Экономика • 11 Қазан, 2022

Қайырбек Өскенбаев Abu Dhabi Ports Group компаниясының өкілімен кездесті

186 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Abu Dhabi Ports Group компаниясының басқарушы директоры Мохаммед Жума Аль Шамисимен кездесті. Басқосуда Ақтау және Құрық порттары мен «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағын дамыту бағыттарын талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қайырбек Өскенбаев Abu Dhabi Ports Group компаниясының өкілімен кездесті

Қайырбек Өскенбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес және Транскаспий көлік маршрутын дамыту тұрғысындағы міндеттерге орай ИИДМ өңірдегі теңіз порттарының инфрақұрылымын кеңейту бағытында бірқатар нақты жұмысты жүргізуде.

Қазіргі күнде Ақтау порты айлағын кеңейту және Құрық портындағы паром кешені құрылысы жобалары сәтті жүзеге асырылды. Бұл өз кезегінде Каспий маңындағы елдер мен Транскаспий халықаралық көлік бағдары және «Солтүстік-Оңтүстік» маршруты бойынша жүк тасымалы ағынын арттыруға зор септігін тигізді. Бүгінде қазақстандық Ақтау және Құрық порттарының жылдық жүк тиеу көлемі 21 млн тоннаны құрайды. 

Аталған порттарды одан әрмен дамыту мақсатында министрлік бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Атап айтқанда, 2025 жылға қарай Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб құрылмақ.

«Стратегиялық маңызы зор жоба «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізілген. Жобаның тартымдылығын арттыру үшін ол «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында шетелдік инвесторлармен бірлескен кәсіпорын форматында іске асырылмақ. Жобаның жалпы құны  – 13,7 млрд теңге. Хабты 2025 жылға қарай іске қосу жоспарланған. Жоба контейнерлік жүк тасымалының көлемін жылына 40 мың жиырма фунттық баламадан 215 мыңға дейін арттырмақ», деді Қайырбек Өскенбаев.

Сондай-ақ ведомство басшысы порттық инфрақұрылымды дамыту аясында 2025 жылға қарай Құрық порты маңында «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы құрылысы жоспарланып отырғанын жеткізді. Аталған жоба астық сақтайтын және әмбебап мақсаттағы, сондай-ақ көлемді жүк терминалдары мен көлік-логистикалық орталығының құрылысын қамтиды. Теңіз терминалы еліміздегі порттардың жүк тиеу мүмкіндігін қосымша 9,4 млн тоннаға дейін арттырмақ.

«Жобалар жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Егер де сіздер тараптан жобаға қызығушылық туындаса, біз қандай да бір ұсыныстарыңызды қарастыруға ниеттіміз», деп атап өтті министр.

Сонымен қатар ол Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның сауда-экономикалық саласындағы негізгі стратегиялық әріптесінің бірі екендігіне назар аударып, Мохаммед Жума Аль Шамисидің елімізге сапары мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрмен арттыруға серпін беретіндігіне сенім білдірді.

Тағы бір айта кетерлігі, іс-сапар аясында Abu Dhabi Ports Group басқарушы директоры Ақтау және Құрық порттарына арнайы барып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.