Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, соңғы 3-4 жылда ведомство аясында ақпарат жүйесі бойынша көп жоба іске асырылды.
«Атап айтқанда, «E-Salyq Azamat» жобасы – жеке тұлғаларға жеңіл түрде ақпарат алуға, декларация тапсыруға қызмет түрін алуға қолайлы жаңа жүйе. Қазіргі кезде оны 1,5 млн-ға жуық адам қолданып отыр. Бұл сұранысқа ие жүйе. Сондай-ақ «E-Salyq Виѕіпеѕѕ жүйесі» кәсіпкерлерге қызмет түрлерін алуға, өлшемдерін өзгертуге, декларация тапсыруға, басқа да қызмет көрсетуге арналған. Үшінші жоба – «Астана-1» жобасы. Айта кетейік, кедендік рәсімдер 3-4 жылда толық автоматтандырылды. Декларациялар 100 пайыз электронды түрде тапсырылады. Келесі жоба бір терезе қағидаты бойынша енгізілген жоба. Оның мақсаты – барлық рұқсаттама қағаздарын ортақ кедендік жүйеге қосу арқылы тез қызмет көрсету. Нәтижесінде қызмет көрсету уақыты 6 есе қысқарды», деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, тәуекелдерді басқару жүйесі салық жүйесіне де, кедендік жүйеге де енгізілді. Бұл қосылған құн салығын қайтарған кезде, тексеріс процестерін жүргізген кезде қолданылады.
Сондай-ақ вице-министр жаңа Салық кодексі шеңберінде салық төлеушілердің қызмет түрлері мен мөлшерін саралау бөлігінде салық ставкалары өзгеретінін айтты. Қазіргі арнайы салық режімдері де қайта қаралады.
«Ынталандыратын режімдердің жаңа түрлерін енгізу қажет. Олар аз, бірақ оны түсіну және міндеттемелерді орындау оңай болады. Осы жұмыстың барлығын жұмыс тобының сарапшыларымен бірге жүргіземіз. Бүгінде 2030 жылға дейінгі жаңа салық саясатының тұжырымдамасы дайындалып жатыр. Бұл Ұлттық экономика министрлігінің қамқорлығымен жаңа Салық кодексінің негізіне айналады», деді ведомство өкілі.
Ол есеп беру кезеңінде ақпарат баяу ұсынылатынын немесе жүйе істен шығуы мүмкін екенін, сондықтан жаңа платформалық шешімге көшу керегін атап өтті. Бұл салық жүйесіне ғана емес, кедендік әкімшілендіру жүйелеріне де қатысты. Мемлекеттік сатып алу бойынша да мәселе бар. Бұл процесс толығымен автоматтандырылған, соған қарамастан процестің өзіне шағымдану, конкурс өткізу, бағалау бойынша сұрақтар туындайды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы осы ұсыныстардың барлығын ескеріп, тиісті заңдарға өзгерістер енгізу міндетін қойған еді.
«Мұндай міндеттерді шешу үшін өз жұмысымызды толығымен қайта қарап, бақылау функцияларына емес, қызмет көрсетудің сервистік моделіне бағдарлануымыз керек. Осы бағытта жұмыс істейміз, сервистерді кеңейтеміз, IP арқылы қызметтеріміздің бірқатарын аутсорсингке береміз. Бұл – мемлекеттік қаржы секторы емес, екінші деңгейдегі банктер, «Азаматтарға арналған үкімет». Мысалы, қазір Kaspi және Halyk Bank қосымшаларындағы берешек, салық сомасын нақтылау жөніндегі қызметтер кеңейтіледі. 20 банкпен келісім бар. Олардың ресурстарын жүйелі түрде қолданамыз, өйткені адамдар қаржы институттарының қызметтерін пайдаланады. Егер қосымшаларда барлық қызмет болса, өз жүйелерімізді жеңілдетеміз және салық төлеушілерге ыңғайлы болады. Жалпы, бір рет басу арқылы төленетін салық туралы Push хабарландыруларға көшпекпіз. Сонымен қатар алдағы уақытта Wildberries, Яндекс, Glovo интернет платформаларын пайдалануға ниеттіміз. Осы платформалармен өзара әрекет етіп, ауыртпалықсыз салық салуға көшеміз. Осылайша, салық төлеу ыңғайлы, қарапайым және бизнеске жүктеме болмас үшін ақпараттық қызметтердің барлық мүмкіндігін пайдаланамыз», деді вице-министр.
Ведомство өкілінің айтуынша, кедендік әкімшілендіру кезінде жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Шекарадағы бақылауды инспекциялық-тексеру кешендері «жүзеге асырады». Бұл – рентген аппараттары. Ал суреттерді шекарада тұрған адам талдайды.
«Бірақ әлем бір орында тұрмайды, жүк көлігінде жиһаз ба, азық-түлік пе, оны анықтайтын жаңа бағдарламалар енгізіліп жатыр. Дәлсіздік, қателік, субъективизм алынып тасталады. Біз осындай бағдарламаларды неғұрлым көп енгізсек, шекарада сыбайлас жемқорлық азаяды, өзара саудадағы алшақтық төмендейді. Біз оған жетеміз. Инспекциялық кешендерден басқа, инновациялар тексеру кезінде жүргізілетін аудио, бейнетүсірілімдерге де қатысты болады. Бұл түсірілімдерді астананың бір жеріндегі ахуалдық орталықтағы инспектор емес, «бағдарламалық өнім» талдайды. Олар қазірдің өзінде бар. Бүгінде жұмыс жүргізілуде, келесі жылы алғашқы нәтижелері болады деп ойлаймын. Кедендік ресімдеу кезінде ақпаратты алдын ала алуымыз да маңызды», дейді.
Қазір осы мақсатта көрші елдермен келісім жасалуда. Егер бәрі ойдағыдай атқарылса, онда қазақстандық тарап жүк көлігі шекараға келгенде оның салмақ параметрлерін, өнім атауын, жіберушіні, соманы, барлық деректі біліп тұрады. Бұл – кедендік декларацияларды алдын ала толтыру және оны тез тазарту үшін басты негіз.
Министрлік өкілінің хабарлауынша, қазір жұмыс тобы жаңа Салық кодексін әзірлеуге кіріскен.
«Оның шеңберінде шоғыр- ландырылған шешімдерді әзірлеу үшін бизнеспен және халықпен тығыз жұмыс істейтін боламыз. Біздің тараптан Ұлттық экономика министрлігіне тиісті ұсыныстар, оның ішінде мынадай мәселелер бойынша жолданды: экономиканың түрлі секторларында сараланған салық мөлшерлемелеріне көшу; салық төлеуден жалтару тәуекелдерін барынша азайту мақсатында арнайы салық режімдерін жеңілдету; салық жүктемесін азайту мақсатында ұйымдардың әдейі бөлшектенуіне жол бермеу; теңдестік ставкілермен және қарапайым рәсімдермен бөлшек салықты қолдануды кеңейту; «сән-салтанат салығын» енгізу мүмкіндігін қарастыру. Жаңа кодекстің негізіне жататын 2030 жылға дейінгі жаңа салық саясаты жөніндегі тұжырымдаманың жобасы қалыптастырылуда», деді Е.Біржанов.