболат. Бекболаттан-Қарымбет, одан Сәмбет. Сәмбеттен-Қосы. Ол ұлы Төле бидің төңірегіндегі батырлардың бірі, Аңырақай шайқасына мыңбасы ретінде қатысқан. Сол Қосы батырдың алты ұлының кенжесі (жеңгелері Кенжесары деп атаған) Қойайдар жеті жасында Төле бидің көзіне түсіп батасын алған, кейін белгілі батыр, би болған. Қойайдардан Досмамбет, одан Сейтімбет, одан Есентай. Есентайдан Қазанғап, одан Жарықшақ, одан Баймырза. Баймырзадан Нұрмағамбет – Балуан Шолақ!.. Ал Хантауы етегіндегі Далақайнар, Бұлан­байды жайлайтын сәмбеттің Тулақ батыр бастаған бір шағын ауылының сол бір алмағайып заманда солтүстікке үдере көшуіне себеп Қазақ елінің оңтүстігін отарлап отырған қоқандықтардың көрсеткен қорлығына төзбей, олардың төрт-бес өкілінің көзі жойылуы еді. Көп азаппен Көкшеге жеткен ағайынға мұндағы ақсары керей мен арғынның атығай, қарауылы өзара келісіп кең қоныс береді. Сөйтіп Үйсін ауылы пайда болып, онда Есентайдың Қазанғабы да ержетеді, екі әйелінен он ұл сүйеді. Немересі Баймырзаны Абылай ханның қарауылдан шыққан айтулы батыры Қанайдың тікелей ұрпағы Қалампыр сұлуға үйлендіреді. Екі жағынан да осындай текті, Арқа мен Алатау, Алтай мен Атырау арасындағы күллі қазақ­тың Балуан Шолағы нағыз кемел шағында, екі-үш-ақ күн ауырып, 1919 жылғы 18 қаңтарда қайтыс болады. Ағайындары Шөкеңнің тізесі батқан қарашекпенділер мәйітін қорлар әрі қазақ қаһарманының жоқтығын білсе жығылған жалдары күдірейіп шыға келер деп жасырып жерлейді. Кейініректе Жайық Бектұров, Марат Нәбиев секілді игі-жақсылар бейіттің басын қарайту жөнінде біраз әрекеттер жасайды. Бірақ тек Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ел ес жиған соң Балуан атаның 140 жылдығы аталып ас беріліп, 2005 жылы Жамбыл облысы жұртшылығының күшімен сәулеткерлік өнердің үлгісіндей биіктігі жиырма метрге жуық стела, сегіз қырын бейнелейтін гранитті шағын төбе орнатылды. Құдайға шүкір, Қаныкей бәйбішесі екеуінің бүгінде Исажарынан да, Құдайбергенінен де тараған немере, шөбере-шөпшектері өсіп-өніп жатыр. Амандық болса, биыл ұлы аталарының 150 жылдығын ел-жұрттың ортасында атап өтпек... ...Әдетте Балуан атамызды еске алған сайын менің көз алдыма ол кісімен қатар Махамбеттің ой-қиялымдағы, Бауыржанның көзімен көрген бейнелері елестейді де құлағымда Фирдоу­сидің өзім аударған мына сөздері жаң­ғырығады: – Ұмыт болар бәрі мына опасы жоқ жалғанда, Екі-ақ нәрсе ел есінде қалып жатса таң қалма: Қаһарманның ерлігі мен асыл сөзі дананың, Өте берер бұзып-жарып ғасырлардың қамалын... Арғынбай БЕКБОСЫН.