Ақтөбе облыстық сотында үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында облыс соттарының атқарған жұмысы және азаматтық сот өндірісіне судьяның қатысуымен бітімгершілік рәсімдерді (сот медиациясы) енгізудің қанатқақты жобасын түсіндіруге арналған баспасөз мәслихаты өткізілді.
Онда облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов сот істері бойынша статистикалық деректер мен қаралған істер бойынша жаза тағайындау, сотқа көп түсетін істер санаты, электронды сот ісін жүргізу жөнінде мәліметті жариялап, сот медиациясы қанатқақты жобасын түсіндірді. Содан кейін кеңсе басшысы Әсет Мәмбетовке сөз берді. Ол өз кезегінде Жоғарғы Сот арқылы іске қосылған орталықтандырылған жергілікті соттардың интернет ресурсы бойынша жаңалықтар – Саll-орталығы, істердің қаралуы, сотқа барудың картасы, Жоғарғы Сотта игерілген бейне-трансляция, алдағы уақытта енгізілетін онлайн қабылдау бойынша ақпарат беріп, халыққа қызмет көрсетуде сот жүйесінің біршама ілгерілегенін атап өтті.
Осы кезеңде Ақтөбе облысының соттарымен сот төрелігін жүзеге асыру, сапасын көтеру мен сот істерін жедел қарау, сондай-ақ, мемлекеттік және орындаушылық тәртіпті көтеруге бағытталған бірқатар кешенді шаралар жүзеге асырылған. Сот ісін электронды жүргізу бойынша насихат жұмыстары да белсенді жүргізіліп келеді екен. Облыс соттарында 1010 талап-арыз электрондық нұсқада қабылданған. Сондай-ақ, көрсетілген кезеңде облыс соттарында 3585 сот мәжілісі үн-бейне жазба құрылғысын қолдану арқылы өткізілген, 2013 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 2531-ді құрапты. Бірінші тоқсанда облыс соттарымен тараптарға 2249 СМС хабарлама жолданса, «Электрондық бақылау жүйесі» қанатқақты жобасымен соттарға өз істері бойынша ақпарат алу үшін барлығы пароль алуға 28 азамат арызбен жүгінген.
Өткен кезеңде облыс соттарымен барлығы 585 қылмыстық іс қаралған. Сотталғандардың басым көпшілігі ұрлық, тонаушылық, бұзақылық, денсаулыққа қасақана ауыр және орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін жазаланған. Азаматтық іс жүргізу өндірісінде тұрғын үй және отбасы даулары басым, соның ішінде алимент өндіру бойынша даулар, сондай-ақ, несие мәселелері, салық төлемдері бойынша салық органдарының талаптары, шарттық міндеттемелер және мемлекеттік сатып алу туралы даулар баршылық.
Баспасөз мәслихатына қатысқан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бірқатар сұрақтарына нақты жауап берілді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.