22 Мамыр, 2014

Атбасар ауданында жаңа үйлер салынуда

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ақмола облысы әкімдігі тарапынан Атбасардағы су тасқынынан зардап шеккендер жайы мен қай­та құру жұмыстары күнделікті ба­қылауда ұсталуда. Бүгінгі күнге де­йін 379 тұрғынға материалдық, 107 адамға қаржылай көмек көрсетілді. Құрамында 141 мүшесі бар 41 отбасы жалға алынған пәтерлерге қо­ныс­тандырылған. Сондай-ақ, гуманитарлық көмек есебінен 529 тұрғынға азық-түлік пен киім-кешек үлестірілді. Бұл жөнінде облыс басшысы Қосман Айтмұхаметовтің кезекті сапары барысында толық мағлұмат алдық. Облыс әкімі қаладағы №1 және 5 мектептерде тұрғындармен кездесу өткізіп, әрбір кісінің сұрағына нақты жауап қайтарды. Мұнда зардап шеккендерді уақытша қоныстардан жалдамалы пәтерлерге ауыс­тыру жайы өзекті болып отыр. Бұл бағытта, қаржы көздерін топтастыру арқылы, қолда бар мүмкіндіктің барлығы жұ­мылдырылатыны, көп ұзамай жаңа үйлер де бой көтеретіндігі айтылды. Журналистер су тасқынынан зардап шеккен аумақты аралап көріп, облыс әкімі өткізген мәжіліске қатысты. Онда облыстық басқармалар басшылары мен Атбасар ауданының әкімі Ж.Нұркеновтің есептері тыңдалды. Аудан әкімінің айтуынша, бүгінгі күні жолдар мен ғимараттарды қал­пына келтіру және құрылыс жұмыс­тарын жүргізуге қажетті барлық сарап­тамалық-техникалық құжаттар әзірленіп қойылған. Бүгінгі күні су шайып кеткен 18,3 шақы­рымдық жолға ағымдағы, 3,1 шақырым­дық жолға күрделі жөндеу жұмыстары қолға алыныпты. Қалпына келтіру барысында 3 су өткелін жөн­деу жұмысы да жоспарланыпты. Ең қуаныштысы, зардап шеккен тұр­ғындарға арналып 45 пәтерлік екі үйдің құрылысы басталғанын айтуымыз керек. Облыс басшысы мердігер компаниялардың сапа көрсеткіштерін жақсартып, уақытты тиімді пайдалу қажеттігін тапсырды. Жалпы, зардап шеккендерге арналып Атбасарда 45 пәтерлік төрт үй салынады және бұрынғы медициналық колледж­­дің жатақханасына қайта құру жұмыстары жүр­гізі­ліп, онда 29 отбасы орналастырылады деп жоспарлануда. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Атбасар қаласы.