VII Астана экономикалық форумы аясында өткізіліп жатқан форумдар мен конференциялармен қатар тағы бір ерекше шара өтті. Ол шара жаһандық энергетика, халықаралық саясат пен экономика салаларындағы сарапшы Дэниел Ергиннің «ҚАЗЫНА. Мұнай, ақша және билік үшін күрестің бүкіләлемдік тарихы» атты әлемдік бестселлерінің қазақ тіліндегі басылымының тұсаукесері болатын.
Тұсаукесер рәсімін ашқан «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов атақты америкалық автор Дэниел Ергиннің «Қазына» атты кітабының қазақ тілінде жарық көруі Астана экономикалық форумының ашылуымен тұспа-тұс келуінде өзіндік бір мән бар екенін айтты. Әлемге әйгілі еңбектің аударылуы қазақша экономикалық әдебиеттің кәсіби тұрғыдан біліктілікпен жазылуына, бұл тақырыптағы терминологияның орнығуына игі әсер ететіндігі анық. «Қазынаның» әлемдік бестселлер екендігі дау туғызбайды, деді. Бұған дейін 17 тілге аударылған бұл туынды жайында 700-ден астам кітаптарда, мақалаларда, диссертацияларда әңгіме етіледі. Кітап бойынша жалпы көлемі 6 сағаттық деректі сериал түсірілген. Фильмді тек АҚШ-тың өзінде 20 миллион адам көріпті. АҚШ энергетика министрінің консультациялық кеңесінің мүшесі, Энергетика саласындағы стратегиялық зерттеулер жөніндегі арнаулы комиссияның төрағасы болып табылатын Дэниел Ергин – халықаралық саясат, экономика мен қуат көздері мәселелерінде беделді тұлға. «Қазына» кітабы үшін автор Пулитцер сыйлығының лауреаты атанған. Бүкіл әлемде журналистика саласындағы ең беделді сыйлық Дэниел Ергинге осындайлық салмақты, осындайлық ауыр тақырыпты өте шеберлікпен, қызықты, тартымды етіп жаза алғаны үшін берілген.
Тұсаукесерде сөз алған Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов Д.Ергиннің форум жұмысына қатысып, кітап тұсаукесеріне қатысуы үлкен абырой екендігін жеткізе отырып, алғысын айтты. Энергетика жөнінде жаһандық сарапшының көмегіне мұнай ерекше орын алатын елдер көмегіне жүгінетінін атап өтті. Посткеңестік елдерде де белсенді қызмет атқаратын Д.Ергиннің Қазақстанда да бірнеше мәселелер бойынша кеңесші болғандығын жеткізді. «Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін мұнай державасы атанды, осы уақыттан бастап мұнай өндіретін ірі 20 ел қатарына енді. Қазақ халқы да мұнай индустриясында танымал бола бастады. Сондықтан бұл кітаптың мұнай шығарушы елдерде, соның ішінде қазақ тілінде де шығуы міндетті болатын. Осылайша міне, бүгін осы кітаптың авторы Д.Ергинмен бірге тұсаукесер өткізіп отырмыз. Бұл өте үлкен еңбек. Аудармасын маңдайалды аудармашылар тобы жасады. Олар осы кітаптың өте нәзік деген тұстарын орайлы сөздермен нақты бере алды деген ойдамын», деді ол.
Танымал қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Нұрлан Оразалин, белгілі тілші-ғалым Шерубай Құрманбайұлы кітап туралы пікірлерін ортаға салды.
Кітап авторы алғысын айта отырып, Астанаға келгеніне қуанышты екендігін жеткізді. «Маған «Қазына» атауы ұнайды, себебі, бұл кітап менің жеке қазынам. Сондықтан бұл кітапқа берілген рецензиялардың ішіндегі ең жақсысы осы секілді. Ойлы сөздеріңізге, менің жазу өнеріме берген сипаттамаларға рахмет. Бұл кітапты қазақ тілінде жариялау Қ.Келімбетов мырза екеуміздің арманымыз болатын. 2-3 жыл бұрын басталған ой бүгін жүзеге асты. Сондықтан шын жүректен Қазақстанда қазақ тілінде оқырмандарға жол тартқандығы үшін қуаныштымын», деді ол. Суреттеме сипатында болғандықтан кітап өте көлемді. Сондықтан аудармашыларға, баспаға да ілтипатымды білдіремін. Кітапты мен өз қолыммен қаламмен 7 жыл жазып шықтым. Егер қолмен емес, компьютерге теру арқылы жазсам бұдан да көлемдірек болар ма еді, деді Д.Ергин.
Тұсаукесер рәсімін қорытындылай келе, Сауытбек Абдрахманов Интернеттегі «Билл Гейтс: Мені ойландырған он кітап» деген материалдан осы кітап туралы «Бұл – ғажайып кітап. Мен оны оқуды энергетика мәселелеріне қызығушылық танытатын барша жұртқа табанды түрде ұсынар едім. Дэниел Ергин сізге өзіміздің энергетикалық болашағымызды қалыптастыратын бүкіл динамиканы да, көңілге аздап болса да оптимизм ұялататын инновацияларды да тамаша түсіндіріп береді» деп айтқанын алға тарта отырып, «Әлемдегі №1 миллиардердің сөзіне сенгеніміз дұрыс шығар», деп тұсаукесерді аяқтады.