Әлем • 12 Қазан, 2022

Мысырда Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы өтеді

1479 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алдағы 2023 жылы Египет пен Қазақстан Мысырда Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл туралы Egemen.kz сайтына Қазақстан Республикасының Кайрде орналасқан елшілігі хабарлады.

Мысырда Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы өтеді

Ресми дерек көздеріне сүйене отырып, Қазақстанның Мысырдағы елшісі Қайрат Лама Шариф жаңадан тағайындалған Мысыр Араб Республикасының Мәдениет министрі Невин әл-Киланимен алғашқы ресми кездесуін өткізді.

Мысырдың Мәдениет министрі екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың ілгері тартқанына көңілі толатынын білдіріп, осы бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді қолдады.

Сонымен қатар кездесуде сұхбаттасушылар Қазақстан мен Мысырдың бай тарихи-мәдени мұрасы бар екенін атай отырып, мұрағат ісі саласындағы нормативтік құқықтық актілер, ақпарат және құжаттар, мұрағаттану, археография және құжаттану бойынша әдебиеттермен, сондай-ақ өзара мұрағаттық құжаттардың жарияланымдарымен алмасуға келісті.

Бұл бағытта Ұлттық мұрағат қорларын Қазақстан мен Мысыр халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы мәліметтерді қамтитын құжаттармен толықтыру мақсатында екі ел мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес олардың көшірмелерін бір-біріне сәйкестендіруге және беруге уағдаласты.

Елші Қайрат Лама Шариф өз кезегінде Мысырда қазақстандық реставраторлар мен басқа да мамандардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру туралы ұсыныстар енгізді.

Тараптар 2023 жылы Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті орта ғасырда Мысыр мен Шам елін даңқты билеген Сұлтан аз-Захир Бейбарыстың 800 жылдығын атап өту маңыздылығын атап өтті.

Осыған орай Қазақстан елшісі Мысыр Мәдениет министріне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген ұсыныстарын табыс етті. Нақты атқарылатын тірліктердің тізбесі төмендегідей.

Мысырда қандай іс-шаралар өткізу көзделініп отыр?

Сонымен бірінші кезекте Каир қаласында күрделі жөндеуден өткен Сұлтан аз-Захир Бейбарыс мешітін салтанатты түрде ашу жоспарланған. Әл-Азхар университетінде Мысыр мен Шам елінің Билеушісі Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілмек.

ХХХ Каир халықаралық қазіргі заманғы эксперименталды театр фестивалі шеңберінде Рақымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» спектаклі сахнада көрсетіледі. 

Мысыр тарихының Мәмлүктер дәуіріне арналған араб және қазақ тілдерінде энциклопедияны жарыққа шығару жоспарланып отыр.

Мысырда Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған мерекелік пошта маркалары шығарылады.

Қазақстанның жоспарлары қандай?

Астана қаласында Мысыр мен Шам елінде Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті қыпшақ даласының ұлы перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізіледі.

Қазақстан қалалары мен елді мекендердің көшелері мен алаңдарға, спорт сарайларына Сұлтан Бейбарыс есімін беру қарастырылады.

Қазақстанда да Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған мерекелік пошта маркалары шығарылады.

Астана, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан  қалаларында Мәмлүктер дәуірі туралы сыр шертетін Каирдің Ислам өнері музейінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылады.

Мысыр тарапы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне Мәмлүктер мемлекеті дәуіріндегі жәдігерлердің көшірмелерін жасап, сыйға тартады.

Барлық жоғарғы оқу орындарында Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған ғылыми конференциялар мен симпозиумдар өткізу, бұл шараларға мысырлық және араб мәмлүктанушы-ғалымдарды шақыра отырып, Сұлтан Бейбарыстың тұлғасын ұлықтау.

Атырау облысы әкімдігімен бірлесіп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Қыпшақ мәмлүктерін зерттеу Орталығы мен мұражай ашу, Маңғыстау облысы әкімдігімен бірлесіп, Ақтау қаласында Сұлтан әл-Мансур Қалауын комплексі үлгісінде мешіт салу мәселесін зерттеу қолға алынады.

Кәрі Каспий жағалауында «Сұлтан Бейбарыс – Ұлы Дала елінің Барысы» атты театрлық қойылымы ұйымдастырылады.

Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесіп, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Атлах-Талас шайқасынан Айн Жалұт шайқасына дейінгі кезең» атты Орталық Азия және араб тарихшыларының ғылыми симпозиумы өтеді.

2023 жылдың шілде айының бірінші жексенбісінде, яғни Домбыра күнінде «Сегіз ғасыр жырлайды» атты мәдени шаралар өткізіп, жыршылар мен мысырлық ауыз әдебиеті майталмандарының даңқты Сұлтан Бейбарыс пен басқа мәмлүктер туралы «Батырлар жыры» фольклор кештерін өткізу.

Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы шеңберінде көкпар, бәйге, жамбы ату, қазақша күрес, құсбегілік, асық, аударыспақ және тағы басқа көшпенділердің ұлттық ойындарының халықаралық турнирлері өтеді.

Түркістан облысы әкімдігімен бірлесіп, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТЮРКСОЙ) қолдауымен, Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени алаңда «Сұлтан Бейбарыстың Ұлы Далаға оралуы» атты арт-фестиваль ұйымдастырылады.

Өз кезегінде Мысыр Мәдениет министрі Невин әл-Килани қазақ тарапының ұсыныс-пікірлерін қарастыруға және 23-25 қарашада Астана қаласында өтетін Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Мысыр Үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысында бірлескен шешім қабылдауды ұсынды.

Баршаға мәлім, 2022 жылғы 13 қыркүйекте Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «әл-Азхардың» Бас имамы Ахмед ат-Тайебті қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы келесі жылы Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толатындығын атап өтіп, мерейтойға дайындық аясында Қазақстан тарапы Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге айтарлықтай үлесін қосатынын айтты.