Қоғам • 11 Қазан, 2022

«Мен әжемін, ұрпағын әлдилеген»

510 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Отан отбасынан басталады» десек, ұрпақты бала кезінен отансүйгіштікке, отбасы құндылықтарын сақтауға үйретуде ардагерлеріміздің орны ерекше. Еліміздің ертеңі, болашағы – балаларымыз үшін апа-әжелер баға жетпес байлық, өлшемі жоқ ғибрат. Жамандық атаулыдан сақтайтын, бейнебір ақылдың кеніші саналатын әжелердің қашанда ұрпақ тәрбиесінде ойып алар орны бар.

«Мен әжемін, ұрпағын әлдилеген»

Қазақ қарты жасына лайық аузы дуалы, сөзі уәлі, ісі берекелі, ақылы керегедей кең болып келеді. Осындай ұлағатты да мәнді сөздерімен Қала күніне және 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Тараз қалалық әкімдігінің қолдауымен, қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» атты әжелер сайысы үлкен белсенділікпен өтті.

Сайысқа қатысқан бес әженің барлығы да үлкен жауапкершілікпен, даярлықпен келгендіктерін паш етіп, көрермендердің ризашылығына бөленді. Яғни апа-әжелеріміздің қолынан келмейтін іс жоқ екен. Олар ән мен жырдан ғана емес, қол өнерімен де бірінен бірі асып түсіп, көздің жауын алған кестелі орамалдарын, құрақ көрпелерін, зермен көмкерілген мамық көпшіктері мен тоқыма киім-кешектерін, т.б. бұйымдарын жұртшылық назарына ұсынды. Бұған қоса, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер жайлы ой-пікірлері де жиналған көпшіліктің көңілінен шықты.

Қорытындысында Якул Шуақ көрермен көзайымына айналған «Сүйкімді әже», Нәзипа Садықова сыны кетпеген, өнеге алатын «Инабатты әже», Айнұр Нүкісбаева бесік жырын төгетін «Өнерлі әже», Ғалымхан Құсайынова үйретуден жалықпаған «Парасатты әже», Гүлмира Қарабаева мейірімін төккен «Мейірімді әже» деп танылып, барлығы да ортақ жеңіске қол жеткізді.

Байқауды қорытындылаған Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова сайысқа қатысқан аяулы әжелерге сый-сияпат жасады.

 

Алдаберді МАҚАШЕВ,

Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

 

Жамбыл облысы